Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Әне, көрдің бе? 2596 4 пікір 8 Ақпан, 2023 сағат 14:29

Біртанов: Хорватия Қазақстанды сотқа береді...

Бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Inbusiness.kz -ке берген сұхбатында бір жылға созылған соттың артында медицина мафиясы тұрғанын айтты.

Естеріңізде болса Астана соты 2022 жылы 28 қазанда экс-министр Біртанов пен оның орынбасары Олжас Әбішевті «лауазымын асыра пайлану» бабы бойынша кінәлі деп танып, сәйкесінше 5 және 4 жылға бас бостандығын шектеу туралы үкім шығарған.

Біртановқа қатысты қылмыстық істі тергеу 2021 жылдың 7 шілдесінде аяқталды. Тергеу мәліметтері бойынша, бұрынғы денсаулық сақтау министрі мен оның орынбасары бюджеттің қаржысына «жұмысқа жарамсыз ақпараттандыру платформасын» қабылдап алып, 1,5 млрд теңгені желге ұшырған. Платформада пациенттер, дәрі-дәрмектер және медициналық бұйымдар туралы барлық ақпарат біріктірілуге тиіс.

Біртановтың айтуынша, хорватиялық «Ericsson Nikola Tesla» компаниясымен келісімге келіп, жасап шығарылған платформа жұмыс істейтін өнім. 99 пайызы дайын, тек қазақстандық 8 жүйені қосу ғана қалған. Оны іске асыру үшін отандық IT мамандарға уақыт беріліп, олар жұмысын істей бастаған. Бірақ тергеу орындарына және Денсаулық сақтау министрлігіне қысым жасалып, платформанының жұмысын жарты жолда тоқтатып тастаған.

«Бұл негізі 2015 жылы басталған. 2018 жылдың аяғында «Ericsson Nikola Tesla» компаниясы жұмыстарын бітірді. Біздің ІТ-мамандар «Ericsson Nikola Tesla» әзірлеген платформаны тексеріп, келісімшартқа сәйкестігін мақұлдап, техникалық сарапшылар қабылдады. Бірақ біздің ауруханалардағы, Денсаулық сақтау министрлігіндегі информациялық жүйелер ескірген болып шықты. Соларды «Ericsson Nikola Tesla» платформасына лайықтау үшін уақыт қажет болды. Кейін екі арада келісім болды. 3 жылдың ішінде – 2019, 2020, 2021 жылдың ішінде өзіміздегі ақпараттық жүйелерді кезек-кезек қосатын болған. Хорваттар оған көмек көрсетуге келіскен.Оның сыртында хорваттар 5,5 млн долларлық банк кепілдігін бізге тапсырды. Сөйтіп платформаны енгізуге 2020 жылы дайын болдық.

17 маусымда, мен ауруханада жатқан кезде біздің министрліктің, Ақпарат министрлігінің мамандары басқа да мемлекеттік органдардың адамдарынан комиссия құрылып, осы платформаны қолданысқа енгізген. Яғни, платформа дайын, іске қосылған, пайдалануға жарамды. Бірақ бір айдан кейін Қаржылық мониторинг агенттігі менің орныма келген министрге хат жібереді. «Қылмыстық іске байланысты бүкіл платформаны тоқтатыңдар» деген пәрмен береді. Сонда мен ойлаймын, тергеу органдары неге килікті бұған? Келісімшарт мерзімінің аяқталуына әлі 1,5 жыл бар еді», - деді Біртанов.

Өз жұмысын толық бітіріп берген «Ericsson Nikola Tesla» компаниясы енді платформаның қосылуын күтіп отыр. Өйткені өнім жарамсыз болып табылса, Қазақстан хорваттарды сотқа беруі мүмкін.

«2021 жылдың күзінде хорваттар тағы келіп, Е.Тоғжановпен кездесті. Сол кезде 3 желтоқсанға дейін платформа қосылады деп келіскен. Бірақ оны қосқызбай, «Ericsson Nikola Teslaның» банктегі кепілдігін тартып алған. Бұған хорваттар ренжіді деп айтсам тым аз болады. Олар тікелей дипломатиялық нота жіберді. Біздің Сыртқы істер министрлігіне Хорватияның Сыртқы істер министрлігі протест жіберді. Яғни, хорват үкіметі қазақ үкіметіне ескерту жіберіп, «Бұларыңыз заңсыз. Бұл әрекетті тоқтатыңыздар, әйтпесе біз халықаралық арбитражға жүгінеміз», - деп жазды.

Жоғарыда банк кепілдігіне 5,5 млн доллар салған дедім ғой. Ол сома келісімшарт мерзімі бітуге жақындаған сайын кеміп отырады. Соңғы 500 мың доллардың мерзімі 2021 жылдың қарашасына дейін болған. Сол мерзімнің бітуіне 1 күн қалғанда кепілдікті тартып алған. Бірақ оның алдында хорватиялық компания мен Елші келіп, Е.Тоғжановқа бәрі дайын екенін айтқан. Бір айдың ішінде қосып бере аламыз деген. Соған қарамастан, кепілдігін тартып алған. Бұл енді келісімшартты бұзу болып есептеледі. Халықаралық заңнама бойынша бұл заңсыздық. Қазір хорватиялық компания біздің мемлекетті халықаралық сотқа тартамыз деп бізге уәде беріп отыр. 2021 жылы бірінші ескерту жіберген. 2022 жылдың аяғында тағы да ескерту жіберді. «Швейцарияға келуге дайындалыңыздар, біз Қазақстан үкіметін сотқа береміз» деп ескерту жолдады. Олар неге бұлай қатты кетіп отыр дейсіз?

«Біртанов пен Әбішевтің үстінен шығарылған соттың шешімі толық қате, біз келіспейміз. Себебі сол үкімнің негізінде біздің келісімшарттағы міндеттемелеріміз орындалмаған болып шығады», - деп отыр. Бұл олар үшін репутацияның мәселесі. Қисын бойынша бізді соттағаннан кейін Қазақстан хорватиялық компанияны айыптап, платформа үшін төленген қаражатты қайтару керек. Біздің сотымыздың шуы ол жаққа да жетіп жатыр. Жоба Дүниежүзілік банктің тарапынан қаржыландырылған. Ертең осы даулы істі алға тартып, бір де бір халықаралық банк ол компанияға несие бермей қоюы мүмкін. Олар соған алаңдап отыр. Сондықтан үкімнің теріске шығарылуына олар да күш салмақшы. Швейцариядағы сотта олар Қазақстанға тікелей талап қояды деп ойлаймын. Біріншіден, платформаны толықтай қабылдап, іске қосқызады. Платформаны енгізу жұмыстары толық келісімшартқа сай орындалғанын Қазақстанның мойындауын талап етеді. Ал қылмыстық тергеулерді толық тоқтатқызып, моральдік шығын талап етеді деп ойлаймын. Себебі олардың бұқаралық ақпарат құралдары да, басқа ақпарат көздері де Қазақстандағы сот туралы ақпарат жариялады», - деді Біртанов.

Экс-министр жаңа платформаның негізгі қызметі – жемқорлықпен күресу болғанын айтады. Мемлекеттен берілетін тегін дәрі-дәрмекті науқастарға бермей, сатып, пайдаға кенеліп отырғандардың қылмысын ашу үшін жасалғанын жеткізді.

«Фармацевтикалық компаниялардың билігі күшті, әрі қалталы. Олардың «крышалары» бар», - дейді экс-министр. Өйткені Біртанов бұған дейін, осындай 28 қылмыстық іс қозғатуға әрекет жасаған, бірақ бүкіл қылмыстық істің тоқтап қалғанын айтады. Тек Денсаулық сақтау министрлігіне қарсы бір ғана қылмыстық іс қаралған және сол кезде министрлікке қысым жасалған.

«Есіңізде болса, біз министрлікке келген 2017 жылдан бері медицина саласындағы тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесін тазалау үшін, жемқорлықты тоқтату үшін көп жұмыс істедік. Біз сол кезде жыл сайын дәрі-дәрмекке бюджеттен 120 млрд теңгеге жуық қаражат салатынбыз. Соған қарамастан, күнделікті халықтан түрлі-түрлі шағымдар түсетін. «Дәрі-дәрмек жетпейді», «толық алмадық» деген әңгімелерден басталды. Біз ондай шағымдарды тексердік. Сол кезде көп ұрланған дәрі-дәрмекті тауып алдық. Есептен шығарады да, сатады. Өйткені бәрі қағазда ғана болды. Онкологиямен, туберкулезбен, гипертониямен ауыратын науқастарға тегін беру үшін тізім бойынша көп дәрі-дәрмек сатып алатынбыз. Тізім бойынша бәрін аламыз, бірақ науқастарға жетпейді. Тексерген кезде көп жалған науқастар таптық. Мысалы, 2018 жылдың қаңтарында бір дәріханадан 4 млрд теңгеге жуық соманың есептен шығарылған дәрі-дәрмегін таптық. Сонда біз түсіндік, кейбір мемлекеттік ауруханаларда, емханаларда науқастардың санын қағаз жүзінде қолдан көбейтеді. Ол кезде ешқандай ақпараттық жүйе жоқ, бір-біріне қосылмаған еді. Қағаз журналдарға науқастардың санын көбейтіп, сол бойынша өтінім беріп, дәрі-дәрмек алып отырған. Ол дәрілерді есептен шығарып, жеке қолдарға, дәріханаларға, тіпті шетелге жібереді. Сонда мемлекеттен тегін алады да, қайта сатады. Іс жүзінде «таза табыс» қой. Ешқандай шығынсыз таза пайдаға кенеліп отырған. Сондай қылмыстық істер көп болды», - деді ол.

Біртанов елдің медицина саласына жасалған тексеріс нәтижесінде министрліктің 2018 жылы 60 млрд теңге, 2019 жылы 40 млрд теңге үнемдегенін айтты.

«Оның өзі ғана 100 млн долларға жуық ақша ғой. Әрине, біреу қалтасына салып жүрген ақшаны біз мемлекеттің қазынасында қалдырдық», - дейді ол.

Біртанов бұл қозғалып жатқан қылмыстық істің пандемия кезінде министр ретіндегі қызметіне еш қатысы жоқ екенін айтты.

«Бұл платформа 2015 жылы басталған. Мені сотқа сүйреп әкелген 2018 жылғы, яғни, пандемия басталардан екі жыл бұрынғы жағдайларға байланысты. Мені және менің туыстарымды, достарымды кейінгі екі жылдың ішінде толық тексерді. Бір де бір жемқорлық фактісі табылған жоқ. Өйткені ондай факт болған жоқ. Сондықтан табылмайды да. Ешқашан жемқорлыққа барған емеспін. Себебі менің тәрбием бөлек. Ал мынау істе ешқандай қылмыс жоқ. Екі арадағы келісімшартты бұзып, мәселе туғызып отырған – Қаржылық мониторинг агенттігі», - деді ол.

Экс-министр істі соңына жеткізуге бел байлаған.

«Аппеляциялық сот болмаса, Жоғарғы сотқа барамыз. Жоғарғы сот болмаса, Конституциялық сотқа барамыз. Конституциялық сот болмаса, халықаралық сотқа барамыз», - деді Біртанов.

Айжан Темірхан

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1559
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2246
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3495