Сенбі, 23 Қараша 2024
Білгенге маржан 3507 1 пікір 11 Сәуір, 2022 сағат 11:25

Қарсыласу - достықтан, одақтасу - елдіктен айырады!

Басы: Дэн Сяопин және Қытайдың дипломатиялық стратегиясы

Жалғасы: Баса билеуге қарсы тұрып, әлемдік бейбітшілікті қорғау

Дэн Сяопин Қытайдың қандай бір елмен қарым-қатынасында да екі түрлі шектен шығуды болдырмау керек деп есептейтін. Бұл - жауласу мен одақтасу болатын. Жауласу – достықтан айырады, одақтасу – тәуелсіздіктен айырады деген принцип. Мұның екеуінен де бойды аулақ салудың тиімді жолы дербес, өзіне-өзіне қожа болып, бейбіт, қатар өмір сүрудей дара дипломатиялық саясат. Оның түп мәні мен маңызы - кез-келген елмен бейбіт, достықта өмір сүру. Бірақ, ішек-қарның араласып кетпей, белгілі аралық сақтау. Мұндай салқынқанды дипломатиялық саясат Қытай үшін ең тиімді таңдау болатын.

Реформа мен есік ашу саясаты жолға қойылғаннан кейін Дэн Сяопин барлық күш-жігерін сала отырып, АҚШ, Жапония, Батыс Еуропа және Кеңес Одағымен жаулық қарым-қатынасты аяқтастырды, немесе өзара қырғиқабақ жағдайды бәсеңдетті. Бірақ әрқайсымен де белгілі бір арақашықтықты сақтап отырды. Ешқайсымен аяқ-табақ ауысып, ауыз жаласып кете қойған жоқ. Бұрынғы айтқанымыздай Қытай үшінші дүние елдерімен достықтан айныған жоқ. Бірақ, оларға аға болып, басынан сипап, бауырына тартудан да аулақ болды. Азиядағы экономикалық дамудың көшбасшысына Жапониямен теңіз арқылы тұтасатын тату көрші ел бола тұра, оны өзінің ықпал-күш аумағы ретінде қарастырмайды. Дэн Сяопин 1979 жылы АҚШ-қа сапарлай барып, Қытай-АҚШ қарым-қатынасын қалыпты достық бағытқа бұра алды. Мұндағы ойы Кеңес Одағының баса билеуіне жасаған қарсылығы еді. Бірақ АҚШ-тың құшағына бірден құлай кетіп, оның саяси компаниясының мүшесіне айналған жоқ. Сапар аяқталғанда тек қана бірлескен ақпарат берумен ғана шектелді. Бірлескен мәлімдеме жасауға асыққан жоқ. Бұлай істеудегі мақсаты мәселені шамадан тыс ресмилестіріп жібермеу, өзіне де қайта айналар мүмкіндік қалдыру еді. ХХ ғасырдың 80-жылдарында Кеңес Одағымен қарым-қатынасты да жақсартуға мүмкіндік алды. Бірақ 50-60 жылдардағыдай жолдастық, бауырластық қарым-қатынас деуден әдейі бой тартып, Қытайдың ендігәрі тек қана дербес, өз-өзіне қожа болу саясатын жүргізетінін әйгілеуді мақсат тұтты.

Қытайдың біреумен достасып және оған ішін бермей салқындық танытуын  Қытайдың ежелден келе жатқан шынайы достыққа ұмтылмайтын, достықтан гөрі әріптестікті, пайда-зиян қарым-қатынасын маңызды орынға қоятын салқынқанды Қытайлық дипломатияның Дэн Сяопиндік формасы деп түсінген жөн болады.

Былай қарағанда, мұндай қарым-қатынастан үйренетін де тұстары жоқ емес. Мемлекет аралық қарым-қатынаста өз еліңнің мүддесін басты орынға қоюдың маңызы ерекше. Біз кейде ұлы көршілеріміз ренжіп қалмасын деген ұстаныммен өмір сүретін сияқтымыз. Біреудің қас-қабағына қарау, дау жоқ, әлсіздік. Бірақ басқа елдер түгелдей мінсіз, құрыштан соғылған, әлсіз жері жоқ деп ойлау жұмсартып айтқанда білместік болар еді. Достармен белгілі бір ара-қатынас сақтаудың өзіндік пайдасы бар. Біреумен шамадан тыс ауыз жаласып кетсең, басқа бір достарыңның күдік-күмәні көбейіп, сенен алыстай бастауы мүмкін. Сол себепті адами қарым-қатынастағы белгілі бір салқындық қарым-қатынас аумағын еркін кеңейтуге мүмкіндік береді. Мемлекеттік қарым-қатынас та осыған ұқсайды. Бірнеше мемлекет өзара бірлесіп, кеден одағы, тағы бір одақ деген сияқты одақ болу басқа бір елдерді сыртқа тебумен бірдей құбылыс. Ал сенің сол одақтасың сенің шынайы жанашырың, айнымас досың болатындығына да кепілдік жоқ. Сол себепті Дэн Сяопин ешбір елмен одақтаспаған абзал деп шешті.

Бізде сыртқы қарым-қатынаста үнемі ырықсыз жағдайда өмір сүретініміздің ең басты себебі де одақтағы елдердің қас-қабағын бағудың кесірінен туындап отыр деп ойлаймын.  Мысалға біз Ресейдің Украинаға бағыттаған саясатында екі ұшты, жалтақ саясат ұстанып келеміз. Тіпті, шапқыншылық, басып алудың өзін өз атымен атаудан тайсақтаймыз. «Өз бетін аямаған біреудің бетін шиедей қылады» дегендей, өз бауырлас туысын аямаған Ресей бізге қашанға дейін дос болып жарытатындығын бір Құдай білсін. Украиндардың басына берген тағдырды Алла тағала бізден аулақ еткей!

Басқа елдермен достық қарым-қатынаста жақындық, бауырмалдық сезімдердің болатынын жоққа шығаруға болмайды. Мысалы біз өзіміздің Түркі тектес бауырларымызды басқалардан жақын, ыстық санаймыз. Сол сияқты Қытайлар да өзімен ауылы аралас, қойы қоралас, өзінің ежелгі бағынышты елдерімен басқалардан гөрі жақын қарым-қатынаста болуы табиғи құбылыс. Бірақ Дэн Сяопин мейлі қандай жақын қарым-қатынаста болуына қарамастан, біреумен одақ болуға үзілді-кесілді тыйым салды. Одақ құрудың үш түрлі жағдайы бар:

- Біріншісі – басқалар әлсіз болып, ол Қытайдың қолтығына тығылуы мүмкін. Мүмкін, біреудің кіріптарлығынан Қытайға азды-көпті пайда келуі де мүмкін. Бірақ ол одақтастар, дау жоқ, үшінші дүние елдері ғана болады. «Өзі жарымағанның сарқытын ішпе» дегендей, ондай ұсақ-түйек, кедей-кепшік мемлекеттердің Қытайға берерінен алары көп болатындығы Мао Цзэдуң дәуірінде толық дәлелденген болатын.

- Екіншісі - күштілермен одақтасту. Мысалға, АҚШ-пен одақ құру - Қытайды осы одақтың соғыс кемесіне байлап берумен бірдей болатын. Ал біреудің соғыс кемесіне байланған соң, өз бостандығыңнан айырылу өз алдына, қала берді өз қауіпсіздігіңді де басқалардың қолына тапсырып бересің. Мұның ақыры біреудің қас-қабағына қарап өмір сүру деген сөз. Ал сенің қорғаушы-қамқоршың сенен теріс айналған күні сенің қауіпсіздігің де қыл үстінде қалады.

- Үшіншісі – тең құқылы одақтастық. Мұнда қарым-қабілеті өзіңмен қарайлас елдермен одақ боласың. Ішке қарата міндеттемелер мен құқықтар да бірдей болады. Сыртқа қарата ол сені көзір ретінде пайдаланады. Ал сен де оны көзір ретінде пайдаланасың. Былай қарағанда, дос болып құшақ айқастырып, өзіңде жоқты өзгеден алып, құда да тыныш, құдағи да мәз, аяқ-табақ айқасып, керемет күй кешесің. Бірақ мұның да өзіндік тиімсіз жақтары болады. Мысалға, «әсіре қызыл тез оңар» дегендей, күндердің күнінде сол досыңның көңілін бір атым насыбайдан қалдырсаң, екі жаққа да жеңіл соқпайды. Ең дұрысы, «сен жақсыда - мен жақсы» деп, белгілі бір аралық сақтап, өз бостандығың мен құқығыңды дербес ұстағанға жетпейді. Бұлай істеудің пайдасы өз еркің өзіңде, ешкімнің қас-қабағына қарамай еркін қимылдайсың. Басқалар да сенен артық бірдеме дәметуге қымсынады. Мұның Қытайға пайдасы -  айналадағы достарының бәрі Қытайдың біреуге бүйрегі бұрылып кетуінен алаңдап тұрады. Басқалар сені көзір ретінде пайдалана алмайды. Ал сен өз мүддеңе жарай ара-қатынасты  реттеп, басқаларды кезекпен көзір ретінде пайдалана бересің.

Біреумен шынайы дос болмасаң, одақ құрмасаң, оқшауланып, дара қалып қалуың да мүмкін ғой. Ал Қытай сияқты алып ел үшін одан алаңдаудың қажеті жоқ. Егер сен әлемдік қауымдастықта ешқандай салмағың жоқ әрең жан бағып отырған бір ел болсаң, онда сөз басқа. Ал Қытай сияқты жер көлемі үлкен, халқы көп, алып мемлекет үшін ешкім де оған бейжай қарай алмайтындығы даусыз. Дэн Сяопиннің есебі осыған құрылған. Батыстағы дамыған елдер үшін алғанда Қытайдың алып тұтыну базарының өзі оларды Қытаймен санасуға, дау жоқ, мәжбүрлейді. Бұл жерде мына бір жағдайды ескеру керек. Қытайдың әлемнен оқшауланбауының алғышарты – ол ешкіммен де араз-ашты, дау-дамайдан аулақ болып, жауласудан бойын мүлде аулақ салуға тиіс. Ешкімді ренжітпесең, елдің бәрімен дос пейілді барыс-келіс жасап тұрсаң және күнің ешкімге қарамаса, өз-өзіңе қожа болып, өз бетіңше еркін өмір сүрсең, нәтижесі қандай болуы мүмкін? Бұлай істеудің пайдасы - елдің бәрі сенімен жақындасқысы келеді, ешкім де сені ренжітуге құлшынбайды. Міне солай Қытайдың халықаралық беделі арта береді, достары да күн өткен сайын көбейе береді. Сол себепті Дэн Сяопин: «Біз дербес, өз-өзіне қожа болудай бейбіт дипломатиялық саясатқа табанды болуымыз, ешқандай одаққа кірмеуіміз, бәрімен барыс-келіс жасауымыз, бәрімен дос болуымыз, кім баса билеуге ұрынса, кім біреуге шапқыншылық жасаса - соған қарсы тұруымыз, әділет сөзімізді айтып, әділетті тірлік кешсек – біздің еліміздің халықаралық саясаттағы салмағы арта береді. Біздің бұл саясатымыз қазірдің өзінде өз нәтижесін бере бастады. Бұл саясатқа мәңгі табанды болуға тиіспіз», - деп қорытындылады.

Бір елдің ішкі ісіне килікпе және өз ісіңе де біреуді киліктірме

Өзара ішкі саясатқа араласпау – Қытай үкіметі ежелден дәріптеп келе жатқан бейбіт қатар тұру бес принципінің біреуі. Бұл принцип сонау елуінші жылдарда көрші ел Идниямен бейбіт бітім жасау кезінде қолданылған болатын. Осы саясатты 80-жылдарда Дэн Сяопин Қытайдың ішкі саясатын қорғау бағытында аса маңызды қару ретінде шебер пайдаланды. Бұл Дэн Сяопиннің сыртқы саясатта ылғи да аузынан тастамайтын сөзінің «Бісімілләсіне» айналды. Бұл туралы Дэн Сяопин: «Халықаралық қатынастағы жаңа тәртіптің ең маңызды принципі - басқалардың ішкі ісіне килікпеу болуға тиіс», - деп атап көрсетті.

Біреудің ішкі ісіне араласу деген, шынында, өте нәзік мәселе. Былай қарағанда, оның ара-жігін айқындау тым қиынға түседі. Егер біреу қару кезеніп, сенің жеріңе басып кірсе, оны жау екен деп атып өлтіресің. Ал ішкі саясатқа араласуда біреу сені досыңмын деп келіп, құшақтап, тұншықтырып өлтіруге оқталуы мүмкін. Әрине, мұндай зымиян саясат бәрінен де қауіпті. Мұндай саясат көбінде империялық пиғылы қанына сіңген ірі елдерге тән құбылыс. Олар өзінің ықпал-көлемі санайтын шағын елдерге үнемі осындай саясат ұстану арқылы өз есебін түгендеп отырады. Ал ондай зымиян пиғылы іске аспаған күні қару кезеніп, жаулық пиғылын айдай әлемге паш етеді. Біз Украина мен Грузияның қатал тағдырынан осы бір шындықты айқын аңғара аламыз.

Экономикалық жақтан кенже дамыған және аз сандағы ірі елдердің әлемді баса билеуін қаламайтын сол кездегі Қытай үшін ірі елдердің өз ішкі ісіне араласуына оның табанды қарсы болуы табиғи құбылыс болатын. Бір ғасырға жуық уақытқа созылған жартылай отар, жартылай феодалдық жағдайда өмір сүрген Қытай үшін басқалардың баса билеуі оның жүйкесіне ши жүгіртетін ең әлсіз тұсы еді.  Бұл жерде ішкі саясатқа араласпау тек Қытай үшін ғана пайдалы десек, қатты қателесеміз. Ол әлемдегі барлық шағын, әлсіз, кедей елдер үшін де ерекше маңыз алатын. Біртұтас Африка Ұйымы күллі Африкаға басқалар килікпесін деген ұранды айтудан жалықпайды. Бұдан тыс әлемнің бестен бір халқын құрап отырған Ислам әлемі де Батыс елдерінің баса билеуінен әбден запы болған еді. Ал әлемнің бестен бір халқын құрайтын Қытайлардың өзі өз ішкі ісіне біреулердің араласуын тіптен қаламайды. Енді есептей беріңіз. Әлемнің басым көпшілік елдері иттің етінен жек көретін мұндай баса билеу саясаты кім үшін керек?!

Күллі әлемде мынадай бір жаңсақ түсінік бар. Қытайды өзінің арғы-бергі тарихында сексеннен астам ұлт пен ұлысты ассимилияцияландырып, жұтып қойған қорқау кейпінде елестетеміз. Бірақ Қытай тарихындағы ұлы империялардың көбі көрші ұлттар құрған ұлы қағанаттар. Мысалға, Юань патшалығы Моңғолдар құрған империя, ал Шин патшалығы Шүршіттер құрған империя. Ал таза Қытайлардың өзі қалыптастырған патшалықтардың ықпал көлемі көбінде Ұлы Қорғаннан тысқары кете қойған жоқ. Бір қызығы, олар көрші елдермен тату-тәтті тұру үшін үнемі оларға алман-салық төлеп, тарту-таралғы ұсынып тұру арқылы тыныштық сақтап отыратын. Коммунистік Қытайдың бір кездері Кореяға әскер кіргізгені бар. Ондағы мақсаты  АҚШ бастаған батыс әлемінің ықпал-күші Қытайдың іргесіне келіп, сол кездегі  экономикалық жақтан ең қуатты аймақ Манчжурияның қауіпсіздігі үшін жасалған болатын. Соның кесірінен Қытайдың адами және заттық ресурстары орны толмас шығынға ұшырады. Қытайдың төл перзенті ретінде Дэн Сяопин астамшылдық пен баса билеу Қытайға ешқандай да пайда әкелмейді деп ойлайтын. Сол себепті де ол реформа мен есік ашу басталысымен бүкіл әлеммен достасуға ден қойды. Ондағы мақсаты соғыс өртінен сақтанып, Қытайдың осы замандандыру құрылысы мен дамуына бейбіт орта қалыптастыру болатын. Шын мәнінде, сол кезде қайыршылық халде тұрған Қытайдың өз бас ауруы да жетіп артылатын. Сондықтан оның басқа біреудің ішкі ісіне килігуге шамасы да жоқ еді.

Қытай осы замандандыру құрылысы мен бейбіт даму үшін, дау жоқ, сыртқа есік ашу керек болды. Әсіресе, дамыған батыс елдеріне  есікті айқара ашу керек. Сол себепті Дэн Сяопин ішкі саясат пен сыртқы саясаттың ара-жігін ашып алуды жөн көрді. Сыртқы саясатта дамыған елдерге «капиталыңды сал, технологияңды әкел, пайдаңды тап, бірақ, бір шарт – ішкі саясатқа араласпа» деу еді. Әрине, батыс елдері Дэн Сяопин осылай айтты екен деп, қол қусырып қарап отырмауы мүмкін. Ақша-капиталымен бірге олардың құндылығы да, тұрмыс-әдеттері мен еркін ойлау жүйесі де бірге ілесіп келері даусыз. Коммунистік идеядан бүкіл әлем теріс айналып, одан безініп жатқан заманда Қытай Маркстік-Лениндік идеямен біреудің басын айналдыруы былай тұрсын, батыс әлемінің ықпалы ҚКП биліктен бейбіт ауыстырып жіберуі де мүмкін. Одан қорқып есікті тарс бекітіп алуға тағы болмайды. Оның бірден бір амалы - басқаларды өзінің ішкі ісіне араластырмау. Осы ойдың жетегінде 1989 жылы Дэн Сяопин шұғыл шара қабылдап, ҚКП аман алып қалды. Әлемдік өркениетке қарай бағытталған өзгерістерге байланысты Дэн Сяопин Қытайдың өзгеруіне өзінің қарсы еместігін, бірақ ол Қытай халқының өз таңдауы мен қалауы болуы керектігін, басқалардың сызған сызығымен жүру Қытайдың ұлттық намысына саятын аса нәзік мәселе екендігін айтудан жалықпайтын. Шынында, бір ұлтта ұлттық намыс болмаса, ұлттың дербестігі мен қадір-қасиеті оның тілі мен салт-дәстүрі құрметтелмесе, мемлекеттің тірегі, дау жоқ, бекем болмайды. Бұл туралы Дэн Сяопин АҚШ-тың 37-президенті Ричард Никсонмен кездескенде: «Егер Қытай өзін сыйламайтын болса, ол табаннан тік басып тұра алмайды, мемлекеттің қадір-қасиетін жоғалтады. Мұның салдары апатты жағдайға ұрындырады. Өз халқына сенімсіздікпен қарап, қолдауды жат жұрттан іздеген кез-келген басшы осы мәселеде қателессе, ол, сөз жоқ, өзін жерлеп тынады. Қытай халқы ондай екі беткейлерді кешіре алмайды», - деген болатын. Расында, Қытайдың таяу заман тарихына көз жүгірткенде Отанды саудалады деген күдікке ілінген кез-келген биліктің ғұмыры келте болыпты.

Басқаларды өзінің ішкі ісіне араластырмаудың Қытай үшін тағы бір іс жүзіндік маңызы бар. Қытай тәуелсіз республика болып қалыптасқанымен, оның иелік құқығы, дербестігі мен территориялық тұтастығы толықтай жүзеге асқан жоқ болатын. Мысалға, егер Тайвань мәселесі ушығып, халықаралық сипат алса, онда Қытайдың тұтастығынан үміт үзіледі. Тайвань мәселесін халықаралық сипат алдырмаудың бірден-бір жолы Тайваньды Қытайдың ішкі мәселесі ретінде қарастырып, оған басқа елдерді араластырмау. Мұнда Қытайдың ұстанған ең басты принципі Қытай әрқандай бір елмен достық барыс-келіс жасаудағы алғышарт – Тайваньды Қытайдың бір бөлігі ретінде мойындату. Демек, Тайвань мен ұлы құрлықтың қарым-қатынасы қалай дамыса да, ол тек Қытайдың ішкі мәселесі болып қала береді. Басқалардың оған қол сұғуға хақысы жоқ дегенді шегелеп отыру үшін керек.

Жалғасы бар...

Рақым Айыпұлы

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5435