Сенбі, 23 Қараша 2024
6348 33 пікір 24 Сәуір, 2021 сағат 15:36

Cалынған санкция, қуылған дипломат: Ресейдің досы кім?

Ресей мен Батыс әлемі арасында жаңа қырғи-қабақ соғыс басталды. Олай деп тұжырым жасауға толық негіз бар. Тіпті қырғи-қабақ соғыстың алғышарттары да жоқ емес. Санкциялар, жаппай қарулану, қарудың жаңа түрлері, дипломаттарды елден шығару, аймақтық әскери қақтығыстарға араласу, әскери блоктарды күшейту. Айта берсе көп.

АҚШ билігіне Байден келгелі Ресейге қарсы Вашингтон қатаң позицияны ұстанып келеді. Байден Мәскеудің еркелігін енді көтермейтінін анық жеткізді. Оны әр сөзінде қайталап, санкциялармен шегелеп, бекітіп келеді. Алексей Навальный ісіне қатысты бірнеше мәрте санкциялар жариялады. Алайда санкцияның ең үлкені хакерлік шабуылға байланысты және сайлау процесіне араласуға қатысты салынды. Онда АҚШ жеке тұлғаларды санкциялық соққының астына алумен қатар, Ресейдің мемлекеттік қаразын сатып алуға тыйым салып, 10 Ресей дипломатын елден шығарды. Оларға тыңшылық жасады деген айып тағылды. Бұл ресми Кремльді есеңгіретіп тастағаны анық.

Кремль қарсы жауап ретінде АҚШтың 10 дипломатын елден шығармақ. Әрине бұл екі ел арасындағы қатынасты суытпаса, жылытпасы белгілі. Байден командасы "Солтүстік ағым - 2" газ құбырына санкцияны күшейтуді талқылап жатыр.

Мәскеу тек қана АҚШ-пен жаға жыртысып жатқан жоқ. Ресейдің агрессиялық саясатын қатаң айыптап, оған қарсы өткір жауап қатқандардың бірі Чехия болды. Чехия Ресей елшілігіндегі 18 дипломатты елден шығарып тастады. Оған негіз де жоқ емес. Оларға тыңшылық жасады, құпия құжаттарды иемденбек болды деген айып тағылды. Тіпті Ресейдің арнайы барлау қызметі Чехия жерінде жарылыс ұйымдастырылғаны да анықталды. Оқиға былай болған. 2014 жылы 16 қазанда және 3 желтоқсанда Чехияның Врбетице қаласында оқ-дәрі сақталған қоймада екі жарылыс болады. Бір қоймада 100 тонна, екіншісінде 7000 тонна оқ-дәрі болған. Жарылыстың жойқындығы соншалық, қоймалар орналасқан ауданды сілкіндіріп жіберген, 2 адам қаза тапқан. Бастапқыда жарылыс қоймадағы қауіпсіздік шаралары сақталмағандықтан орын алды деген болжам айтылды. Алайда тексерушілер тарапынан «қалайша екі қоймада араға екі ай салып жарылыс болды және онда сақталған зымырандар алыс қашықтыққа жететін зымырандар еді», - деген күдік туындайды. Көп ұзамай жарылысқа ресейлік барлау қызметінің азаматтарының қатысы бары анықталды.

Чехия қауіпсіздік органдары жарылысқа Ресейдің Барлау Басқармасының барлаушылары Анатолий Чепига мен Александр Мишкиннің қатысы бар деп отыр. Олар қоймаға кіру үшін рұқсатнамада аттарын Руслан Боширов пен Александр Петров деп жаздырған. Ал Чехияға Николай Поп және Руслан Табаров деген паспортпен кірген. Осылайша олар өздерінің шынайы есімдерін жасырған. Бұл туралы 17 сәуірдегі пресс-конференция барысында Чехияның премьер-министрі Андрей Бабиш хабарлады.

Бұл айыптауларды негізсіз деп тапқан Мәскеу Прагаға қарсы жауап ретінде Ресейдегі Чехия елшілігінен 20 дипломатты елден шығаруға шешім қабылдады. Демек Ресейдегі чех елшілігінде бар-жоғы 5 дипломат қана қалды деген сөз. Прага бұл әрекетті ақылға қонымсыз деп санап, мамыр айының соңына дейін тағы 63 ресейлік дипломатты елден шығаруды жоспарлап отыр. Тіпті Ресеймен арадағы достық келісімін үзіп, ресейлік студенттерді қабылдаудан бас тартатынын да айтуда. Кремль өз кезегінде чех сырасын сатып алуға тыйым салмақ. Әлемде спирттік ішімдікті қолданудан көш басындағы елдердің бірі саналатын Ресей нарығында чех сырасы танымалдыққа ие.

Чехияны НАТО-дағы одақтастары қолдады. Польша Ресейдің 3 дипломатын, Латвия 2 дипломаты, ал Литва мен Эстония өз елдерінен 1 ресейлік дипломатты қайтаруда. Бұл әрекетке Мәскеу жауап беріп, әр елден қанша дипломат шығарылса, сол елдің елшілігінен сонша дипломатты қайтарып жатыр.

Батыс пен Ресей арасындағы қақтығыс күшейіп келеді. Путиннің 21 сәуірдегі жолдауында "Біз әлемдік қауымдастықтың барлық қатысушыларымен жақсы қатынас ұстанғымыз келеді. Алайда біз шынайы тұрғыдан не болып жатқанын көріп отырмыз. Ресейді еш себепсіз анда да, мұнда да кінәлап, соқтығып жатыр. Олардың маңында Шерханның маңына жиналған Табаки сынды "шакалдар" қаптап жүр. Тура Киплингтің ертегісіндегідей, басшысына жағыну үшін өзгені кінәлап жатыр. Киплинг ұлы жазушы болған" деген сөздерді айтуы Батыспен жақсы қатынас орнатуға ниетті еместігін аңғартады. АҚШ енді Ресейдің еркелігі мен сотқарлығын көтермейді. Оған салынған санкциялар, шығарылған дипломаттар дәлел. Ресейдің досы жоқ, ал жақын арада одақтасы да қалмауы мүмкін. Батып бара жатқан кемеден қашқандар ғана құтылады емес пе?!

АҚШ Орталық Азия елдеріне C5+1 форматын жандандыруды ұсынуы, АҚШ елшісінің Ресейге салынған санкцияның кері әсерінен Қазақстанды қорғауға әрекеттеніп жатқандығы біздің билікке де үлген сигнал. Ресейдің одақтастары Мәскеуден іргені алыс салу керектігін түсініп келеді. Өйткені агрессорға одақтас болу, агрессияны жақтау.

Ка мырза

Abai.kz

33 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3235
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5366