Жұма, 20 Қыркүйек 2024
Дей салдым-ау 2710 1 пікір 19 Шілде, 2023 сағат 14:51

Гаага соты Лукашенконы тұтқындай ма?

Александр Лукашенкоға қатысты Гаагадағы Халықаралық қылмыстық сот (ХҚС) ордер бермек.

Әлем жұртшылығы Беларусь басшысының бірде тікелей, енді бірде жанама түрде Путин ашқан соғысты қолдауына қатысты әліптің артын бағып келген-тін. Енді міне, шыдамның да шегі бар Еуропарламент Александр Лукашенкоға қатысты Гаагадағы Халықаралық қылмыстық соттан (ХҚС) ордер беруін талап етті.

Еуропарламенттің сыртқы істер комитеті мақұлдап ұсынылған құжаттық мәлімдемеде Беларусьтің Украинаға келтірген соғыс және адам шығыны мен қатар, оның аумағында жасалған қылмысқа да қатысы барлығы сөз етіледі. Сонымен бірге Еуропарламент депутаттары заңсыз депортацияланған украин балаларының тағдыр тәлкегіне Лукашенко режимінің де қатысы барлығын атап өтті. Бұл турасында Еуропарламенттің баспасөз қызметі:

«ХҚС бұған дейін Ресей президенті Владимир Путинді және Ресейдің бала құқығы бойынша төтенше өкілі Мария Львова-Белованы тұтқындауға қатысты ордер берген болатын, енді еуродепутаттар аталған ұйымды Александр Лукашенкоға қатысты тап сондай ордер беруге шақырды», – деп хабарлады.

Еуродепутаттар осы елдің түрмесінде пікірі сыйыспаған 1500 саяси тұтқын азап шегіп отырғандығын алға тартады және өз елін Ресей отарына айналдырып, орыс-украин соғысында Путиннің жандайшабына айналған жаннан еш жақсылық күтуге болмайтындығын жөніндегі өз уәждарын нақты мысалдармен келтіреді.

Комитеттің дайындаған баяндамасы Еуропарламент бекітуіне ұсынылып, қыркүйек айында болатын отыраста дауысқа салынады.

Abai.kz

1 пікір