Еуроодақ Ресейге қарсы тоғызыншы санкция пакетін мақұлдады
Еуроодақ елдері Ресейдің Украинаға басқыншылығына байланысты тоғызыншы санкция пакетін мақұлдады. Бұл жөнінде "Азат Еуропа" Азаттық радиосының Еуропа мәселелері жөніндегі редакторы Рикард Йозвяк хабарлады.
Тоғызыншы пакетке кіретін шектеу шаралары Ресейге кез келген дрон және оның моторларын тасымалдауға тыйым салуы мүмкін екені осыған дейін айтылған. Тыйым Ресейге сондай жабдықтарды сатуы мүмкін Иран сияқты елдерді де қамтуы ықтимал.
Еуроодақ Ресейдің тау-кен өндірісі секторына жаңа инвестиция салуға тыйым салуы мүмкін. Сонымен бірге Ресейге соғыста пайдалануы мүмкін тауарлар мен азаматтық технологияларды тасымалдауды бақылауды қатаңдатуы мүмкін.
5 желтоқсанда ЕО-ның Ресейге қарсы сегізінші санкция пакеті күшіне енген, ол танкер арқылы тасымалданатын Ресей мұнайына шектік бағаны белгілеуді сонымен бірге Ресейдің теңіз арқылы тасымалданатын мұнайын ЕО-ға экспорттауға тыйым салу да қарастырады. Шектеудің әзірге құбыр арқылы тасымалданатын мұнайға қатысы жоқ. Ресей шикізат бағасын шектеген елдерге мұнайы мен мұнай өнімдерін тасымалдаудан бас тартатынын мәлімдеген.
Ресей 24 ақпанда Украинаға басып кірген. Бұған жауап ретінде Еуроодақ Мәскеуге санкция салған. Бұған дейін сегіз санкция пакеті қабылданды. Бірақ ешқайсысында Ресей газына эмбарго жөнінде айтылмайды. Дегенмен Ресей ЕО-ның бірнеше еліне газ тасымалдауды тоқтатқан, кейбірі Ресей газынан өздері бас тартқан. АҚШ пен Еуропа елдері Ресей компанияларымен әріптестік орнатуға тыйым салатын немесе шектейтін санкцияларды тұрақты түрде жариялап келеді.
Abai.kz