Жұма, 22 Қараша 2024
Көршінің көлеңкесі 4741 12 пікір 27 Шілде, 2022 сағат 14:51

"Вагнер жасасын": Елордада Ресейді ұлықтаған кімдер?

Ресейдің әскери пропагандасы тек Ресей аумағында емес, сонымен қатар өзге орыстілді ортасы бар мемлекеттерде де кең етек жайған. Мәскеу түрлі медиа құралдар арқылы "Ресейдің әділетті соғыс жолындағы жауынгерлері" жайлы айтуды бір сәт тоқтатқан емес. "Украинада неонацизмді талқандап, азат етіп жатырмыз" дегенге кей қазақтың сенетіні де бар. 

Украинаға Ресей соғыс ашқан сәттен бастап, ресейліктер жаппай посткеңестік елдерге кете бастады. Бұл Батыс салған санкциядан сақтану жолдары болатын. Ресей азаматтары үшін банктық аударымдар жасауға тыйым салынып, түрлі әлемдік компаниялар Ресей нарығынан кетуде. Әлеуметтік желілер бұғатталып, интернет жылдамдығы да нашарлаған. Ал Ресей азаматтары өркениетті әлемнің барлық игіліктерін қолдану үшін өзге елге кетуде. Кей сарапшылардың пікірінше арнайы мақсатпен келіп жатқан, арнайы қызмет өкілдері де олуы ықтимал дейді. Олар барған елдің қоғамын зерттеп, бақылау жүргізіп, арандатумен айналысуы да бек мүмкін.

Арандату демекші, күні кеше ғана ел астанасында елең еткізерлік жайт болды. Есілдің жағалауында қонақтарға ән айту мақсатында ашық караоке ұйымдастырылған. Ашық караокеге кез келген адам қатысып, әнін айта алады. Бұл қала қонақтары мен тұрғындарына көтеріңкі көңіл-күй сыйлау мақсатында жасалған болатын. Міне, сол ашық караоке айдарында бір топ жігіт Ресейді ұлықтайтын, оның жеке әскери компанияларын мақтайтын ән айтқан. Әннің сөзіне мән беретін болсақ, "Жасасын Ресей", "Вагнер келеді, әділеттілік орнатады" деген жолдар бар. Бұл таза Ресей соғысы мен агрессиясын жақтау деген сөз. Әнді орындаған сәтте, экранда "Вагнер" жендеттерінің Сирия мен Ливияда соғысқан әскери әрекеттері көрсетіліп тұрған.

Бұл қоғам тарабынан үлкен наразылық тудырды. Халық "құқық қорғау органдары не қарап тұрған, неге тоқтау салмаған" деп пікірін білдіруде. Ал қоғам белсенділері әлеуметтік желіде құзырлы органдарға өз сауалдарын қойып, наразылықтарын танытуда.

Қоғам қайраткері Мұрат Әбенов былай деп жазды: "Сепаратизмді насихаттайтын Ресей азаматтары астанада неге ашық жүр ән айтып
Астана ортасында, қоғамдық орында бір топ жас сепаратизмді насихаттайтын ән орындады. Дереккөз: Астана, Есіл жағалауында 24 шілдеде бір топ жас ресейлік "Вагнер" жеке әскери компаниясы (ЧВК Вагнер) деген атпен танымал жалдамалы жендеттер туралы әнді орындады".  

Бұл жазбаға Сарыарқа әкімдігі былай деп пікір жазды: "Сарыарқа ауданы әкімі аппараты мен белсенді тұрғын Арай Ордабаева көмегімен Арбатта барлық тілек білдірушілер үшін тегін караоке ұйымдастырылған болатын.
Караокеде әндердің белгілі бір каталогы бар, ал Арбаттың әрбір қонағы кезек тәртібімен әндерді орындай алады. Өкінішке орай, кейбір қонақтар жалпы қабылданған ережелерге қайшы, өзге тарап қызметінен арандатушылық музыканы қосты. Осы оқиға үшін елорда тұрғындары мен қонақтарынан кешірім сұраймыз! Жауапты қызметкерлермен қосымша нұсқаулық өткізілді. Караоке жеке саяси көзқарастарды насихаттау құралы ретінде емес, тек ойын-сауық мақсатында ұйымдастырылғанын айта кетейік".

Бұл жауапқа қарап, арандатушылық сипатта ән айтқан азаматтар қандай да бір жауапкершілікке тартылатыны байқалмайды.

Ресейдің жеке әскери компаниясы саналатын "Вагнер" жендеттері бұған дейін әлемдік қауымдастықтың назарына ұшырап, санкция салынған болатын. Еуропа елдері мен АҚШ адам құқығын бұзып, қинау фактілері бойынша оларды қара тізімге енгізген. Бүгінгі күні вагнерліктер Украинада сепаратистермен бірге Киевке қарсы соғысуда. Қанды тарихы бар вагнерліктерді әнге қосу соғысты, бүлікті, сепаратизмді жақтау емес пе?!

Ал ашық караокеде Вагер мен Ресейді ұлықтап, соғыс жайлы ән айтқан кімдер екені әлі белгісіз. Құзырлы органдар арнайы ақпаратты әлі бермеді. Ән айтушылар Қазақстан азаматтары ма, әлде өзге ел тұрғындары ма деген сұраққа да әлі жауап жоқ...

Ка Мырза

Abai.kz

 

 

 

 

 

 

 

 

12 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1463
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3230
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5321