Қанат Ислам қарсыласын нокаутпен жеңді
Қазақстандық боксшы Қанат Ислам (28-0, 22 КО) екі жылға жуық үзілістен кейін шаршы алаңға шықты.
Жерлесіміз кезекті жекпе-жегін 21 ақпанда Майамиде (Флорида, АҚШ) өткізді. Қарсыласы - 27 жастағы эквадорлық Джейсон Минда (14-2-1, 8 КО).
Алғашқы секундтан бастап 36 жастағы қазақстандық басымдық танытты. Төртінші раундта Қанат Ислам эквадорлықты бірінші рет нокдаунға жіберді. Раунд өткен сайын Қанат қарсыласын тығырыққа тіреді. Жетінші раунда Минданың кезекті нокдаунынан кейін, төреші жекпе-жекті тоқтатып, қазақстандықтың жеңісін тіркеді.
Осылайша, Қанат Ислам кәсіпқой бокстағы 28-жеңісіне қол жеткізді. Оның 22-сінде нокаутпен жеңіске жетті.
Қанат Ислам Джейсон Минданы жеңгеннен кейін WBC және WBA нұсқалары бойынша әлем чемпионы Сауль Альваресті жекпе-жекке шақырды.
- Мен бұл жекпе-жекке ұзақ дайындалдым. Отбасыма оралдым, командама оралдым. Жақсы қарсыласпен жақсы жекпе-жек болды. Бұл жігітке рақмет, ол - мықты қарсылас. Мен бәріне дайынмын. Бұған дейін айтқанымдай, Қытайда туып-өстім, Қазақстанда тұрамын, мен - түркімін, мен - мұсылманмын. Демек, менде жанкүйер аз емес. Канело менімен жекпе-жекке шығуы керек! Рамазан айы жақындап келеді. Рамазаннан кейін ораламын, - деді Қанат Ислам.
Abai.kz