Армия спортшылары Әлем кубогында топ жарды
ҚР Қорғаныс министрлігіне қарасты орталық спорт кулбының әскери самбо бөлімінің нұсқаушы-спортшысы Марат Байкамуров Мәскеуде өткен Әлем кубогында 98 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде қола медаль жеңіп алды.
Самбо күресі бойынша өткен «А. Харлампиев мемориалы» Әлем кубогы деп аталатын турнир екі күнге жалғасты. Жарысқа жалпы 16 елдің 300-ге жуық спортшысы қатысты. Онда әлемнің үздік самбошы ерлері мен әйелдері және жауынгерлер бақ сынасып, 21 салмақ дәрежесі бойынша өнер көрсетті. Мәскеудің «Лужники» стадионының кіші спорт аренасы турнир өтетін дәстүрлі алаңға айналған.
- Марат Байқамыров - өз салмақ дәрежесінде самбодан ұлттық құраманың көшбасшысы, Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы, 2019 жылғы қазақ күресінен ұлттық ойындардың жеңімпазы. Армия атынан шыққан спортшымыз лайықты шеберлік пен жауынгерлік рух көрсетті. Бізді алда осы кезеңнің басқа да халықаралық жарыстарына, сондай-ақ қазақ күресінен «Қазақстан барысы-2021» республикалық турнирі мен қарашада Ташкентте өтетін самбодан әлем чемпионатына толассыз дайындық жұмыстары күтіп тұр, – деді Армияның орталық спорт клубына қарайтын самбодан штаттық команданың жаттықтырушысы, ефрейтор Асан Мәмбетқұлов.
Айта кетейік, «А. Харлампиев мемориалы» деп аталатын Әлем кубогы самбоның негізін қалаушылардың бірі – Анатолий Харлампиевтың құрметіне аталған. Бұл жарыс 1980 жылғы Мәскеу Олимпиадасын өткізген жылы құрылған болатын.
Турнирде жеңіске жеткен спортшылар халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағын алады.
Жалпы Қазақстан әскерінің құрамында кәсіби спортшылар да жетерлік. Олар отан алдындағы борышын абыроймен атқарып келеді. Сарбаздар арасында әлем және республикалық сайыстарда бокстен, ауыр атлетикадан, жүзуден, күрестен топ жарғандар бар.
2020 жылы Алматы қаласы қорғаныс ісі бойынша департаментінің мәліметіне сүйенсек, 24 кәсіби спортшы отан алдындағы борышын өтеуге аттанған. Әскер қатарына шақырту алған спортшылардың басым бөлігі халықаралық спорт шебері атағын алғандар. Алайда отан алдындағы борышын өтеу бойынша шақырту алғанда, ойланбастан әскери бөлімшеге барып, медициналық комиссиядан ең бірінші болып өткендердің қатарында.
Спортшылардың сөзіне сенсек, әскери қызмет әскери билет алу үшін емес, жалпы отанды қорғау үшін қажет. Қазақстан әскерінде Олимпиададан алтын мен күміс таққан спортшылар да өз борыштарын өтеген. Олардың ішінде 2016 жылы Рио-де-Жанейрода топ жарған ауыр атлетиканың тарланы Нижат Рахимов пен жүзуден алтын тағынған Дмитрий Баландин бар. Бұл спортшыларға әскери борышын өтеу үлкен абырой саналды. Олар әскерде жүріп, спорттан қол үзбей, әскерилер арасындағы сайыстарда да өздерінің үздік екендіктерін көрсете білді.
Abai.kz