Нұрәлі Әлиев тағы бір компанияға иелік етеді
«Транстелеком» АҚ акцияларының 75 пайызы «Unit Telecom» ЖШС компаниясының меншігіне өтті. Ал бұл компанияның құрылтайшыларының бірі (құрушы) – Мәжіліс депутаты Дариға Назарбаеваның ұлы Нұрәлі Әлиев екені БАҚ-та жазылды.
Үкіметтің 11 ақпандағы арнайы Қаулысында: «Марлен Савитұлы Мұқановқа «Транстелеком» акционерлік қоғамының акциялар пакетінің 75 %-і минус 1 акцияны «Unit Telecom» ЖШС пайдасына иеліктен шығару жөнінде мәміле жасасуға рұқсат берілсін», - деп жазылған.
Ал «ҚазТАГ» агенттігі, 2021 жылдың 9 ақпанындағы дерек бойынша «Unit Telecom» ЖШС компаниясының құрылтайшылары – Дмитрий Александрович Покупателев пен ҚР бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жиені, қазіргі Мәжіліс депутаты Дариға Назарбаеваның ұлы Нұрәлі Әлиев екенін жазады. Өз кезегінде «ҚазТАГ» агенттігі «Kompra» сервисіне сілтеме көрсеткен.
Нұрәлі Әлиев сонымен қатар, «Транстелеком» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы екен. Ол бұл қызметті 2016 жылдың тамызынан бері атқарып келеді. «Азаттық» сайтының жазуынша, сол жылы «Транстелеком» акциясының 49 пайызы Марлен Мұқановқа өткен.
«Транстелеком» АҚ 1998 жылы құрылған. Қазақстандағы ең ірі байланыс операторларының бірі, ал Марлен Мұқанов Нұрәлі Әлиевтің сенімді адамы саналады.
«Транстелекомның» 2020 жылдың 1 қазанындағы жарғы капиталы 12,2 миллиард теңге, активтерінің жалпы сомасы 174 миллиард теңге болған.
«Forbes.kz-тің» 2020 жылғы дерегінше, Нұрәлі Әлиевтің дәулені – шамамен 269 миллион долларды құрайды.
Abai.kz