Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2567 0 пікір 11 Мамыр, 2012 сағат 09:03

Біле жүріңіз, оның аты Болат емес, Булат

Бұған дейін Орал қаласының әкімінің билбордтарға қырғидай тиіп, жоқ қылғанын жазып, оның бұл ісін көпшілік түсінбей, тіпті келіспейтінін жазғанбыз. Содан бері біраз күн аунады, қалада пәлендей өзгеріс бола қойғаны шамалы. Есесіне кей басылымдар Шәкімовтың іс-әректіне байланысты мақалалар жазып, билборд мәселесін көтеріп қойып жүр. Мәселен, «Уральская неделя» апталығы «Старые схемы акима Шакимова» атты (12.04.12) мақалада Орал көшелеріне жаңа жарнамалық көрнекіліктерді қондыру үшін «Urban Image» ЖШС-мен әкімшілік арасында меморандумға қол қойылғанын жазды. Бұл шұғыл қолға алынған іс жарнамамен айналысушыларды алаңдатты. Себебі қала әкімдігі ұсынып отырған жаңа жарнама тақталарының көлемі 3-4 тіпті 1,2 және 1,8 метр екен, ал жарнама беруші ұялы байланыс операторлары кем дегенде 3-6 метрлік баннерлердің болғанын қалайды. Осы іспен айналысушылар: «Шәкімов ешкіммен ақылдасқан жоқ, айттым бітті, кестім үзілдіге салып, алдымен жарнаманы түгел жойды, сосын өзінің талабын қойды, бұл түбірімен дұрыс емес» деп уәж айтып, өкпелері қара қазандай екенін білдіруде.

Бұған дейін Орал қаласының әкімінің билбордтарға қырғидай тиіп, жоқ қылғанын жазып, оның бұл ісін көпшілік түсінбей, тіпті келіспейтінін жазғанбыз. Содан бері біраз күн аунады, қалада пәлендей өзгеріс бола қойғаны шамалы. Есесіне кей басылымдар Шәкімовтың іс-әректіне байланысты мақалалар жазып, билборд мәселесін көтеріп қойып жүр. Мәселен, «Уральская неделя» апталығы «Старые схемы акима Шакимова» атты (12.04.12) мақалада Орал көшелеріне жаңа жарнамалық көрнекіліктерді қондыру үшін «Urban Image» ЖШС-мен әкімшілік арасында меморандумға қол қойылғанын жазды. Бұл шұғыл қолға алынған іс жарнамамен айналысушыларды алаңдатты. Себебі қала әкімдігі ұсынып отырған жаңа жарнама тақталарының көлемі 3-4 тіпті 1,2 және 1,8 метр екен, ал жарнама беруші ұялы байланыс операторлары кем дегенде 3-6 метрлік баннерлердің болғанын қалайды. Осы іспен айналысушылар: «Шәкімов ешкіммен ақылдасқан жоқ, айттым бітті, кестім үзілдіге салып, алдымен жарнаманы түгел жойды, сосын өзінің талабын қойды, бұл түбірімен дұрыс емес» деп уәж айтып, өкпелері қара қазандай екенін білдіруде.

Ал оралдық кәсіпкерлерді биліктің дөңайбатымен жуасытқан Шәкімовке тек алсытағы алматылық кәсіпкерлер ғана қарсы шығып, жеделхат жолдағаны белгілі. 35 кәсіпкердің атынан түскен жеделхатта: «Біз, Талдықорған аумағының кәсіпкерлері, Орал қаласының әкімі Б.Ә.Шәкімовтың іс-әрекетіне наразы екенімізді білдіреміз. Біздің оған айтарымыз: Сіз кәсіпкерлерді сыйламайсыз. Сіз оларға қарсысыз. Шұғыл түрде сіздің кәсіби білігіңіздің осалдығын, отырған қызмет орныңызға лайық еместігіңізді қарау керек»,- депті.

«Орал апталығының» 19.04.12. күнгі нөмірінде «Долой Шакимова!» атты шағын мақала жарқ ете қалды. Ондағы мәселе билбордқа қатысы жоқ, бірақ заңды үйінен айырылып қалған тасқалалық қос зейнеткер Әзбергеновтердің жанайқайы сөз болыпты. Үй иелері жоқ кезде оны түйіп, жермен-жексен еткен, соның салдарынан дүние-мүлкі талан-таражға түскен, бәрі үйге жапсарлас салынған кафенің әлегі, ал оның иесі Орал қаласының әкімі Б.Шәкімов деп зар еңірейді қариялар. Кафенің ешқандай құжаты да жоқ көрінеді. Прокуратура оның заңсыз салынғандығын анықтаған. Іс біздің пайдамызға шешілгентұғын, алайда тоқтады. Аштық  жариялауға мәжбүрміз. «Бұл іске әкім Шәкімовтың қатысы бар»,- депті газет тілшісіне Баян Әзбергенова. «Жел болмаса шөптің басы ырғалмайды» деген, мұны да ескеріңіз.

Лұқпан Ахмедияровтай журналисіне қастандық жасалса да алған бағытынан тайқымаған аталған басылымның 03.05.12. күнгі нөмірінде «Снос билбордов незаконен» деген А.Юмашевтың шағын мақаласы шықты. Онда облыстық прокуратура қала әкімдігінің Қазақстан Ата Заңын, жер кодексі туралы бабын бұзғанын анықтағандығы айтылады. Бұл мәлімет облыс прокуратурасының сайтына жарияланған. Және прокуратура әкімнің іс-әрекетінде сыбайлас жемқорлықтың белгілері барын анықтаған делінген. Алайда осыдан кейін прокуратура әкім Болат Шәкімовты емес, оның бұйрығын орындаған ГК «ДЭП» мекемесін айыпты деп тауып, билбордтарды алуды тоқтатуға пәрмен берген. Кеш алынған шара, бұл бұйрық шыққанша қаладағы барлық билбордтар түбінен кесіліп, сұлатылған болатын.

Ал 03.05.12. күнгі «Мой город» аталатын Оралдың және бір апталығы «Акима украли!» атты мақаласын айқайлатып тұрып шығарды. Бұдан білгеніміз Талдықорған қаласындағы кәсіпкерлер өз қалталарынан қаржы шығарып, зордың күшімен орнатқан Оралдағы жарнама тақталарын жойған әкім Шәкімовке деген қарсылығын білдіріп, өз қалаларының бір көшесіне «Орал қаласының әкімі Шакимов Булатқа сенбейміз!» деген жазу мен әкімнің суреті басылған үлкен билбордты орнақан екен. Сәуірдің аяғына таман әлгі билборд ұшты-күйлі жоқ болады. Талдықорғандық кәсіпкерлер алған беттерінен қайтпайды, мамырдың басында Шәкімовтың суреті мен оған сенбейтіндіктері жазылған жаңа жарнаманы жарқырата іледі. Қасына Елбасы Н.Әбішұлының да суреті тұр, онда: «Если со стороны государственных органов нарушаются законы, почему вы, предприниматели, поддаетесь?» деген сөзі берілген. Алақандай Оралдың Булаты бақытты-ау, шіркінің, Елбасымен қатар Талдықорғанның ортасында тұр, жан-жағына бейнекамера қондырылған, ешкім ұрлап кетпесін деп кәсіпкерлер бәрін ойластырып, ақшасын төлеп, күтіп, күзет жалдап көз айырмай отыр. «Атың шықпаса жер өрте» деген, біздің шалағай әкіміміз республика масштабына белгілі болып қалды. Мұндай танымалдыққа қай қаланың әкімі қол жеткізген? Жоқ қой ондай. Бұл тұрғыда біздің Булат жарап-ақ тұр. Алматы облысындағы кәсіпкерлер: «Сіздің (Оралдың) бизнесмендер әкімге қарсы шыға алмай отыр, егер осылай үндемей бұға берсек, онда алдағы күнде де кәсіпкерлерге аяқсүрткіш сияқты қарайтын болады. Елбасымыз да осыны айтып келеді емес пе? Орал қаласының әкімі ресми түрде, бұқара алдында елдің барлық кәсіпкерлерінен кешірім сұрасын, өйтпейінше біз билбордты алмаймыз!» деп тұжырыпты.

Жағдай осылай өрбуде. Заңға қайшы әрекетке барып, өзінің құзырлы орнымен төңірегін билеп-төстеген Шәкімов Оралдағы мемлекеттік тілдегі әдемі билбордтардың көзін құртып тынды, бірақ көрмеймісіз ол кінәлі емес, бар айып оның әмірін екі етпей жүзеге асырған (МГК ДЭП) мекеме қызметкерлерінде болып шықты. «Айран ішкен құтылып, шелек жалаған тұтылып», екі ортада елдік рух, тілдік қасиетіміз ұтылып жатқан уақыт-ай...

Мемлекттік тілде сөйлемейтін, аузын ашса орысша ағатын Болат Шәкімов шыныменде қазіргі орнына қалай келіп қалды өзі? Кәсіпкерлер айтқандай кәсіби білігі осы лауазымды орынға сай ма, жоқ па, оны кім тексеріпті? Мемлекттік тілден сын тапсырмайды ма? Елбасының өзі қазақ тілінен сын тапсырып барып, орнына отырып жатқанда Шәкімов деген кім? Неге оның білігін жоғары жақ, облыс әкімі Нұрлан Ноғаев мырза қарамайды? Қолдарында тұрған жоқ па? Нұрлан Ноғаев ағамыз екі тілге жүйрік, қазақшасы жатық, қағазға қарамай-ақ ана тіліміздің бәсін көтеріп тұрып сөйлейді, ал қала әкімі мемлекттік тілді үйренейін деген де пиғыл танытады ма екен? Кезінде осы облысқа екі ауыз қазақ сөзін қоса алмай келген Нұрғали Әшімов айналдырған екі-үш жылда тым тәуір тіл сындырып, тұмса бастауына оралды, қазақша сөйлеп кетті. Ол онысынан қор болмады, Оңтүстік облысты басқарды, көп уақыт өтпей министр атанды. Міне, мемлекттік тілді білгеннің нәтижесі. Ал біз өзінің аты-жөнін Болат Шәкімов деп емес, Булат Шакимов деп жазуды өз қарамағындағылардан талап етіп отырған кісіге қарсы бір ауыз сөз айта алмаймыз? Ол Оралға әкім болып тағайындалғалы бері оның қатысуымен өтіп жатқан бүкіл ірілі-ұсақты жиналыстар тек орыс тілінде өтеді. Өзі де тек сол тілде сұқбат береді. Мекеме басшылары, қалалық мәслихат депутаттары оның көзінше қазақша сөйлеуді қойды.

Оралда жиырма жылдық тарихы бар «Жайық үні» атты сол қалалық әкімдіктің құрылтайшылығымен шығатын апталық газет бар еді. Таралымы 6 000. Сол газетті орысша нұсқасымен «үйлендіріп», «Жайық үні - Жизнь города» қылып жіберді. Тиражы 8000 деп көрсетіліпті. Мемлекттік тілді қорлаудың бұл да бір түрі. Өз алдына шығып, оқырманын тапқан, облыстық басылымға іні болғандай беделі бар басылымды жүнін жұлған тауықтай қылды. Қойыртпақ басылымның 4 мамыр күнгі нөміріне қала әкімінің соғыс және тыл еңбеккерлерін екі тілде құттықтауы шықты. Бірінші беттегі шағын құттықтаудың қазақшасының да орысшасының астында да Булат Шакимов деген жазу тұр. Мемлекттік тілден, өзінің қазақша атынан безіп (Болат - құрыш, мықты  және «жақсылық болады» дегенді білдіреді деп ата-бабамыз ойлап тапқан әдемі есім) Булат деуін қалай түсінерсің? Еш қисынға соқпайды ғой. Булат - бу болып ұшып кетер су сияқты  түсініксіз ұғым, Булат та Борат та бір, түк мағынасы жоқ әріп жиынтығы ғана. Ал фамилиясы: Шәкімов, оны тарқатсаң «шын әкім» деп тұрғандай, алайда біздің Болат шын емес, «шалағай әкім» Шакимов болып, тілімізді де қазақты түрімізді де менсінбей, Оралда өз білгенін істеп жатыр. Әзірге оған тосқауыл жоқ боп тұр. Осындайдың салдарынан ба деймін оның ұстазы Нәжімеден Есқалиев ата тарихымызды жоққа шығарып, аузына келгенін айта бастады, ал кешегі 1 мамыр Қазақстан Халқының бірлігі күні көшеге шыққан өзге ұлыстың бүлдіршіндері «Менің Отаным - Шешенстан!», «Менің Отаным - Грузия!», «Менің Отаным - Германия!» деп ұрандатып, қайда туып, қайда тұрып жатқандарын ұмытты. Бұл тәлім-тәрбиеден. «Баланы бастан» деген, керемет қазақша сөйлеп, Отанымыз қазақ жері деп өсіп келе жатқан өзгенің ұл-қызының бұлай сөйлеуінің астарында Есқалиев пен Шәкімов сықылдылардың тікелей болмаса да жанамалай септігі бар деп қауіп қыламын. Облыстық, қалалық ішкі саясат басқармасының жіті назарында болуы керек жіптей жіңішке, ұстара жүзіндей қылпып тұрған ұлтаралық достықта Қазақты, Қазақстанды көзге ілмеуге жол беріп қоюға болмайды. Біздің азаттықпен тыныс алып өсіп жатқан ұл-қызымыз қазір бұған төзгенмен, ертең төзіп отыра алмайды. Олар біз бен сізден де өткен намысшыл, рухы үстем ұрпақ. Әзірге біздің «әйт, шәйтіміз» ұстап отыр. Бұл ұлан-ғайыр далада қазақ бақытты болмай, қазақ аты аталмай өзгелер де бақытты бола алмайды. Біз осы күнге жетіп қалдық. Жетпесек, соған шамалы қалды. Осыны әр кім терең түсінгені, қазақпен санасқаны дұрыс. Осы тұрғыда «Хабар» арнасы екі-үш қайтара өзге ұлыс өкілдерін қатыстырып, таза қазақша әдемі, мазмұнды бағдарлама ұйымдастырды, өмірімде «Хабарға» бірінші рет осы жолы риза болдым. Хабарға қатысқандардың бәрі «Менің Отаным - Қазақстан!» деп отыр. Осы үрдіс басқаға үлгі-өнеге болсын.

Өзіме зияны тиетінін білсем де бұл болып жатқан жайттарға бейжай қарай алмаған азат көңілім осы бір мақаланы жазғызып, бұқараға жөнелтуге жарлық берді.

Адал пиығлды, мемлекттік тіл - қазақ тілін сүйетін, ар-намысты азаматтар сіздер бұған не дейсіңдер?

Құрметпен,

Мұнайдар Балмолда

Орал қаласы

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1475
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3249
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5458