Өскемендік «мұғалім»: Путин келіп, бізді құтқарады...
ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетіні,
ҚР Ішкі істер министрлігінің назарына!
Ресейдің өктемшіл де озбыр саясатын жүзеге асыру мақсатымен, бейбіт қана өмір сүріп жатқан Украина халқына қарсы соғыс ашып, үздіксіз бомбалап жатқанын бүкіл әлем көріп отыр.
Азаттық сүйгіш украиндар қазір басқыншыларға қарсы жан беріп, жан алысқан күресін жалғастырып жатыр. Былай қарағанда Украина елі бізге қашықтау секілді көрінгенімен, оның басына туған күн ертең бізге де тиюі әбден ықтимал. Өйткені біздің арамызда да үнемі сол Ресейге қарап бүйрегі бұратындардың өзіңе қарап күле сөйлегенімен, өздерінің арамза ниеті осындай алмағайып заманда шыға келетіндігі әлмисақтан белгілі.
Осындайлардың бірі өткенде Қостанайдан шығып, елді бір дүрліктіріп еді. Татьяна Михайлова деген өзін мұғаліммін деп таныстырып, бұл өлке қашаннан орыстікі болғанымен қазір қазақтардың қаптап кеткендігін, орыс мектептерінің жабылып жатқандығын айтып, Ресейге қарап ұлығаны бар.
Енді міне, Өскеменде оның бір ниеттесі шығыпты. Әлеуметтік желіде кең тараған бұл постыда орыстың жап-жас қызы біздің елде нацизмнің етек алып бара жатқандығын айтып, көз жасын төгіп, анау-мынау емес, өздерінің қамқоршысы санайтын Путиннен көмек сұрайды. Яғни, жау іздеп, тиісерге қара таппай жүрген қалың орыс әскерін осында кіргізіп, «орыстілділерді қорғауға келдік» деген сылтаумен бізді де бомбаның астына алғанды қалайды.
Жалпы, Ресей телеарнасындағы Соловьев пен Симонян секілді пропогандистердің өтірігіне әбден миы уналған, сонысымен мүлдем зомбиланған мұндай міскіндер аяқ астынан пайда бола қойған жоқ. Олар өлгелі жатқан Жириновский секілділердің «Қазақстанның солтүстігі ежелден орыстың жері» деген насихатына құлай сеніп, өздерінң өмірлік ұстанымына айналдырған. Оның үстіне, күні кеше ғана Ресейдегі коммунистердің көсемі Зюганов та әлеуметтік желіде осы сөзді қайталаған постысы тағы да шығып, отқа май құя түсуде. Ал біздегі коммунистер ше? Олар неге үндемейді? Әлде, біздегі коммунистердің ойы да солармен бірге шығып жатыр ма? Бұл ойнаралық жайт.
Жалпы, Ресейдің басқыншылық соғысынан кейін Путиннің бұл арандатушылығын ашық қолдайтындар көбейіп кетті. Мұны ең алдымен өзіміздің «данышпан стратег», «ғұлама саясаткер», кезінде Президент жанындағы стратегиялық зерттеу инстутын басқарған Болат Сұлтанов деген еліміздің белгілі порталының біріне құлаштай мақала жазып, оның ұстанған ұлы державалық саясатына түсіністікпен қарайтындығын ашық айтты.
Сосын «ергежейлі сұлтановтар» дүре көтерілді. Әлеуметтік желідегі орыс ұлтының жап-жас өркендерінің аузына келгенін айтып, қазақ халқына ашықтан-ашық жала жауып, Путиннен әскери көмек сұрап, елімізді қанға бөктіруді көксейтіндердің көбейіп кеткендігіне таң қалудың реті жоқ. Алдымен Астана мен Шымкентте, сосын Оралда машиналарына Ресейдің Украинаға қарсы басқыншылық соғысына қолдау көрсету ниетімен, олардың техникасындағы «Z» белгісін салып алып, көшемізде ойқастап жүреді. Сосын әлеуметтік желіге шығып алып, Қазақстанға қарсы соғыс ашуға үндейді. Келесі кезекте тағы нені ойлап шығарады? Қойнындағы кезекті тасы қандай? Бұған мына еліміздегі жұрттың бәрін әлдеқашан ығыр қылған Қазақстан халқы ассамблеясы деген ұйым не дейді? Әлде сол баяғы қалыптасқан әдетімен, аузын буған өгіздей үндемей қала ма?
Жайберген Болатов
Abai.kz