Сенбі, 23 Қараша 2024
Алаң 4173 10 пікір 15 Шілде, 2021 сағат 14:56

Орталық Азияға ортақ қауіп және Қазақстанның сақтануы

Қазақстан әлемнің қай тұсында діни лаңкестік ұшықса, оны баса назарға алып, күресу жолдарын қарастыратын бірден бір ел. Себебі лаңкестік шекара таңдамайды. Оған Сирия мен Иракқа әлемнің 90-нан астам елінен содырлардың ағылып баруы айқын дәлел. Олардың арасында қазақстандық азаматтар да болды. Міне, сол ащы тәжірибені ескерген билік қазір жан-жақты жұмыс жүргізіп жатыр. Оның ішінде баса назарды Ауғанстан тарапынан туындауы мүмкін радикалдық идеологияларға бөліп отыр. Кеңінен тарқатсақ.

Екі апта бойы әлемнің назары Ауғанстанға ауды. "Талибан" қозғалысы Ауғанстанда жаңа әскери қимылдарға көшіп, айтарлықтай аумақты өзіне қаратқан. Орталық Азия мемлекеттері де жағдайға алаңдаушылық танытып отыр. Себебі Ауғанстан Орталық Азиядағы үш елмен шектеседі. Олар Түркіменстан, Өзбекстан, Тәжікстан. Көршінің үйі өртенсе, өз үйіңді де өрт шалуы мүмкін екенін Орталық Азия басшылары жақсы түсінеді. Сондықтан да ауған жеріндегі арпалысқа алаңдап қарап отыр.

Ауғанстандағы "Талибан" қозғалысының күш алып, жаңа қарқынға көшуіне бірнеше себеп бар. Басты себеп НАТО әскерінің ауған жерінен толық шығарылатыны болып отыр. Трамп билігі бастамасын құжаттық негізде қалап, ал Байден оны шынайы тұрғыдан іске асыруға кірісті. АҚШ 2021 жылдың 11 қыркүйегіне дейін Ауғанстаннан әскерін алып кетпек. 11-қыркүйек күні де әрине символикалық тұрғыдан таңдалды. Өйткені 2001 жылдың 11 қыркүйегіндегі оқиға АҚШ пен Батыс елдерінің Ауғанстанға келуіне себепкер болды. Араға жиырма жыл салып, олар өз елдеріне қайтпақ. Қазірдің өзінде Ауғанстан жерінен коалиция күштерінің жартысы шығып үлгерді. Қалған жартысы алдағы екі жарым айда кезең кезеңімен толық шығарылмақ. Бұл талибтердің күш алуына басты себепкер болып отыр. Талибтер шығып жатқан Батыстық коалицияға тиіспейді, алайда Ауғанстан билігіне қарсы қару кезенуін тоқтатпайды.

Талибанның күш алуына екінші себеп ол пандемия. 2020 жылдан бастап әлемді жаулаған коронавирус ауған жеріне де жеткен. Мемлекет халықты әлеуметтік тұрғыдан қамтамасыз етуге қауқарсыз, ал медициналық негізде жедел әрекет етуге тәжірибесіз болып шықты. Бұл кемшіліктерді лаңкестік ұйымдар өз пайдасына шешуге тырысты. Олардың ішінде "Талибан" қозғалысы да бар. Талибтер өздеріне иелік ететін аймақ халқына азық-түлік таратты, аймақтар арасындағы қозғалысты тоқтатып, вирустың өршуін азайту мақсатында карантиндік шаралар енгізді. Тіпті маска мен емдік шөптер, Пәкістаннан келген дәрілерді де үлестірген. Бұл жергілікті халықтың ықыласына ие болу мақсатында жасалған шаралар болатын. Аталмыш шара идеологиялық негізде "ресми билікке қарағанда Талибан әлдеқайда мықты әрі халықты қолдайды" деген жаңсақ пікірді өршітіп, бырнеше мың халықтың талибтер аймағына өтуіне себепкер болды.

Енді міне араға 25 жыл салып Талибан 1996 жылды қайтарғысы келеді. 90 жылдары Ауғанстанда жаппай шабуылға шығып, 1996 жылы 27-қыркүйекте Кабулды басып алып, тақтан тайдырылған президент Наджибулланы айуандықпен өлтіріп, билікті қолына алған сәтті қайтарсам деп аңсайды. Құр аңсап қоймай, сол мақсатта әрекет жасауда.

1996-2001 жылдар аралығында "Талибан" қозғалысы Ауғанстан аумағының 90%-дан астамын басып алды. Лаңкестік ұйымның қолында тіпті ел астанасы Кабул қаласы да болды. 2001 жылы Ауғанстан жеріне Батыстық коалиция келді. Басты себеп 2001 жылдың 11-қыркүйегінде АҚШ-та адамзат тарихындағы алапат террорлық акт болды. Бұл оқиға АҚШ әскерінің Таяу Шығысқа келуіне себепкер болды. Батыстық коалиция Ауғанстанға ат басын бұрды, себебі ауған жерінде террорлық актіні ұйымдастырған деген Усама Бен Ладен жасырынуда деген ақпарат айтылды. Усама Бен Ладен 2-мамыр күні 2011 жылы Пәкістан жерінде өлтірілді. Ал Батыстық коалиция Ауғанстандағы ресми режимді қолдау жұмысын он жыл қатарынан жалғастырды.

Қазіргі таңда Батыс әскері ауған жерінен шығуда. Бейресми деректер Талибан қозғалысының иелігіне елдің 30% аумағы өткенін хабарлауда. Бұл Орталық Азия елдерінің басшыларын ортақ қауіп алдында бірігуге итермелеуде. Орталық Азияға Талибан қозғалысының кіруі екіталай. Себебі оларға өзге аймаққа өтуге қарағанда, Ауғанстандағы билікті толық алуға ұмтылу маңыздырақ. Алайда Ауғанстан жеріндегі өзге террорлық ұйымдар бәсеке мен өзара соғысқа шыдамай солтүстік аймаққа жылжуы мүмкін. Міне бұл үлкен қауіп болуы ғажап емес. Себебі Ауғанстандағы ДАИШ (ИГИЛ) ұйымында 3 мыңға жуық содыр бар, олардың басым бөлігі Орталық Азия елдерінен шыққан лаңкестер.

Ауғанстандағы ұрыс қимылдарын Ресей барынша өзіне пайдалануды ойлап отыр. Қазірдің өзінде ресейлік БАҚ-тар "Орталық Азияны тек қана Ресей әскері құтқарады" деген ойды тықпалауда. Идеологиялық, саяси тұрғыдан ықпалын арттыру үшін түймедейді түйедей етуде. Кремльдің үйреншікті, жалпыға белгілі әдісі.

Ал орталық Азия басшылары үшін ең тиімді жол, қауіптің барын ескеріп, ескі өкпені ұмытып, өзара әріптестік форматын арттыру. Кикілжіңдерді, су мен шекара бөлісу мәселесін ұрыс даласында емес, келіссөз басында шешуге тырысу. Бұл аймаққа қандай да бір державаның ықпалын арттыруға кедергі жасап, ішкі бірліктің күшеюіне себепкер болар еді.

Қазақстан радикалдық топтарға қарсы жұмысын арттырып, аймақта, оның ішінде Қазақстанда діни экстремизм мен терроризм қаупін артуын ескере отырып, діни лаңкестікке қарсы жұмыстарды күшейтті. Ол идеологиялық сипатта өтуде. Сириядан әкелінген радикалдық топ отбасылары мен мүшелерін оқыту, оларды қайта тәрбиелеу жұмыстары да жүріп жатыр. Енді міне Ауғанстандағы қауіпті де ескеріп, ақпараттық кеңістіктегі жұмысты күшейткен. Бұл ақталатын шара. Себебі лаңкестікпен күрес ең алдымен идеялық негізде өтеді.

Abai.kz

10 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1481
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3253
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5475