Салық Зиманов және Республика күні
Бүгін мейрам, түсіне білген адамға ұлық мейрам! Бүгін егемендік декларациясы жарияланған тарихи күн!
Осыған орай мені, бәрінен бұрын академик Салық Зимановтың осы декларацияға сіңірген ерен еңбегі туралы көзі көргендер айтып бастағаны қуантады.
Кезінде бұл туралы өзіміз ізденіп жүріп оқыдық, сол кездің тірі куәлерінен шамамыз жеткенше сұрап білдік. Бірақ кейінгі жастарды айтпағанда, менің замандастарым арасында Салық Зиманов ақсақалдың ерлігін білетіндер қатары тым аз еді.
Өйткені, НӘН құрған жүйе үшін Зиманов сияқты халықтан басқа ешкімге тәуелсіз, алып тұлғалар керек емес еді.
Әйтпесе, Жоғарғы Кеңестің сол күнгі тарихи сессиясындағы алты сағаттан асқан қып-қызыл шайқаста 85 депутаттың құйтырқы сұрақтарына жасы жетпіске келген Зиманов ақсақалдың табанынан тік тұрып, тойтарыс берген ерлігін қалай-қайтіп ұмытуға болады?!
Апырмай, бәрі осылай елеусіз, насихатсыз қала бере ме деп алаңдап жүргенімізде, әуелі ақсақалдың өзіне, кейін ұлы Мұхтар Зимановқа қылмыстық іс қозғатып, оны 13 жылға соттап жібергендері жығылғанға жұдырық болды. Салық ақсақалда артынан көп ұзамай қайтыс болды. Бәрі осымен біткен екен, тынған екен дегем…
Сөйтсек ақиқаттың ақ таңы атпай тұрмайды екен!
Бүгін мейрам! Ұлық мейрам!
Осы мейрамда Салық Зимановтай қазақ заңгерлерінің патриархын бір еске алып қояйық, ағайын!
Абзал Құспан
Abai.kz