Жұма, 22 Қараша 2024
Алаң 6206 9 пікір 1 Қазан, 2021 сағат 16:05

Жер шетелдіктерге жалға беріле ме? (Мамандар пікірі)

Жуырда online.zakon.kz сайтында ҚР Үкімет басшысы Асқар Мамин қол қойған Қаулы мәтіні жарияланды. Ол - ҚР Үкіметі әзірлеген «Жер заңнамасының кейбір нормаларын қолдануға мораторий енгізу туралы» ҚР Президентінің 2016 жылғы 6 мамырдағы № 248 Жарлығына өзгеріс енгізу туралы» ҚР Президенті Жарлығының жобасы».

Құжат номері: № 661. 2021 жылдың 22 қыркүйегінде әзірленіпті.

Құжатта ҚР Үкіметінің жоғарыда аталған жобаны ҚР Президентінің қарауына жіберу туралы Қаулы ететіні жазылған.

Сонымен, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қарауына жіберген Қаулыда не жазылған? Қараңыз:

1. «Жер заңнамасының кейбір нормаларын қолдануға мораторий енгізу туралы» ҚР Президентінің 2016 жылғы 6 мамырдағы № 248 Жарлығына келесідей өзгеріс енгізу:

1 бөлімнің 1 тармағындағы «2021» санын «2026» деп өзгерту;

1 бөлімнің 2 тармақшасын алып тастау.

2.Аталған Жарлық қол қойылған күннен бастап күшіне енеді, 2021 жылғы 30 желтоқсанда күшіне енетін 1 тармақтың үшінші абзацын қоспағанда.

Енді еске түсірейік, ҚР Президентінің 2016 жылғы 6 мамырдағы № 248 Жарлығындағы 1 бөлімнің 1 және 2 тармақшаларында не жазылған?

Қараңыз:

1 тармақшада: «ҚР Жер Кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының 2015 жылдың 2 қарашасындағы Заңын қолдануға 2021 жылдың 31 желтоқсанына дейін мораторий енгізу», - деп жазылған.

Ал 2 тармақшада: «Шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адамдарға, шетелдік заңды тұлғаларға, жарғылық капиталында шетелдік үлесі бар заңды тұлғаларға, үлесі 50 пайыздан асатын шетелдік заңды тұлғаларға ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді жалға алу құқығын беруге», - деп жазылған.

Жоғарыдағы Асқар Мамин Үкіметі әзірлеп, президент Тоқаевтың қарауына жіберді деген заң жобасында дәл осы екі тармақшаға өзгеріс жасалмақ. 1 тармақша бойынша мораторий мерзімі 2021 жылдың 31 желтоқсанынан 2026 жылдың 31 желтоқсанына дейін, яғни және 5 жылға ұзартылады.

Ал мораторийдегі 2 тармақша, яғни кез келген шетелдік қатысы бар заңды тұлғаларға ауыл шаруашылығы жерлерін пайданану құқын шектейтін тармақша алынып тасталады.

Міне, көпшілік жұрттың, сіз бен біздің күдігімізді тудырған да осы мәселе. Мораторийдан «Шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адамдар мен шетелдік үлесі бар заңды тұлғаларға А/Ш жерлерін жалға алу құқы арқылы пайдалануға», деп анық жазылған тармақшаны алып тастау – шетелдіктерге жерді жалға пайдалану құқын қайта қалпына келтіру емес пе?

ҚазТАГ: «Осы арқылы мораторийдің мерзімін тағы бес жылға ұзартқанымен, ондағы ең маңызды тармақша 2021 жылдың 30 желтоқсанынан бастап алынып тасталмақ», - деп жазады.

Жоғарыда айттық. Аталған құжатқа 2021 жылдың 22 қыркүйегінде қол қойылып, ендігі ҚР Президентінің қарауына жіберілген. Алайда, ҚР Премьер-министрінің ресми интернет ресурсындағы Қаулылар бөлімінде дәл жаңағы мораторийге өзгеріс енгізу туралы қаулы жарияланбаған.

Ал inbusiness.kz: «Осы арқылы шетелдіктерге жер сату туралы мораторий күшін жойды. Еске сала кетейік, осы жылдың 13 мамырында президент Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді шетелдіктерге сату мен жалға беруге тыйым салу туралы Заңға қол қойған. Аталған Заң бойынша, А/Ш мақсатындағы жерлерді шетелдіктерге, шетелдік компанияларға, шетелдік үлесі бар қазақстандық компанияларға, азаматтығы жоқ адамдар мен Халықаралық ғылыми орталықтарға, сондай-ақ, қандастарға сату мен жалға беруге толықтай тыйым салады», - деп жазыпты.

Естеріңізге сала кетейік, 2021 жылдың сәуір айында Мәжілістің бір топ депутаты (Самат Мұсабаев, Ғани Ташқараев, Мейрамбек Төлепберген мен Асқарбек Үйсімбаев) шетелдіктерге жер пайдалануға мүмкіндік беретін Заң жобасын Мәжіліске ұсынған еді. Жер кодексінің 48 бабының 2 тармағында: «Шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға – конкурстар мен аукциондардың жеңімпаздарына ауыл шаруашылығы өндірісі, орман өсіру, қосалқы ауыл шаруашылығы мақсатында жерді 25 жылға жалға беру туралы», - деп жазылған. Осы тармақшадағы «ауыл шаруашылығы» деген сөзді «орман өсіру» сөзімен алмастыруды ұсынған. Парламенттің төменгі палатасы бұл ұсынысты мақұлдап, Сенатқа жолдаған. Кейін халық көтеріліп, бұл ұсынысқа қарсылық білдірді. 29 сәуірде Сенат шетелдіктерге жалға беру құқын толық шектейтін өзгерістер енгізіп, Мәжіліске қайтарған.

Біз заңгер Абзал Құспан мен саясаткер Мұхтар Тайжанға хабарласып, аталған мәселеге қатысты пікір сұрадық

Абзал Құспан:

- Дәл қазір Үкімет Қаулысына байланысты алаңдаудың реті жоқ. Себебі, ол жерде жазылған нәрсе мынадан хабар береді: Жерді шетелдіктерге сатуға және жалға беруге қатысты бөлігі бойынша Жер кодексіне тиісті өзгертулер енгізілді. Ал жалпы мораторийде басқа да мәселелер қамтылған. Дәл осы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді шетелдіктерге сатуға және жалға беруге қатысты мораторийдің күшін жою туралы жазылған, Қаулыда. Себебі, бұның енді қажеттілігі жоқ. Себебі, бұл норма Жер кодексіне енгізілді. Бұл ең негізгі талап болатын. Бұдан басқа да көптеген мәселелер бар. Оларға қатысты мораторий әлі күшінде.

Мұхтар Тайжан:

- Ауыл шаруашылығына арналған жерлер шетелдіктерге сатылмайды және жалға берілмейді. Ол биыл қабылданған Жер кодексінде анық жазылған. 24 бапта. Заңның нормалары тек қана басқа Заңмен өзгертіледі. Үкімет өз Қаулысымен оны өзгерте алмайды. Бұл мораторий ендігі керек те емес. Себебі, нақты бұл мәселе уақытша емес, түбегейлі шешілді.

1. Бұрын Жер кодексінде шетелдіктерге жерді жалға алуға құқық беретін норма болған.

2. 2016 жылы Президенттің жарлығымен ол нормаларға мораторий жарияланды.

3. 2021 жылдың маусымында Жер кодексіне өзгертулер мен түзетулер енгізілді. Ол бойынша шетелдіктерге жерді сатып алу мен жалға алуға тыйым салынды.

4. Сондықтан, Нормативтік құқықтық актілерге сәйкестендіру үшін Президент Жарлығына өзгерістер енгізіліп, бұл нормаларға мораторий алынып тасталды.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

9 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1463
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3230
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5322