Жұма, 22 Қараша 2024
Көршінің көлеңкесі 3802 8 пікір 28 Шілде, 2022 сағат 13:29

Келсімді аяқасты ету Путин үшін түк емес

Күні кеше ғана Түркия билігі Украина мен Ресейдің арасына арағайындық жасап, Украина астығын экспорттау ісіне қатысты тараптардың жаңа келісімге қол қоюуына мұрындық болды. Келісімге қол қойғанын қайтейік, арада апта өтпей жатып, Путин әскері Украинаның портты қаласы Одессаны зымырандармен атқылап, сөзге тұрмайтындарын тағы бір рет дәлелдеді.

Халықаралық келсімдерді аяқ асты ету, қол қойған құжатты орындамау  Кремль үшін қалыпты дүниеге айналғаны қашан?!

Қазіргідей дамыған заманда ақ қағаздағы келсімге қол қойып, мөр басқаннан кейін оны орындау кез келген мемлекет үшін парыз.

Өкінішке орай, қазір Ресейде халықаралық келісімдерден гөрі Путиннің империялық ойы бәрінен де жоғары тұратынын ұмытпауымыз керек. Сондықтан Путиннің айтқанына әсте сенуге болмайды.

Ертеңгі күні Ресей астық экспорты бойынша келсімді пайдаланып, әскери кемелерімен Одесса портына басып кірсе таңқалмаңыз. Сондықтан бұл істе екі шоқып бір қараған абзал.

Украинаның Оңтүстік әскери қолбасшылығының баспасөз хатшысы Наталья Гуменюк Ресейдің Одесса портын көздеп атқан зымырандары сусорғы стансасын зақымдап, теңіз айлағына жақын тұрған үйлерді қиратқанын мәлімдеді. Бір жақсысы теңіз айлағындағы астық сақтайтын қамбалар зардап шекпепті.

Ал осыдан кейін Ресей астық экспорты туралы келсімді бұлжытпай орындайды дегенге кім сенеді? Ешкім де сенбейді.

Путиннің халықаралық келісімдерді аяқасты етуі бірінші кезекте Ресейдің өзі үшін қауіпті құбылыс. Ресей басшысының бұл әрекеті алдағы уақытта  Ресейді бөлшектеп тынуы мүмкін. Путиннің билікті сақтап қалу жолындағы әрекеттері өзімен қоймай айналасындағы көршілеріне де көптеген қолайсыздықтар тудырып отырғаны жасырын емес.

Естеріңізде шығар, 90 жылдардың басында Қазақстан мен Украина «Будапешт келсіміне» қол қойып, ядролық қарудан бас тартты.

Сол кезде АҚШ пен Ресей Қазақстан мен Украинаның қауіпсіздігіне кепіл болған еді. Ал қазір Ресей сол келсімді тәрк етіп, Укрианаға басып кіргенін қалай түсінуге болады?

Путиннің жандайшаптары Қазақстанға да доқ көрсетіп, қоқан-лоқы көрсетіп келеді. Жылдар бойы Жириновскиймен алысып едік. Енді оның орнын Никонов пен Кеосаяндар басып жатыр.

Сіздерге бір қызық айтайын. АҚШ пен Ресейдің арасы жақсы кезде америкалықтар мен орыстардың кәсіпкерлері жыл сайын бір қалада бас қосып, өздерін мазалаған мәселелерді талқылап тұрған ғой.

Сондай кездесулердің бірі Вашингтонда өтеді. Сонда жұрттың сұрағына жауап беріп отырған АҚШ-тың бұрынғы Қорғаныс министрі Дональд Рамсфелдке орыс кәсіпкері «Біздер жемқорлықтан мезі болдық. Осыдан қалай құтылуға болады?» деп сұраған. Сол кезде Рамсфелд те мүдірместен:

– Ой, ол оңай ғой. Жемқорлыққа қарсы заң қабылдасаңыздар болды, – деген ғой. Сонда орыс кәсіпкері:

– Рамсфелд мырза, бізде жемқорлыққа қарсы бірнеше заң, қаулы-қарарлар бар. Бірақ жемқорлықты заңмен тию мүмкін болмай тұр. Жемқорлықты жоқ қылатын басқа айла-шара бар ма? – деп қайталап сұрапты. Сол кезде Рамсфелд:

– Енді бұдан басқа қандай айла-амал болуы керек? – деп орыстардың заңды орындамайтына таң қалған екен.

Міне, байқадыңыздар ма, бүгінде Путин Ресейді қол қойған келісімді, заңды орындамайтын әпербақан, орта ғасырдағы жабайы мемлекетке айналдырды. Сондықтан орыстардың Украинаның астық экспортына қатысты келісімін орындайды дегенге сенім жоқ.

Ресей алақандай аймақта орналасқан Солтүстік Корея емес. Әлемдік саясатқа әмірін жүргізетін ірі мемлекет. Осындай ірі мемлекеттің басында империялық ауру әбден меңдеген басшының отыруы әлем үшін өте қауіпті екеніне күн өткен сайын көзіміз жетіп келеді.

 

Abai.kz

8 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3229
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5315