Сенбі, 23 Қараша 2024
Айқай 5224 30 пікір 21 Маусым, 2021 сағат 16:00

Ескерткіш те керек, саябақ та қажет!

Баянауыл ауданы орталығында батыр бабаларымыз Олжабай мен Жасыбайға  арналған  ескерткіш кешенін салу мәселесі өткен жылы талқыланып, жай-жапсары БАҚ-та жарияланған.

Ескерткіш қоладан құйылады. Тұғырымен есептегенде, биіктігі 26,5 метрді құрайды. Айналасына аумағы 2,6 гектардан тұратын мәдени демалыс саябағы салынбақ. Онда 564 түп ағаш отырғызылып, 678 шаршы метр гүлзар егіледі, жаяу жүргіншілерге арналған 2596 шаршы метр жолақ төселеді. 108 дана саябақ шамы, жүзден астам орындық орнатылады. Балаларға арналған ойын алаңдары мен жастардың воркаут алаңын салу ісі де қолға алынбақ. Саябақ демалушыларына арналған көлік тұрағы ұйымдастырылады. Жоба аясында дәмхана, тіпті қоғамдық дәретхана құрылысы да қарастырылған.

Бұдан бір сұрақ туындайды: бұрын-соңды біздің облыс аумағында қолға алынбаған мұндай ғажайып ескерткіш пен ауқымды мәдени демалыс саябағы Баянауылға орнатылуы керек пе әлде қажеттілігі жоқ па? Әрине, керек!

Павлодар қаласына алыс-жақыннан келген туристердің, мәртебелі меймандардың, қарапайым жолаушылардың бір мақсаты  –  ұлылардың мекені Баянауылға барып, көрнекі орындарын тамашалау, табиғат аясында демалу. Барлығының әуелі ат басын тірейтін жері –  аудан орталығы. Онда әйгілі жерлесіміз, актер, режиссер Шәкен Аймановтың мүсіні мен академик Қ.Сәтбаев мемориалдық музейінен басқа қонақтарға ұялмай көрсететіндей нендей мәдени нысан бар?..  Ендеше орталықта Олжабай мен Жасыбай батырларға ескерткіш орнатылып, айналасына саябақ салынса несі сөкет?..

Саябаққа бөлінген аумақ аудан орталығына кіреберістегі жеке тұрғын үй мен ғимарат құрылысын салуға қолайсыз болғандықтан пайдаланылмай бос жатқан сазды жер екен.   Егер бұл орын аудан орталығын көркейту, абаттандыру мақсатында пайдаланылса,   аттылы да, жаяу да, кәрі де, бала да, дені сау да, мүгедек те бара алатын көпшілікке қолжетімді мәдени демалыс орнына айналатынын пайымдаймыз. Ал екі батырдың мүсіні келімді-кетімді кісілер эстетикалық ләззат алатын көркемөнер туындысы ғана емес, балалар мен жасөспірімдерді мемлекетшілдік, отаншылдық сезімдерге тәрбиелейтін, оларға рухани күш-қуат беретін саяси-идеологиялық мәні зор нысанға айналатыны күмансыз жайт. Егер ескерткіш ауыл сыртындағы бір төбенің басына орнатылса, ол жерге  жұртшылықтың бәрі бірдей бара алмайды. Немесе ескерткіш Ақбет тау асуындағы  бұралаң жолға я Жасыбай көлі жағасына салынса көзделген мақсатқа жетуіміз неғайбыл. Өйткені, алты ай қыс бойы ауыл мен көл арасындағы жол қатынасы жабық тұрады.

Айтпақшы, «Олжабай батырды қоя тұрып, Жасыбай батырға ғана мүсін орнату керек» деген пікірді де оқыдық. Автордың жазбасынан ойға түйгеніміз, Он сан Орта жүзге ұран болған Ер Олжабайдың ескерткішін өзі басқыншы жаумен соғысқан Баянауылда салу дұрыс емес екен, батыр жерленген қорымға белгітастар орнатса  жеткілікті көрінеді... Осы пікірге аз-кем тоқталайық.

Ақмола облысы Ерейментау ауданынының Олжабай (бұрынғы Благодатное) ауылы маңындағы қорымға ескерткіш кешенін салу ісіне өзге біреулер емес,  өзіміздің Кереку-Баянауыл өңірінің азаматтары ұйытқы болып отыр. Алла қаласа, осы 2021 жылдың тамыз айында құрылыс аяқталып, кешеннің ашылу рәсімі өткізіледі. Егер анау айтқандай бұл іске Баянауыл ауданы әкімдігі араласып, аудан бюджетінен қаржы бөлсе я демеушілерді тартса шу көтеретіндер тасадан шыға келеді! «Аудандағы тозған жолдарды, су құбырларын, кәріз жүйелерін жөндемей, өзге облыс аумағындағы мәдени нысанға қаржы құйғаны несі?!»  – деп, әкім-қараларды жерден алып, жерге салып ғайбаттайтындар іле атқа қонып, арыз-шағымдарын қардай боратады!

Әйтсе де, Павлодарда Алаш қайраткері Жүсіпбек Аймауытовтың, қолбасшы батырлар Малайсары мен Баянның мүсіндері орнатыларда:  «Бұл істеріңді дереу доғарып, әуелі марқұмдар жерленген қорымдарға белгітас орнатыңдар!» – деп ақылгөйсіген біреу бой көрсетті ме?.. Ендеше неге Олжабай мен Жасыбай батырлардың ескерткіштеріне келгенде қырық түрлі сылтау айтып, қарсы пікір білдірушілер шыға береді? (Бұл акцияны ұйымдастырушылардың кімдер екенін біліп отырмыз. Оларды ұлттық мүддеден гөрі руішілік мәселелер көбірек толғандыратын тәрізді). Бұлардың айтқанына сенсек, біз бұрын бақ-дәулетіміз тасып, аузымыздан ақ май ағып отырған заманда өмір сүрген екенбіз, қазір ит мініп, ирек қамшылап жүрген сияқтымыз... Әкім-қаралар жұмысшылардың айлық еңбекақысына, зейнеткерлердің зейнетақысына, жетім-жесірлердің жәрдемақысына көз сатып отырған тәрізденеді... Демеуші мырзалар қарнының қамын ғана ойлайтын, өз құлқынының құлы сықылды...

«Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы шеңберіндегі мәдени іс-шараларды үзілді-кесілді тоқтатып, оған қарастырылған қаржыны әлеуметтік саладағы проблемаларды шешуге жұмсауды талап еткендер де бой көрсетті. «Нұрлы жер», «Нұрлы жол» бағдарламалары соншалық өзекті десек те, мәдениет саласына қарастырылған қаржы есебінен жүргізілуге тиісті емес. Әуелі мәдениетімізді көтеруге көңіл бөлгеніміз  абзал. Мәдениетсіздік белең алған жерде көргенсіздік, ұятсыздық, рушылдық: бәрі-бәрі қатар жүреді!
Енді қаржыландыру мәселесіне келейік. Қалың қолды бастап Баянауыл өңірін басқыншы жаудан босатқан қаһарман қолбасшы мен қазақтың ұлт азаттық соғысында қаза тапқан қас батырға алтыннан мүсін соқса да артық емес! Мұндай сөзді ащынған соң айтамыз ғой, әйтпесе ұйымдастыру тобы мен демеушілер алқасы облыс аумағында теңдесі жоқ  ауқымды жобаны жүзеге асыру мақсатына1,5 млрд теңге мөлшеріндегі қаржы көзін таба алса, ризашылық сезімімізді білдіргеннен басқа не дейміз?.. Соңғы айларда құрылыс материалдарының бағасы күрт қымбаттады, бұл сома үлкен жобаны жүзеге асыруға жетсе жарар еді.

Сөзімізді қорытындылайық. Осы жылдың сәуір айының бас кезінде еліміздің танымал тұлғалары: Оспанов Х.Қ., ҚР ҰҒА-ның  құрметті академигі, ҚазССР-ның еңбек сіңірген өнертапқышы, химия ғылымдарының докторы, 2011 жылғы Нобель сыйлығының номинанты, платиналы Тарлан сыйлығының иегері; Әшімов А.Ә., Қазақстан Республикасының Еңбек ері, актер, кино және театр режиссері, ССРО-ның, ҚССР-інің халық әртісі, ССРО мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Отан орденінің иегері; Әуезов М.М., мәдениеттанушы ғалым, дипломат, мемлекет және қоғам қайраткері, филология ғылымдарының кандидаты; Шокин Қ.Ш., физика-математика ғылымдарының докторы, АҚШ, Нью-Йорк Академиясының академигі; Әбусейітова М.Қ., ҚР ҰҒА-ның корреспондент мүшесі, тарих ғылымдарының докторы; Негимов С.Н., Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы, ЕҰУ профессоры; Марғұлан Д.Ә., Әлкей Марғұлан атындағы қоғамдық қордың вице-президенті, химия ғылымдарының кандидаты,   Әлкей Марғұланның қызы; Шанина Ж.Қ., қоғам қайраткері, педагог, Жұмат Шаниннің немересі; Қонаев Д.А., «Әуезов үйі» ғылыми орталығының директоры, сондай-ақ өзге де танымал тұлғалар, Баянауыл ауданының құрметті азаматтары, қоғам белсенділері Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов мырзаның атына ресми хат жолдаған еді. Хатта Олжабай мен Жасыбай батырлардың құрметіне Баянауылда кешенді ескерткіш орнату, облыс орталығында Олжабай Толыбайұлына жеке ескерткіш орнатып, есімін көше атауына беру жөнінде ұсыныстар айтылған. Бұл үш ұсыныстың бірі орындалды десек те болады. Павлодардағы Мир көшесіне Олжабай батырдың атын беру жөніндегі мәселені қалалық мәслихат депутаттары бірауыздан қолдап, қабылданған шешімді республикалық ономастикалық комиссияның қарауына жіберді. Қалған екі ұсыныс та оң шешімін табады деген ойдамыз.

Арман Қани,

ақын, халықаралық «Алаш»  әдеби сыйлығының лауреаты,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
Павлодар қаласының, Баянауыл, Май аудандарының құрметті азаматы

Abai.kz

30 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5434