Сенбі, 23 Қараша 2024
Ақмылтық 3170 26 пікір 14 Желтоқсан, 2022 сағат 13:51

«Диван сарапшылары» һәм елші мен әкімдер

Президент Тоқаевтың жеті жылдық мерзімге қайта сайланғаннан кейінгі алғашқы саяси әрекеті облыс пен қала әкімдерін тағайындау болды. Ескі үрдіс жалғасын тауып, бір-екі үміткер кандидатты жергілікті масилихаттар дауысқа салып сайлаған кейіп танытты.

Қыс қаһары басталғанда қырсыққандай Рейдер, Екібастұзда жылу құбырлары жарылып, жұрт әуре-сарсаңға түскен шақта, Президенттің тағайындаған әкімдерін бірден қолдады деп айта алмаймыз. Әсіресе, «диван сарапшыларының» аңысы сұрапыл болды. Назарбаев кезінде билікте ауыс-түйіс болғанда айтылатын «Қосылғыштардың орыны ауысқанымен, қосындының мәні өзгермейді» мысқылы осы жолы да қайталанды.

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов пен Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниял Ахметовтың орынында қалғанына әлеуметтік желі белсенділері жаппай қарсылық танытты. Жақында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президенттің «диван сарапшыларын» елемеу жайында шенеуніктерге қарата айтқан сөзіне осы жайттер түрткі болды деп ойлаймыз.

Әлеуметтік желіде айтыс-тартыстың өршуіне орынын босатпаған әкімдер ғана емес, өткен жылы Тоқаевтың жарлығымен II дәрежелі «Достық» өрденімен марапатталған Ресейдің Қазақстандағы елшісі Алексей Бородавкинның атышулы сұхбаты да себепкер болды.

Елшінің: «Қазақстанды әсіре ұлтшылдық жайлап алды. Қазақстандықтар екі аяғын тең басуы үшін мемлекеттік тіл мен орыс тілін қатар алып жүруі керек», - деген мағынада айтқан сөздері «диван сарапшыларының» ашуын тудырды.

Коронавируспен бірге елімізде дүркін-дүркін Ресей саясаткерлерінің қаңқу сөздері жаңғырып, елдің көңілін алаңдатып қойғаны белгілі. Әкімдерге арыстандай ақырған «диван батырлары» орыс елшісінен де қаймығып қалмады. «Жаман үйді қонағы билейді» дегені ме, мүнысы несі?! тәубесіне келтірейік», дегендей орыс елшісін елден шығару туралы петиция жариялады.

Бұдан бұрын Украинаның Қазақстандағы елшісі айдаладағы орысқа қарата айтқан бір ауыз сөзі үшін Қазақстаннан кеткен еді. Президенттің «диван сарапшылары» жайында айтқан сөзінің астарына үңілсек, белсенділердің кезекті наразылығы да ескерусіз қалатыны айдан анық еді. Тағы бір жағынан орыс елшісінің жоғарыдағы сөзі ана тілінің өз отанындағы мүшкіл халіне наразы жұрттың намысына тигенімен, президент Тоқаевтың Путиннің батасын алған халықаралық орыс тілін дамыту қорын құру идеясымен үндесіп жатқанын баса айтумыз керек.

Айтып-айтпай әлеуметтік желі бізде ғана емес, демократиялы Батыста да саясаткерлердің бас ауруына айналып отырғаны белгілі. Интернет алпауыттарымен ашық айқасқа түскен Американың экс-президенті Трамп қайта сайлану орайынан айырылды. Соңғы бірнеше жылда жұрт ыңғайына бағып келген Ақорда енді қатаң кейіпке енетін сияқты. Ал Интернет пайдаланушылар керісінше батыл оппозициясы жоқ, бұқаралық ақпарат құралдары мен баспалары үкіметтің тендеріне телміріп отырған елде әлеуметтік желінің бірден бір пікір талас мінберіне, билікпен диалог алаңына айналып отырғанын алға тартуда.

Есбол Үсенұлы

Abai.kz

26 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1483
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3255
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5510