Қазақстанға 5G байланысы қашан келеді?
Облыс орталықтарын 5G байланысымен қамту жоспарланған уақыттан бір жыл ерте орындалады. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин мәлім етті.
«5G жаңа технология және оны ауылдарға жеткізу туралы айту әзірге ертелеу. 5G-мен әзірге облыс орталықтары мен республикалық маңызы бар қалаларды қамту міндеті тұр. Биыл жыл соңына дейін 600-700 базалық станция орнату жоспары бар. Бірақ 5G аукционында жеңіске жеткен операторлар бұл жоспарларды өзгертті», - деді Бағдат Мусин.
Министрдің мәлімдеуінше, Астана, Алматы және Шымкент қалаларында 1 мыңға жуық базалық станция орнатылады.
«Өңірлерде жаңа технологияны қолдану үшін бірнеше базалық станциялар орнатылады. Республика бойынша операторлар 2027 жылға дейін барлық облыс орталықтарын қамтуды жоспарлаған. Дегенмен, қазір байланыс операторлары жоспарларын қайта қарап, жобаны 2026 жылдың соңына дейін іске асырғысы келіп отыр», - дейді ол.
Abai.kz