Кланда жоқ Цойдың "планы" орындала ма?
Күні кеше министр Цой үлкен сұхбат берді. Онда денсаулық саласының басшысы өзінің кланда жоқ екенін, бар мақсаты пандемияны тезірек жеңіп шығу екенін жеткізді. Жалпы Цойдың өмір жолы қызық.
2020 жылы Цой денсаулық сақтау министрлігіне вице-министрі болып тағайындалған болатын. Артынша араға үш күн салып, Елжан Біртановтың орнына министр болып келді. Қазақстанда мұндай ғарыштық жылдамдықпен карьерасын жасаған азаматтар аз шығар. 2020 жылдың 25-маусымынан бастап Алексой Цой елімізде денсаулық сақтау министрі қызметін атқарып келеді.
Цойдың қызметіне қатысты түрлі баға бар. Бірі оның жұмысын ең қиын кезеңде іске асып жатқандықтан түсіністікпен қарауға шақырса, екінші тарап қатаң сынап жатыр. Цойдың жұмысын сынға алып, сойып тастағандар ішінде ел басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та бар.
Атап айтсақ 1 сәуір күні президент Үкімет отырысында Цойдың қызметін қатаң сынады. "Алексей Владимирович, мен бұрын айтқанымдай, қазіргі уақытта Үкіметтегі басты міндет денсаулық сақтау министрі, сіздің ерекше құзыретіңіз бар. Сіз жұмысыңызды жақсы бастадыңыз да, кейіннен екпініңіз азайды. Сәуір айында сіз жағдайды қалыпқа келтіруге тиіссіз. Олай болмаған жағдайда сізді қапаландыратын кадрлық тағайындаулар болады. Бұл тек қана денсаулық сақтау министрлігіне ғана емес, жалпы Үкіметке қатысты", - деген болатын президент Тоқаев. Қатаң сынның астында қалған себебі еліміздегі жаппай вакцинация жұмысын дұрыс ұйымдастыра алмауынан еді.
Тілшілер арасында "Цой неге ауру ошақтарына барып, науқастармен кездеспейді" деген сұрақтар да жиі қойылады. Себебі Елжан Біртанов вирус ошақтарына бірнеше мәрте барып, науқастармен кездескен болатын. Тіпті өзі де вирус жұқтырып, 2020 жылдың 14 маусымынан бастап ем алған еді. Ол кезде Цой министр Біртановқа арнап хат жазды. "Құрметті Елжан Амантайұлы! Ел үшін ең қиын осы сәтте Сіз коронавируспен күрестің алдыңғы шебінде тұрдыңыз. Сіздің өңірлердегі, індет ошақтарындағы ел-жұртпен және мамандармен жүргізген жұмысыңыз Денсаулық сақтау жүйесін айтарлықтай ілгерілетті. Өкінішке орай, індет ешкімді аямайды. Сізге шын көңілмен тезірек сауығып, қатарымызға қосылуыңызды тілеймін», - деді ол.
Алайда Біртанов істі болып, үйқамақта отырған сәтте, журналистер тарапынан бұрынғы министрді қазіргі министр жұмысқа ала ма деген сауал қойылған еді. Сонда Цой: "Біздің білуімізше ол қазір коммерциялық құрылымда жұмыс істеп жүр" деді. Яғни жұмысқа нақты алатынын яки алмайтынын ашып айтпады.
Цой күзге дейін 10 млн адамға вакцина егуді жоспарлап отыр. "Планы" сондай. Әзірге халықтың басым бөлігін екпемен қамтамасыз етпей, маскасыз режимді енгізуге де қарсы көрінеді. Қыркүйек айында вакцинациялаудан 10 млн адам өтіп, карантиндік шектеулерді азайтуды мақсат етуде. Алайда қазір елімізде вакцинаның екі дозасын да алған жандар саны 997 мың адам екенін ескерсек, үш айда министр бұл жоспарды қалай іске асыратыны белгісіз. Кланда жоқ Цойдың, "планы" іске аса ма?
Abai.kz