Сенаттағы Жер туралы заң. Халық талабы ескерілді ме?
Сенат жер қатынастары бойынша ауылшаруашылық жерлерін шетелдіктерге сатуға тыйым салуды көздейтін Заң жобасына өзгерістер енгізіп, оны мәжіліске қайтарды, деп жазды БАҚ.
Нақтырақ айтқанда, Сенаторлар Жер кодексінің 48 және 128-баптарына өзгерістер енгізген. Ол бойынша, енді жеке орман өсіру үшін жер тек Қазақстан Республикасының азаматтарына және ешқандай шетелдік тұлғаның қатысы жоқ Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларына берілетін болды. Заң жобасының қалған бөлігі өзгеріссіз қабылданған.
Бұл - ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың заңнамалық бастамасы негізінде дайындалған. Оның мақсаты:
- шет елдіктерге,
- азаматтығы жоқ адамдарға,
- шетелдік заңды тұлғаларға,
- Қазақстандағы шет елдік тұлғалардың қатысы бар азаматтарға,
- халықаралық ұйымдарға,
- шет елдік қатысы бар ғылыми орталықтарға,
- қандастарға ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін жеке меншікке беруге және уақытша жер пайдалану құқығына тыйым салу.
Шетелдік жер пайдаланушыларға және шетелдік үлесі бар бірлескен кәсіпорындарға ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелеріне құқық беру мәселелерін реттейтін нормалар, сондай-ақ, қандастар жер заңнамасынан алынып тасталды.
Заң жобасында, сондай-ақ, жоғарыда аталған жер пайдаланушыларға жалдау негізінде 2016 жылдың 1 шілдесіне дейін берілген ауылшаруашылық мақсатындағы жерлерге уақытша жер пайдалану құқығы жалдау келісімшарты аяқталғанға дейін күшінде болады және ол қайтадан жаңартылмайды.
Бүгінгі күнге дейін 74,4 мың га ауылшаруашылық жерлері жеті бірлескен кәсіпорыннан жалға алынған.
- Шетелдік компаниялардың ауылшаруашылық мақсатындағы жерлерді жалдау шартын аяқтау мерзімі 2022 жылдан 2025 жылға дейін аяқталады. Сәйкесінше, аяқталғаннан кейін жалдау шарттары жаңа мерзімге ұзартылмайды, өйткені бүгін талқыланып жатқан заң жобасы шетелдік жер пайдаланушыларға және әртүрлі бірлескен кәсіпорындарға жер беруге толық тыйым салуды көздейді, - деді Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров.
Заң жобасы Жер кодексіне және үш заңға, оның ішінде көші-қон заңына өзгерістер енгізеді.
Аталған ақпарат жөнінде ҚР Сенатының сайтында: «Ауылшаруашылық мақсатындағы жерлерді шетелдіктерге сатуға және жалға беруге заңмен тыйым салынады», деп қана жазылған. Оған сәйкес, осы заң жобасында егер меншік иесі болып табылатын тұлғаның Қазақстан азаматтығы тоқтатылған немесе Қазақстан Республикасының заңды тұлғасына шетелдіктер мүше болған жағдайда ауыл шаруашылығы жерлерін иеліктен шығару рәсімі де қарастырылғаны айтылыпты.
Айта кетейік, Заң қабылданғаннан кейін де елімізде жер мәселелерін заңнамалық реттеуді жетілдіру жұмыстары жалғаса береді.
«Жер комиссиясының ұсыныстары негізінде қазіргі таңда Үкімет жерді пайдалануға қатысты заңнамалық түзетулер топтамасын әзірлеуде. Соның нәтижесінде алдағы уақытта тиісті заң жобасы Парламентке келіп түседі»,- делінген Сенат сайтында.
Дайындаған Нұрбике Бексұлтанқызы
Abai.kz