Жексенбі, 24 Қараша 2024
Әдебиет 6529 12 пікір 13 Наурыз, 2021 сағат 18:10

Ұлы Кентавр

Наурыздың 22-і күні қазақтың бір арыс ұлы, жазушы Марат Қабанбай көзі тірі болса, 73 жасқа келер еді. Өмірінің соңғы кезеңінде марқұм «СолДАТ» газетінің бас редакторы болды. «Кентавр» атты романын жаза алмай, арманда кеткен жазушы 53 жасқа қараған шағында дүниеден өтті...


(менің маратқабанбайлық естелігім)

Ол маған жиі ұрсатын. Қалың қабағы түюлі. Кісіге қарасы ауыр. Бір тонна. Езіп жіберетіндей. Жайшылықтағы мейірім жоқ. Көздерін айтам. Жарқ-жұрқ етіп шашардай. Тісінің арасынан шыққан сөздері мірдің оғындай. Сүйір иегі бірде алға ұмсынады, бірде артқа шегінеді. Сызданып отыр...

Осы қалпында жадымда жатталып қапты.

– «Мания величия» деген болады адамда. Өзінің қабілетін әсірелеу, асыра бағалау. Мұның арты «звездная болезнь» дегенге апарып ұрындырады. Мына Ғалымжан («СолДАТ» газетінде өзінің орынбасары болған, марқұм Ғалымжан Мұқановты айтады) екеуіңде сол бар. Содан қашу керек! Газеттің соңғы бетін ашып қалсаң, оқитының – Жан Тілеубайұлы. Жаннан басқа адам жоқ па?! Бер соңғы бетті авторларға!

Менде үн жоқ. Жанымды қоярға жер таппай, көзімнің астымен Ғалымжанға қараймын. Шөккен таудай боп ол отыр. Бүкшиіп. Көзін еденнен алмайды. Тесіліп қалар ма дейсің. Еденді айтам.

Мені қойшы. Ұрысқанына үйреніп болдым. 2-3 жыл бұрын «Ана тілінде» жүргенде де жер-жебіріме жетуші еді. «Тақ-тұқ  хабар жаза алмайсың» деп. «Интервью жасай алмайсың» деп. «Хаттармен жұмыс істей алмайсың» деп. Ақыр соңында редактордың атына рапорт жазып, жұмыстан босаттырған...

Қош. Ғалымжанның не жазығы бар десейші. Газеттің «қара өгізі» нағыз. Аудармаңды да қопарып тастайды, авторларыңды да ұйымдастырады. Өзі де бұрқыратып жазып жатқаны. Қазақша дейсің бе, қазақша. Орысша дейсің бе, орысша. Орысша төрт бет соның мойнында. Одан артық не керек? Тектен-тек «звездный болезньді» апарып жамады да, қойды.

Өстіп іштей тайталасам. Өкпем – қара қазан. Ботқа қайнатсаң, түгел жұртқа жетеді.

Өкпелеймін деп Мәкеңнің ұрысу себебін түсінбеппін сол кез. Байыбына барыппын ба? Ұрысқаны сынға алғаны екен. Ал, сын керек еді. Ащы сын. Ауыр сын.

Құрылтайшылардың талабы қатаң. Айналдырған алты ай ішінде «СолДАТ» газетін халықтық басылымға айналдыру. Басты талап сол.

Обалы не керек, жанталастық қой. «Айту үшін шындықты өтірік қостым аздаған» (Қадыр Мырзалиев) дегендей-ақ, барымызды салдық қой. Қасық қанымызды құйып бергендей болдық. Оның үстіне, бұрынғы «ДАТтың» атағы бар. Айтудайын, 1-2 айдан кейін-ақ «СолДАТтың» аты дүрілдеп шыға келді. Ол дүрілдеген сайын билікке жақын адамдар дірілдейтін болды. Мақсатымызға жеттік деген сөз.

Сол-ақ екен, босаңси бастадық. Қазақтың төріне бүкіл демократияны өзіміз әкеп шығарғандай, алшаң басамыз. Мәкеңнің «звездная болезнь» деп шырылдайтыны сол...

Обалы не керек, Мәкеңнің сіңірген еңбегі аз болмады. «СолДАТты» құлағынан сүйреп шығарды ғой. Кезінде «Ана тілі» мен Марат Қабанбай қандай егіз ұғым болса, мұнда да «СолДАТ» екеуі сондай егіз болды. Әші, құрылтайшылар Мәкеңді бас редакторлыққа дұрыс таңдаған. Қазақтың нөмірі бірінші публицисінің есімі басылымды алып шығады деп есептеген. Солай болды да.

Мәкеңнің бізге ұрсатындай жөні бар. Себебі де бар. Серкедей салмақты себеп. Оны аңғармаппыз. «Звездный болезньге» ұрынған адам нені аңғарсын? Ішу мен жазудан қол босамайды. Алғашқысы басымырақ, әрине. Несін айтасың, шала мас күйімізде жүріп газет шығардық қой...

Ал, Мәкең сол кезде кетуді ойлапты. Шығармашылық демалысқа. Сонда деймін-ау, өзі мәпелеп өсірген «СолДАТын» кімге сеніп тапсырмақ? «Ләйліп» жүрген Ғалымжан екеумізге ме? Басқасы жас. Соларға бас-көз болудың орнына істеп жүргеніміз мынау. Ұрыспақ түгіл, сабау керек қой сабаздарыңды!...

Әші, Мәкеңнің «СолДАТ» қана емес, заты журналистикадан кеткісі келетін себебін мен бұрыннан біледі екем. Есімнен шығып қалған ғой мен қасқаның.

Мәкеңнің онысы енді дерт сияқты. «Кентавр» атты дерт. Жаза алмай, арманда кеткен романы. Оның мазалағанына біраз уақыт болған. 10-15 жылдай, шамасы. Менің есебімше, сонау кеңес өкіметі құлап, аласапыран басталғалы...

«Кентавр» туралы ол көп әңгімелейтін. Ал, әңгімелей қалса, үнінен толып жатқан кереғар сезімдер лебі есіп тұратын. Үміт те, өкініш те, сенім де, күдік те... Бәрі аралас. Ал, ең үлкен сезімі – махаббат. Сондай бір, кеш туса да, ертеден білетіндей-ақ, аяулы, асыл махаббат болмай ма? Ойбо-ой, оның азабы да көп қой. Ешкімге қимастай сағынышты сезім...

– «Кентаврға» мен дүниенің бәрін сыйғызғым келеді. Мен қазақты Кентаврға теңеймін. Керек десең, мен бүткіл адам баласын Кентаврға балаймын. «Кентавр» пәлсапалық дүние болмақ...

Пәлсапа дегенге елең ете қалатын жазған басым  осы сәттен бастап Мәкеңді асқар шыңдай көріп кеттім.

«Жоқ, Жәке, бұл баяғы бала күніңде сүйсініп оқитын балалар жазушысы Марат Қабанбаев емес. «Арыстан, мен, виолончель және қасапхана» емес, өзге әлем. Кентавр! Сурет қой, сурет! Жай сурет емес, пәлсапалық образ! Вот. Ал сенің Марат Қабанбайың, керек десең, қазақтың Габриель Гарсиа Маркесі! Ал, әйтпесе! Рас, әзір бағы ашыла қоймаған...» деймін өзіме-өзім. «Кентавр» маған пәлсапалық қана емес, эпикалық дүние болып көрінді. «Неткен кеңістік десеңші! Маған ондайға құлаш ұру қайда-а-а!.. Ал, Мәкеңнің тынысы оған емін-еркін жетеді, сөз жоқ» деп қабілетімді іштей салғастырып қоятынымды қайтерсің.

«Пәлі, ұстазынан озуды ойлайды шәкірт шіркін!..»

«Кентаврға» байланысты осы уақытқа дейін ешкімге ашпаған құпиям бар еді. Соны жария етуге мәжбүрмін енді. Әші, әңгімені содан бастау керек пе еді? Бопты да...

Бір күні («Ана тілінде» жүргенімде ғой) кабинетте жалғыз қалғанда, әлдебір қағаз іздеп, Мәкеңнің тартпасын ашып қалмасым бар ма? Сол сәтте «Құрметті Әкежан Мағжанұлы!» деп басталатын жазу бірден көзім түсе кеткені! Мәшіңкеге басылған Мәкеңнің жазған хаты екен. Ұрлық қылғандай қатты қуыстансам да, батылым барып, сол хатты оқып тастадым, ей. Дұрысы, хаттың көшірмесін. Ол кез Әкежан Мағжанұлының премьер боп тұрған кезі. Ілкіде Мәкеңнің онымен сұқбат жасап, «Ана тілінде» жариялағаны бар-ды. Енді, міне, Мәкең «Кентавр» романын жазу үшін қаржылай көмек сұрапты. Доллар есебінде. Сомасын ұмытып қаппын, тәйірі. Мен үшін көп ақша, әйтеуір. Аузым ашылды да қалды. Есім шығып, іздеген қағазымды да керек қылмаппын ғой. «Өлә-ә» дей беріппін іштей. Абырой болғанда, аузым ашылса да, тартпаны жауып қоюды ұмытпаппын, әйтеуір...

Бұл оқиға өзімді қатты толқытса да, жан адамға сездірмеуге тырыстым. Көпке дейін қуыстанып жүргенім рас. Мәкеңнің көзіне тіктеп қарауға бет жоқ. Бірақ, сырымды ешкімге, Мәкеңнің өзіне де, ашпауға бекідім. Жылдар өте келе өзгереді екеміз ғой. «Партизандық» қалыптан айнып отырғанымды көрмейсің бе, міне. Кешіріңіз, Марат аға, «ұрлығымды». Оспадарсыз қылығымды...

Қолыма қалам ұстағалы ешбір шындықты жасырмауға, әрі-берідесін шындықтан басқа ештеңе жазбауға серт еткен соң бар құпиямды (кімге қатысты болса да) ашуға тура келеді енді...

Ең алғаш «Кентавр» туралы солай білдім, әне. Сөйтсем, Мәкеңнің өзі шығармашылық жоспарын аса құпия көрмейді екен ғой. Оны кейін түсіндім. «Ана тілінен» кейін «босяк жазушы» (Өтежан Нұрғалиевтің маған берген лақап аты) боп «жалаңаяқ қалпымда» тентіреп жүргенімде «жанрын өзім де айыра алмайтын» (Жұматай Сабыржанұлы) бір опусымды (осы сөз өзіме ұнайды) жазып тастаған едім. Аты шұбалаңқы: «Сайтанның сандырағы» (жас деуге келіңкіремейтін адамның өз заманы мен замандастары туралы жалаңаштау жазбалары). Бір-екі ай ішінде «суырып салғам». Импровизация мағынасында. Оны «самиздат» қылып 99 данамен бастырып алдым да, өз қолыммен жұртқа тараттым. Көрімдік сұрап. Әркім қалауынша берді. 50 теңгеден 2 мыңға дейін...

Бір күні Мәкеңе келдім. Кітабымды ұсындым. «Марат аға, пікіріңізді білейін деп едім, оқып шығыңызшы» дедім батылсыздау. Ол күлді. Сосын қабағын түйіп, түсін суытты да:

Мен қатал сыншымын. Бір аптадан кейін кел. Оқуға тұрарлық болса, сөйлесеміз. Түкке тұрғысыз болса, бір ауыз сөз айтпаймын. Кітабыңды өзіңе қайтарып беремін. Келістік пе? – деп сұрады.

– Келістік, аға...

Сол бетімен шығып кеттім де, уәде бойынша, бір аптадан кейін жолықтым. Жүрегім дауаламай, есіктен сығалап қарап едім, «кір, кір, інім» деп жылы қабақ танытты. Кабинетіне кіргенім сол, «есікті құлыптап қой» деді. Мәнісін сұрамадым, айтқанын істедім. Сосын «кел, отыр» деп ишара жасады. Отырдым. Жүрегім лүп-лүп етеді.

Мәкең бау тағылған кілттерін салдырлатып, қасындағы сейфті ашты да, бір шөлмек арақ пен кішкентай қырлы стакан шығарып алды.

– Ішесің бе?

– Аздап...

– Мә, тартып жібер!..

Сосын «Заводной апельсинді» оқып па едің?» – деп сұрады. «Жоқ» деп, шынымды айттым. «Соны тауып алып, оқы» деді. Артынша өзіне Ғабит Мүсіреповтің не ақыл айтқанын әңгімеледі. «Ол маған «ауыз әдебиетінен сусында» деп еді, мен де содан артық ақыл айтпаймын» деп түйіндеді.

«Марат аға, не жазып жүрсіз?» деп сұрадым мен, Мәкең екінші стакан ұсынғаннан кейін батылданып. Әлгі Қажыгелдинге жазған хаты есімде ғой. Ол ойланып қалғандай терезе жаққа қарады. Біреу жарасының аузын тырнап алғандай тыжыранып қалғанын байқап үлгердім. Түрлі сезімдер тоғысына толы бет-жүзін сонда көрдім. Маған ең алғаш өз аузынан «Кентавр» туралы әңгімелеп бергені осы сәт еді...

Осы қалпында жадымда жатталып қапты.

– Маған романға отыру үшін 20 мың доллар керек. Өйткені, мен кем дегенде екі жыл тапжылмастан отырып жазамын. Ал, осы уақытта бала-шағамды асырауым керек қой. Қыздарым бой жетіп қалды. Оларды киіндіру керек. Шығыны көп қой, несін айтасың...

«Естіп, иә» дегенді қосып қойды. Онысын мен көпке дейін ұқпай жүрдім. Сөзінің мәтелі екен ғой, пәлі. Шығыс қазақтары сөзіне жиі қосып отырады екен.

Мәкеңнің маған жылы қабақ танытуы сирек еді. Оның сырын бір күні өзі ашып айтты.

– Сен менің туған інім сияқтысың. Түрің де ұқсайды. Мінезің де дара. Сен көңілшектеусің. Осыдан сақтан. Менмендігің де бар. Мақтау айтсам, дандайсып кете ме деп қорқамын. Саған ұстаз болмадым. Өнерде әркім ұстазын өзі табады ғой. Бағың ашылар әлі. Жазу деген – дерт. Осы дертке шалдықсаң болғаны. Атақ қумай-ақ қой. Атақты болудың оңай жолы көп. Саған қатаң талап қойсам, көңіліңе алма...

Осыдан қайтып бұл әңгімеге оралған емес. Тек өлер алдында ғана өсиетін айтып кетті. Ауруханада. «СолДАТтықтар» кеуілін сұрап барған едік.

– Менің енді тірі қалуым екіталай. Тірі қалсам, «Кентаврымды» жазып бітіремін. Өлсем, арманда кеткенім. Жан, саған жазу – аманат. Мен сияқты жаза алмассың. Қабілетің жеткенінше жаз. Осы біздің өмірімізді, күресімізді суретте. Ең бастысы – тек шындықты жаз. Билікті де, оппозицияны да сыба. Ешбірін жасырма!

Тірі аруақтай аппақ қудай жүзіне анықтап қарадым. Шүңірейген көздерінің оты сөне бастағандай көрінді. Іштей селк еттім. Ағамдай болған адамнан айрылып қалатынымды жүрегім сезгендей болды. Ол «босаңсыма» дегендей маған тіктеп қарады. «Бәрін түсіндім» дегенді көзіммен айттым. «Саған сендім» дегенді ол жеткізді...

Осы қалпында жадымда жатталып қапты...

Осы қалпында түсімде жиі көретін болдым...

Бір күні күнделігіме мына жазуды түсірдім. Естелігіме шома отырып, мейлінше зерлеп жазуға тырыстым. Өзі шағын жазбама «Қарыздармын сізге, Кентавр аға...» деген тақырып қойдым.

«Марат аға, сіз «Кентаврыңызды» жаза алмай, арманда кеттіңіз-ау. Оның нағыз «Кентавр» болатынына ешкімнің күмәні жоқ-ты. Халықтың осы сенімі үшін ғана өкінбесеңіз болады. Халық жазушысы (атақты айтпаймын, оның сізге қажеті жоқ) болып, әр оқырманның жүрегінің түпкірінде қалдыңыз. Соны айтам...

Жоқ, сіз ешкімге қарыз емессіз. Сізге қарыздар адамдар бар. Оларды мен әңгімелемей-ақ қояйын. Өздері жауабын берер. Мен өз қарызымды мойындағым келеді...

Марат аға, сіз маған қатал болдыңыз. Не үшін қатал болғаныңызды көзіңіз тіріде түсінбедім. Енді анық білемін. Сіз маған білдірмей жақсылық жасағыңыз келді...

Сіздің жиі айтатыныңыз «звездная болезнь» еді ғой. «Дандайсып кетпесін» деп ойладыңыз. «Халтураға түспесін» деп сақтық таныттыңыз. Жер-жебіріме жетіп ұрысушы едіңіз. Сонда сізге өкпелеп, білдірмей, көзіме жас алатынмын. Көңілшекпін ғой. Сіз оны білдіңіз. «Көңілшек болмасын» деп қатал болдыңыз. «Көңілшектік түбіне жетеді» деп қауіптендіңіз. Өйткені, өз көңілшектігіңіз денсаулығыңызды құртқан еді... Мені  мақтағаныңыздан гөрі ұрсуыңыз көп болды. Мақтауыңыздың өзі мазақ түрінде еді ғой. Енді бәрін сағынатын болдым...

Сіз маған «өз «Кентаврыңды» жаз» деп тапсырдыңыз. «Менше жаза алмайсың, бірақ. «Кентаврды» аяқта» деп аманат қылдыңыз. Сол аманат – мойнымда. Жыл өткен сайын оның салмағы ауырлап барады...

Марат аға, өзіңіз жазғандай, «әрбір қазақ – бір-бір кентавр» болса, сіз – Ұлы Кентаврсыз. Қайткен күнде де, мен сіздің аманатыңызды орындаймын...»

P.S. Жуырда ескі компьютерімдегі жазбаларымның арасынан осы «маратқабанбайлық естелігімді» тауып алдым. Құдды, күні кеше жазғандаймын. Есептеп қарасам, он алты жыл өте шығыпты. Жеке мұрағатқа айналып үлгеріпті, пәлі.

Кей-кейде күпірлікке барып: «кеңестік дәуірде өмір сүріп, сол дәуірді суреттеген ақын-жазушылардың шығармаларын кейінгі ұрпақ түсінбей, олардың аты-жөндері ұмыт болады-ау, Мұқағали Мақатаев жырлағандай, «шаң басқан архивтерден табылатын» шығар-ау», – деген ойға кеп қаламыз ғой. Десе-дағы, бір ғұлама айтқандай, шын таланттар дүниеден өтсе, олардың екінші ғұмыры басталатыны рас екен. Шығармалары шаңға көміліп қалмай, өз бетінше өмір сүре беретін көрінеді.

Арагідік азғантай таралыммен басылып жататын кітаптарын былай қойғанда, ғаламторды шарлап көрсең, Марат Қабанбайдың әлдебір әңгімесін іздеп, сұрау салған жас оқырмандарға кезігіп қаласың. Демек, жазушының шығармаларына сұраныс бар. Соған қуанып, шүкіршілік етесің.

Асылы, «шаң басқан архивтерден табылатын» жазушың Марат Қабанбай емес. Ол «Кентавр» деген атпен халықтың жүрегінен мәңгі орын алған.

Жан Тілеу

Abai.kz

12 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1503
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3277
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5719