Астанада үйдің паркингі өртеніп, 3 адам газға уланып қалды
Елорданың тұрғын үй кешендерінің бірінде болған өрттен 6 көлік өртеніп кетті, тағы 4 машинаға зақым келді, деп хабарлады Төтенше жағдайлар министрлігі.
Бұған дейін Қ. Мұхамедханов көшесіндегі тұрғын үй кешені паркингінде өрт шыққаны хабарланған еді. Өрт сөндірушілер оқиға орнына 7 минутта жетіп, автотұрақта көліктер жанып жатқанын анықтаған.
«6 маусым күні сағат 11:56-да Қ. Мұхамедханов көшесіндегі үйде 3 қойма үй-жайы мен 6 жеңіл көлік өртенді, жылу әсерінен тағы 4 автокөлікке зақым келді. Құтқарушылардың күшімен, оның ішінде жоғарғы қабаттардан автобаспалдақ арқылы 17 адам эвакуацияланды, оның ішінде 6 бала бар», - деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметінен.
«Көміртегі тотығымен улану» алдын ала диагнозымен 3 адам ауруханаға жеткізілді.
Тілсіз жаудың таралуы сағат 14:33-те тоқтатылып, 15:02-де толығымен сөндірілген.
Оқиға орнында 70 өрт сөндіруші мен 18 техника жұмыс істеген.
Abai.kz