Патриот дегеніміз кім?
Форумға барып, «Қа-зақ-стан! Қа-зақ-стан!» деп даусы қарлыққанша айқайлағанның бәрі патриот па?
Менің ойымша, жоқ.
Патриот болу үшін кеудеңді тоқпақтап, «Мен өз елімнің патриотымын!» деп айқайлаудың қажеті жоқ. Үндемей-ақ, дауыс шығармай-ақ патриот болуға болады. Ол үшін сөзің мен ісің сәйкес келу керек. Ісіңмен дәлелдеуің керек.
Мейлі, ол тау қопарып тастамаса да, кішкентай ғана іспен патриот бола алады.
Менің түсінігімде, патриот дегеніміз:
1. Қоқысты есіктің алдына тастап кетпей, ерінбей барып қоқыс жәшігіне тастайтын адам – нағыз патриот!
2. Көшеде кетіп бара жатып, немесе машинаның есігін ашып, былш еткізіп түкірмейтін адам - нағыз патриот!
3. Аулаларға, парктерге қойылған орындықтарды сындырмай, өзінің жеке мүлкі сияқты қарайтын адам - нағыз патриот!
4. Бюджеттен ақша жымқырмай, ұрламай, халықтың игілігіне жұмсайтын адам - нағыз патриот!
5. Ауру балалардың еміне бөлінген ақшаны жемей, керісінше шырылдап солардың жағдайын ойлайтын адам - нағыз патриот!
6. Жолға деп бөлінген ақшаны жымқырмай, «Халқым түзу, әдемі жолмен жүрсінші. Жолда апат болмасыншы. Адам қайтыс болмасыншы» деп ойлай алатын адам - нағыз патриот!
7. Алдына жаны шырқырап науқас келгенде, ақшаны ойламай, «Осы адам жақсы болып кетсінші, көмектесейінші» деп қолынан келген көмегін аямайтын дәрігер - нағыз патриот!
8. Өзінің ана тілі бола тұра, қожайынының тілінде шүлдірлемей, өз ана тілінің болашағын ойлайтын адам - нағыз патриот!
Сонда бізде елін, жерін, халқын ерекше сүйетін нағыз патриоттар аз ба, көп пе, білмеймін.
Данияр Есен
Abai.kz