Бекболатты Ердоғанмен не байланыстырады?
Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан өз еркімен мерзімінен бұрын қызметтен кетті. Кетер алдында «біреуді ренжіткен болсам кешірім сұраймын», деп қоштасты. Қызметтен кету себебін ол денсаулық жағдайына байланысты деп түсіндірген.
«Негізгі себепті жасырмаймын, ол денсаулығына байланысты. Мен біраз демалғым келеді. 55 жастан кейінгі кейбір нәрселер шыға бастайды, осыған байланысты мен кешенді ем алғым келеді», - деді ендігі экс-депутат.
Бүгін оның Бүкіләлемдік этноспорт конфедерациясының бірінші вице-президенті болып тағайындалғаны да белгілі болды.
Ол туралы мәжіліс төрағасы Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин өз сөзінде айтты.
«Бекболат Қанайұлын баршаңыз жақсы білесіздер. Елімізге танымал тұлға. Бүгін де Бекболат Тілеуханұлын білмейтін қазақ жоқ жесек артық болмайды. Ол саясатта болсын, өнерде немесе қоғамдық өмірде болсын, үлкен абырой жинап келе жатқан азаматтардың бірі.
Бірнеше шақырылымда Мәжіліс депутаты болды. Халыққа қажетті заңдарды қабылдауға ықпал етті. Әсіресе әлеуметтік-мәдени даму жолында Бекболат Қанайұлының еңбегі зор.
Енді міне, Бүкіләлемдік этноспорт конфедерациясының бірінші вице-президенті болып тағайындалды. Сондықтан әріптесімізге алғыс білдіре отырып, алдағы уақытта да зор денсаулық, жаңа қызметте табыс тілейміз», - деді ол.
Бекболат Тілеухан 2020 жылдың 12 қарашасында бүкіләлемдік этноспорт конфедерациясы жанынан құрылған Орта Азия комитетінің тұңғыш төрағасы болып сайланған болатын. Комитет құрамына Азияның 10 мемлекеті мүше.
Бүкіләлемдік этноспорт конфедерациясының президенті Түркия Президенті Режеп Ердоғанның ұлы Неджмеддин Біләл.
Abai.kz