«Парламенттік тергеу туралы» Заң. Үкімет не дейді?
Мәжілістегі «Ақ жол» партиясы жуырда «Парламенттік тергеу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасын әзірлеп, Үкімет сараптамасына ұсыныпты. Заң жобасы 28 баптан тұрады.
«Барлық дамыған және өзге де мемлекеттердің парламенттеріне тергеу құзыреті берілген Мәселен, парламенттік тергеуді АҚШ Конгресі мен, Ұлыбритания парламенті кеңінен қолданады. Германия, Италия, Испания, Чехия, Польша, Литва, Оңтүстік Корея, Жапония, көршілеріміз Ресей мен Өзбекстан мемлекеттерінде парламенттік тергеу және бақылау туралы арнайы заңдар мен регламенттер бар. 2016 жылы ТМД Парламентаралық Ассамблеясы да «Парламенттік тергеу туралы» үлгілік заңын қабылдаған болатын», - деп уәж келтірген «Ақ жол» депутаттары «Заңсыз шығарылған капиталды қайтару туралы» Заң жобасын талқылау барысында парламенттік тергеу функциясының қажеттілігіне күмән қалмағанын айтады.
«Ақ жол» демпартиясы мұндай ұсыныстарды «Парламенттік оппозиция туралы» заң жобасына 2013 және 2020 жылдары ұсынғанда, Үкімет үнемі қарсы болып, тосқауыл қойып отырды. Ал, еліміздің демократиялық дамуының өзі қазір дәл осы институтты талап етуде», - дейді партия.
Заң жобасының мақсаты:
* Демократиялық институттардың халықаралық тәжірибесін енгізу, қоғамдық және парламенттік бақылауды күшейту;
* Өкілді, атқарушы және сот биліктері тармақтарындағы тежеу мен тепе-теңдік балансын қалыптастыру;
* Резонансты оқиғалар, сондай-ақ, соларға байланысты және қоғамнан жасырылаған болуы мүмкін фактілерге қоғамдық-саяси жағынан да баға беру сияқты қағидаттарды іске асыру, - делінген.
Біз аталған Заң жобасының толық мәтінін оқырмандар талқысына ұсынғанды жөн көрдік. Бұл Заң жобасына қатысты сіз не дейсіз?
Парламенттік тергеу туралы
Қазақстан Республикасының Заңы
Аталған Заң Қазақстан Республикасының Парламент Палаталарының Қазақстан Республикасында парламенттік тергеу жүргізуіне байланысты қоғамдық қатынастарды реттейді.
1 бап. Аталмыш Заңның реттелу құралы
1. Аталмыш заңмен Қазақстан Республикасы Парламент Палаталарының парламенттік тергеу жүргізуіне негіз болатын жайттар, парламенттік тергеу жүргізу процедураларына қатысты оның ұйымдастырушылық нысаны мен негізгі ережелері, сондай-ақ, мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғаларының, парламенттік тергеуге қатысуға тартылған өзге мекемелер мен азаматтардың құқықтары мен міндеттері қарастырылады.
2. Аталмыш Заңда парламенттік тергеу ретінде Парламент Палаталарының қоғам, азаматтар мен мемлекет үшін кері әсері бар фактілерді тергеу бойынша қызметі ұғымы қарастырылады.
2 бап. Парламенттік тергеудің мақсаты мен принциптері
1. Парламенттік тергеудің мақсаттары болып табылады:
1) адам мен азаматтың Қазақстан Республикасы Конституциясымен кепілдендірілген құқығы мен бостандығын қорғау;
2) Қазақстан Республикасы Парламенті Палаталарының Қазақстан Республикасының Үкіметінің, орталық мемлекеттік органдардың, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару органдарының, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметтерін бақылауын қамтамасыз ету;
3) парламенттік тергеуге негіз болған фактілер мен жағдайлардың пайда болу шарттары мен себептерін анықтау, ол жөнінде қоғамды хабардар ету, сондай-ақ, осындай себептер мен шарттарды жоюға көмек көрсету.
2. Парламенттік тергеу мына принциптер негізінде жүргізіледі:
1) заңдылық;
2) адам мен азаматтың құқығы мен бостандығын құрметтеу және сақтау;
3) тұлғаның ар-ожданы мен абыройын құрметтеу;
4) азаматтардың заң мен сот алдындағы теңдігі;
5) алқалылық, парасаттылық, ашықтық және жариялылық
6) Парламент Палаталарының парламенттік тергеу жүргізетін депутаттарының тәуелсіздігі және олардың қызметіне мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғалары мен қылмыстық жауаптылық қаупі төнген өзге де адамдардың араласуына жол бермеу;
7) ашықтық.
3. Парламенттік тергеу анықтауды, алдын ала тергеуді және сот өндірісін алмастырмайды.
3 бап. Парламенттік тергеудің құқықтық негіздері
Парламенттік тергеу Қазақстан Республикасының Конституциясының, аталмыш Заңның, сондай-ақ Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінің негізінде жүзеге асырылады.
4 бап. Парламенттік тергеудің мазмұны
1. Парламенттік тергеуге жатады:
1) адам мен азаматтың Қазақстан Республикасының Конституциясымен кепілдік берілген құқықтары мен бостандықтарын өрескел немесе жаппай бұзу фактілері;
2) мемлекеттiк органдардың, жергiлiктi мемлекеттiк басқару және өзiн-өзi басқару органдарының, квазимемлекеттiк сектор субъектiлерiнiң құзыретсіз шешiмдерi нәтижесiнде қоғамдық мүдделерге елеулi залал келтiру фактiлерi, қоғамдық және жеке мүдделер қақтығысы;
3) техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың туындауымен байланысты, сондай-ақ, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың жағымсыз салдарларымен байланысты мән-жайлар;
4) мемлекеттік бюджетті орындау барысындағы қатаң қаржылық заңбұзушылықтар;
5) билік органдарындағы жемқорлық;
6) қоғамдық тәртіпті топ болып бұзу, жаппай тәртіпсіздіктер, зорлық-зомбылық қолданумен немесе оны қолданудың тікелей қаупін тудыратын ұлтаралық қақтығыстар, екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан қылмыстар және басқа да заңсыз әрекеттер.
2. Парламенттік тергеуге жатпайды:
1) Қазақстан Республикасы Президентінің, сондай-ақ оған тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың қызметі;
2) соттың сот төрелігін жүзеге асырудағы қызметі;
3) прокуратура мен арнайы органдардың қызметі.
3. Егер аталмыш Заңға сәйкес тергеліп жатқан фактілер мен мән-жайларды сот іс ретінде қарауға алған жағдайда, парламенттік тергеу сот шешімі шыққанға дейін тоқтатылады.
4. Соттың заңды күшіне енген шешімімен (үкімімен) анықталған фактілер мен мән-жайларға күмән келтіруге болмайды.
5 бап. Парламенттік тергеу мерзімі
1. Парламенттік тергеу мерзімі комиссия құрылған күннен бастап бір жылдан аспауы керек.
2. Парламенттік тергеу тиісті шақырылымдағы Парламент Мәжілісінің өкілеттік мерзімі аяқталғанға дейін бітуі тиіс.
6 бап. Парламенттік тергеудің қозғалу негіздері
1. Аталмыш Заңда көрсетілген фактілер мен мән-жайларға байланысты Қазақстан Республикасы Парламенті Палаталарының депутаттарына белгілі болған оқиғалар парламенттік тергеуді қозғауға негіз болып табылады.
2. Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының қаулылары, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Адам құқықтары жөніндегі уәкiлiнiң және Қазақстан Республикасы Жоғары есеп палатасының ұсынымдары мен ұсыныстары Парламенттiк тергеудi қозғау үшiн негiз бола алады.
7 бап. Парламенттік тергеуді қозғау бастамасы
1. Аталмыш Заңда көрсетілген фактілер мен мән-жайлар анықталған жағдайда, кемінде бес депутаттан тұратын Парламент Мәжілісінің немесе Парламент Сенатының депутаттарының тобы Парламент Мәжілісінің Төрағасына немесе Парламент Сенатының Төрағасына парламенттік тергеп-тексеруді бастау туралы жазбаша өтініш жолдайды, онда фактілер мен мән-жайлар көрсетіліп, осы Заңға сәйкес тергеу жүргізудің қажеттілігі негізделуі тиіс.
2. Парламенттік тергеу келесі мекемелердің бастамасымен жүргізілуі мүмкін:
1) Парламент Палаталарының (қос палатаның) комитеттері мен комиссиялары;
2) Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінде өкілдік ететін саяси партиялардың фракциялары.
Мұндай жағдайларда Парламент Мәжілісінің Төрағасына немесе Парламент Сенатының Төрағасына тиісінше Парламент Палаталарының комитеттері мен комиссияларынан (қос палатадан) немесе саяси партиялар фракцияларынан парламенттік тергеуді бастау туралы жазбаша өтініш жіберіледі.
3. Парламент Мәжілісінің Төрағасы немесе Парламент Сенатының Төрағасы депутаттардан осындай жазбаша өтінішті алғаннан кейін парламенттік тергеу жүргізу туралы мәселені Қазақстан Республикасы Парламентінің тиісті палатасының отырысында талқылауға шығарады.
8 бап. Парламенттік тергеуді қозғау туралы шешім қабылдау тәртібі
1. Парламенттік тергеу бастамасын қолдау туралы мәселе жазбаша өтініш келіп түскен күннен бастап 15 күннен кешіктірмей Парламенттің тиісті палатасының отырысында қаралады.
2. Парламенттік тергеуді бастау туралы мәселені қарау нәтижелері бойынша Парламент Палатасы парламенттік тергеуді бастау немесе мұндай тергеуді жүргізуден бас тарту туралы шешім қабылдайды.
Парламенттік тергеу бастамасын қолдау және комиссияның құрамы туралы шешімдер егер оған тиісті Парламент Палатасы депутаттарының жалпы санының жартысынан астамы дауыс берсе, тиісті Парламент Палатасының қаулыларымен рәсімделіп, қабылданды деп есептеледі.
Парламенттік тергеу жүргізу жөніндегі комиссияның құрылған күні парламенттік тергеуді бастау туралы қаулы заңды күшіне енген күн болып есептеледі.
9 бап. Парламенттік комиссияны құру тәртібі
1. Парламенттік тергеуді қозғау бастамасы және парламенттік тергеуді қозғау туралы шешім қолдау тапқан жағдайда Парламенттің тиісті Палатасы Парламенттің тиісті Палатасының депутаттарынан тұратын комиссия құрады және оның Төрағаларын сайлайды.
2. Парламент Мәжілісінде комиссия құру Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінде өкілдік ететін саяси партиялардың барлық фракцияларының депутаттары, сондай-ақ бір мандатты аумақтық округтер бойынша сайланған және саяси партиялар фракцияларының мүшелері болып табылмайтын Мәжіліс депутаттары арасынан жүзеге асырылады.
Парламент Мәжілісінен комиссия құрамына саяси партиялардың барлық фракцияларының өкілдерінің тең саны кіруі керек.
Саяси партия фракциясының комиссия құрамына өз өкілдерін жіберуден бас тартуы, сондай-ақ саяси партиялар фракцияларының мүшелері емес, бір мандатты аумақтық сайлау округтері бойынша сайланған Парламент Мәжілісінің жекелеген депутаттарының комиссия құрамына кіруден бас тартуы комиссияны құруға кедергі болып табылмайды.
4. Қазақстан Республикасы Парламентінің қос палатасы парламенттік тергеу жүргізу туралы шешім қабылдаған жағдайда, көрсетілген талаптарға сәйкес мұндай шешімдер Парламенттің әрбір Палатасында қабылданады.
Осы орайда Парламенттің қос палатасымен парламенттік тергеу жүргізу үшін ортақ комиссия құрылады.
Парламенттің әрбір палатасы парламенттік тергеу жүргізу жөніндегі жалпы комиссия құрамының жартысын құрады және осындай комиссияның екі тең төрағасының бірін тағайындайды.
5. Комиссия парламенттік тергеу мерзіміне құрылады және ол аяқталғаннан кейін таратылады.
6. Парламенттiң тиiстi Палатасының өкiлеттiгiнiң соңғы үш айы iшiнде, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Парламент Сенаты депутаттарын сайлау бойынша сайлау науқаны кезiнде парламенттік тергеу бастамасын көтеруге және комиссия құруға болмайды.
10 бап. Комиссия мүшелеріне қойылатын талаптар
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің немесе Парламент Сенатының келесі депутаттары комиссия мүшесі бола алмайды:
1) комиссия тергеп жатқан оқиғаға қатысушы болып табылса, сондай-ақ егер депутат тергеу нәтижелеріне тікелей мүдделі болса;
2) дербес құқықтылықтан айырылса немесе Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен оны депутаттық дербес құқықтықтан айыру туралы мәселе қаралып жатса;
3) комиссия тергеп жатқан оқиғаға қатысушы болып табылатын адамның отбасы мүшесі болса немесе онымен туыстық қарым-қатынаста болса;
4) парламенттік тергеудің әділдігі мен объективтілігіне нұқсан келтіруге айқын негіз болған жағдайда.
11 бап. Комиссия мүшесінің өкілеттігін тоқтату және бос лауазымдарды алмастыру
1. Комиссия мүшесінің өкілеттігі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес оның Мәжіліс депутаты немесе Парламент Сенатының депутаты ретіндегі өкілеттігі тоқтатылған жағдайда тоқтатылады.
2. Комиссия мүшесі өз өтініші бойынша оның құрамынан шыға алады.
3. Комиссия мүшесiнiң өкiлеттiгi Қазақстан Республикасы Парламентiнiң тиiстi палатасының шешiмi бойынша, оның iшiнде комиссия мүшесi осы Заңның 10-бабында белгiленген талаптарға сай болмаған жағдайда да мерзiмiнен бұрын тоқтатылуы мүмкiн.
4. Комиссия мүшесінің өкілеттігін тоқтату туралы шешім Қазақстан Республикасы Парламенті тиісті Палатасының қаулысымен рәсімделеді.
5. Комиссияның құрамынан шыққан мүшесінің бос орнын Қазақстан Республикасы Парламенті тиісті Палатасының регламентінде белгіленген тәртіппен тиісті Парламент Палатасының басқа өкілі алмастырады.
12 бап. Комиссия төрағасы
Комиссия төрағасы:
1) комиссияның жұмысын ұйымдастырады және оның отырыстарын жүргізеді;
2) Қазақстан Республикасы Парламентiнiң тиiстi Палатасының отырыстарында комиссияның қызметi жөнінде есеп береді;
3) комиссия мүшелері арасында міндеттерді бөледі;
4) Қазақстан Республикасының заңнамасымен қызметтік ақпаратқа, сондай-ақ мемлекеттік құпиялар туралы заңнамаға сәйкес шектеулі мәліметтерге жатқызылған парламенттік тергеу кезінде пайдаланылатын мәліметтерді қорғауды қамтамасыз етеді;
5) комиссия отырыстарының хаттамаларына қол қояды;
6) аталмыш Заңға және парламенттік тергеу жүргізуге негіз болған фактілер мен мән-жайларды тергеу бойынша парламенттік комиссия регламентіне сәйкес өзге де мәселелерді шешеді.
13 бап. Комиссияның хатшысы
1. Комиссияның хатшысы комиссияның бірінші отырысында оның мүшелері арасынан сайланады.
2. Комиссияның хатшысы:
1) ұйымдастыру жағынан комиссияның қызметін қамтамасыз етуге жауапты;
2) комиссия аппаратының қызметіне жетекшілік етеді;
3) комиссия отырыстарының стенограммаларын және түсініктеме беру үшін комиссия отырыстарына шақырылған тұлғалармен сауалнама хаттамаларын жүргізуді қамтамасыз етеді;
4) комиссияның іс қағаздарын жүргізуді ұйымдастырады.
14 бап. Комиссияның қызметін қамтамасыз ету
1. Комиссияның қызметін қамтамасыз ету үшін оның Қазақстан Республикасы Парламенті Палаталарының тиісті аппаратының штаттық қызметкерлерінен тұратын хатшылығы құрылады.
2. Парламенттік тергеу жүргізу кезінде комиссия келесіге құқылы:
1) оның жұмысына мемлекеттік органдардың өкілдерін, мамандарды, сарапшыларды және ғалымдарды тартуға;
2) мемлекеттік органдардан, басқа да мекемелерден, сондай-ақ азаматтардан қажетті ақпаратты сұратуға;
3) құқық қорғау және мемлекеттік органдардың, өзге де мекемелердің лауазымды тұлғаларын, сондай-ақ азаматтарды түсініктеме беруге шақыруға.
Комиссияның Парламент Палаталарының регламентіне сәйкес өзге де құқықтары болуы мүмкін.
3. Құқық қорғау және мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғалары парламенттік тергеу жүргізген кезде комиссияға толық және сенімді ақпаратты (құжаттар, материалдар) беруге міндетті.
15 бап. Парламенттік тергеу жүргізуге негіз болған фактілер мен мән-жайларды тексеру жөніндегі парламенттік комиссияның регламенті
1. Парламенттік тергеу тәртібіне қатысты негізгі ережелер осы Заңмен және Парламент Палаталарының регламенттерімен белгіленеді. Комиссия парламенттік тергеу жүргiзуге негiз болған фактiлер мен мән-жайларды тексеру жөнiндегi парламенттік комиссияның регламентiн қабылдауға, осы Заңға, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарына, сондай-ақ Парламент Палаталарының регламенттеріне қайшы келмеуге тиiс парламенттік тергеу жүргiзу қағидаларын белгiлеуге құқылы.
2. Комиссия регламентіне жатқызылады:
1) комиссия отырыстарын өткізу тәртібі;
2) комиссияның іс жүргізу тәртібі және оның құжаттарын рәсімдеу;
3) комиссияның қорытынды баяндамасын әзірлеу тәртібі;
4) жеке жұмыс топтарының құрылу тәртібі мен қызметі;
5) комиссия мүшелерінің өз міндеттерін орындау тәртібі;
6) комиссияның қызметін ұйымдастырудың өзге де мәселелері.
16 бап. Комиссия жұмысының тәртібі
1. Комиссия отырысы комиссия мүшелерінің жалпы санының үштен екісі қатысса, заңды деп есептеледі.
2. Азаматтардың және бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің ашық отырыстарға қатысу тәртібін комиссия дербес айқындайды.
3. Ашық отырысты өткізу мемлекеттік немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны ашу тәуекелін тудырса, комиссия жабық отырыс өткізу туралы шешім қабылдайды. Жабық отырыстар отырысқа қатысқан комиссия мүшелерінің жартысынан көбі осы шешімді жақтап дауыс берген жағдайларда да өткізілуі мүмкін.
4. Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл комиссияның жұмысына тікелей немесе өзінің өкілі арқылы қатысуға құқылы.
5. Комиссияның бірінші отырысы комиссия құрылған күннен бастап 15 күннен кешіктірілмей өткізіледі.
17 бап. Жұмыс топтары
Жеке фактілер мен мән-жайларды зерделеу, сондай-ақ қажет болған жағдайда комиссия тергеп жатқан оқиға орнына бару қажеттілігі жағдайында құрамына комиссия мүшелері мен комиссия хатшылығының қызметкерлері кіретін жұмыс топтары құрылуы мүмкін.
18 бап. Комиссияның жұмыс жоспары
1. Комиссия жұмыс жоспарын әзірлеп, бекітеді, онда қамтылатын жайттар:
1) парламенттік тергеудің негізгі бағыттары;
2) парламенттік тергеу жүргізу кезінде қаралатын мәселелер;
3) парламенттік тергеудің негізгі кезеңдерін аяқтау мерзімдері (ақпарат жинау, ақпаратты бағалау және жүйелеу, комиссияның қорытынды есебін дайындау);
4) комиссия отырыстарына тергеліп жатқан фактілер мен мән-жайлар бойынша түсініктеме беру үшін шақырылған тұлғалар аясы;
5) комиссия мүшелеріне арналған тапсырмалар тізбесі және оларды орындау мерзімдері.
2. Комиссияның жұмыс жоспарына оның қызметіне қатысты басқа да мәселелер енгізілуі мүмкін.
19 бап. Парламенттік тергеудің жүргізілуіне негіз болатын материалдар
1. Парламенттік тергеудің нысанына қатысты шешімдер шығарылып, фактілердің анықталуына негіз бола алатын материалдар болып табылады:
1) мемлекеттік органдардың және жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару органдарының, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің ресми құжаттары, оның ішінде хаттар мен қызметтік құжаттар;
2) мемлекеттік органдардың, сондай-ақ мемлекеттік емес коммерциялық және коммерциялық емес ұйымдардың, азаматтардың құжаттары мен материалдары;
3) парламенттік тергеу аясында анықталуға жататын мән-жайлардан хабардар болуы мүмкін куәлардың, соның ішінде лауазымды тұлғалардың айғақтары;
4) бұқаралық ақпарат құралдарындағы және интернеттегі ақпараттар;
5) сарапшылардың қорытындылары.
6) парламенттік тергеу жүргізуге қажетті өзге де материалдар.
20 бап. Сараптама өткізу
1. Парламенттік тергеу жүргізу жөніндегі комиссия ғылым, технология немесе қолөнер саласындағы арнайы зерттелуді талап ететін жайттар бойынша сараптама тағайындау туралы шешім қабылдай алады.
2. Парламенттік тергеу жүргізу жөніндегі комиссияның сараптама өткізу туралы шешімі тиісті саладағы қажетті сарапшылар штаты бар сарапшылық мекемеге жүктеледі. Сарапшылық мекемесі бекіткен сарапшы өз білімі мен тәжірибесіне сай сарапшылық қорытындысын беруге міндетті. Сарапшы алдын ала жалған ақпарат бергені үшін Заңмен белгіленген жауапкершілік жөнінде хабардар етіледі.
3. Сарапшы қорытындысы парламенттік тергеу жүргізу жөніндегі комиссияға хат түрінде жолданады. Сарапшы қорытындысын жасаған сарапшы парламенттік тергеу жүргізу жөніндегі комиссияның отырысына шақырылуы мүмкін. Бұл жағдайда сарапшы отырысқа қатысып, өзі шығарған сарапшылық қорытынды туралы анықтама беруі тиіс.
21 бап. Комиссияның шешім қабылдау тәртібі
1. Комиссия шешімдері оның отырыстарында ашық дауыс беру арқылы қабылданады.
2. Комиссияның шешімі, егер оған отырысқа қатысқан комиссия мүшелерінің жартысынан көбі дауыс берсе, қабылданды деп есептеледі.
3. Комиссияның қорытынды есебі бойынша шешім, егер оған комиссия мүшелерінің жалпы санының жартысынан астамы дауыс берсе, қабылданды деп есептеледі.
22 бап. Комиссияның құқығы
1. Комиссия өз қызметін жүзеге асыру кезінде келесіге құқылы:
1) Қазақстан Республикасының Үкіметінен, өзге де мемлекеттік органдардан, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару органдарынан, мемлекеттік мекемелерден, квазимемлекеттік сектор субъектілерінен және өзге де ұйымдардан белгіленген тәртіппен парламенттік тергеу нысанына жататын қажетті құжаттардың көшірмелерін, сонымен қатар, парламенттік тергеу жүргізуге қажетті ақпараттарды сұратуға және алуға құқылы;
2) комиссия тергеп жатқан фактілер мен мән-жайлар бойынша түсініктеме беру үшін лауазымды тұлғаларды шақыруға;
3) комиссия тергеп жатқан фактілер мен мән-жайлар бойынша түсініктеме беруге парламенттік тергеуге ықпал ете алатын арнайы білімі немесе ақпараты бар азаматтарды шақыруға;
4) осы баптың 3-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, шақырылған адамдарға сұрақ қоюға және олардың түсініктемелерін тиісті хаттамамен рәсімдеуге.
2. Комиссия лауазымды тұлғалар мен азаматтарды комиссия қойған сұрақтарға жазбаша түрде түсiнiктемелер мен жауаптар беруді, сондай-ақ парламенттік тергеуге ықпал ете алатын ақпаратты комиссияға жолдауды ұсынуға құқылы.
3. Қылмыстық іс бойынша күдікті немесе айыпталушы болып табылатын тұлғадан комиссия немесе жұмыс тобы қылмыстық істі қозғау туралы қаулыда, оны айыпталушы ретінде тарту жөніндегі айыптау қаулысында немесе айыптау актінде тұжырымдалған қылмыс құрамы бойынша жауап ала алмайды.
23 бап. Комиссия мүшелерінің құқықтары мен міндеттері
1. Комиссия мүшелері міндетті:
1) комиссияның регламентіне сәйкес комиссия отырыстарына және комиссия құрған жұмыс топтарының қызметіне жеке қатысуға;
2) комиссия тапсырмаларын орындауға;
3) парламенттік тергеудің барысы туралы ақпаратты жария ету бойынша комиссия белгілеген шектеулерді сақтауға міндетті.
2. Комиссия мүшелері құқылы:
1) комиссия қарауындағы мәселелерді талқылауға қатысуға, ұсыныстар енгізуге және комиссия қарауындағы кез келген мәселе бойынша сөз сөйлеуге;
2) комиссияның регламентінде белгіленген тәртіппен оның отырыстарына шақырылған адамдарға сұрақтар қоюға;
3) аталған Заңмен және өзге де заңнамалық актілермен қарастырылатын өзге құқықтарды жүзеге асыруға.
3. Комиссияның кез келген мүшесі комиссия қабылдаған шешімге қатысты өзінің ерекше пікірін білдіруге құқылы. Жазбаша түрде баяндалған мұндай ерекше пікір шешімге қоса тіркеліп, оның ажырамас бөлігі ретінде қарастырылады.
24 бап. Парламенттік тергеуге қатысатын лауазымды тұлғалар мен азаматтардың міндеттері
1. Лауазымды тұлғалар комиссия не жұмыс тобының сұрауыбойынша 15 күннің ішінде парламенттік тергеуді жүргізуге қажетті ақпараттары, құжаттар мен материалдарды беруі тиіс. Комиссияға немесе жұмыс тобына азаматтардың жеке өміріне қатысты мәліметтердің тек олардың рұқсаты болған жағдайда ғана ұсынылуы мүмкін.
2. Парламенттік тергеуге тартылған лауазымды тұлғалар мен азаматтар міндетті:
1) комиссия отырысына келуге;
2) комиссия немесе жұмыс тобына түсініктеме беруге, не комиссия мен жұмыс тобы қойған барлық қызықтырған сұрақтарға жауап беруге.
3. Комиссияға парламенттік тергеу жүргiзу үшiн қажеттi мәлiметтердi (құжаттарды, материалдарды) беруден бас тартқаны, немесе мәліметтерді беруден жалтарғаны, комиссияға толыққанды емес немесе қасақана жалған ақпараттар бергенi үшiн лауазымды тұлғалар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапкершілікке тартылады.
25 бап. Парламенттік тергеуге қатысатын лауазымды тұлғалар мен азаматтардың құқықтары
1. Парламенттік тергеуге тартылған лауазымды тұлға немесе азамат құқылы:
1) өзіне, жұбайына және аясы заңмен белгіленген жақын туыстарына қарсы айғақтар бермеуге;
2) адвокаттың қызметтерін пайдалануға;
3) қажетті жазбаларды жүргізуге;
4) сауалнама хаттамасымен танысуға;
5) сауалнама хаттамасына өзгерістерді енгізуді сұрауға;
6) басқа адамдарды парламенттік тергеуге тарту туралы өтініш беруге.
2. Өзiнiң пiкiрi бойынша парламенттік тергеуге ықпал ете алатын ақпараты бар адам түсiнiктемелер беру үшiн өзін комиссия отырысына шақыру туралы өтiнiшпен комиссияға жүгінуге не қолдағы ақпаратын комиссияға жолдауға құқылы.
26 бап. Комиссияның қорытынды есебі
1. Парламенттік тергеу нәтижелері бойынша комиссияның қорытынды есебі (бұдан әрі – қорытынды баяндама) дайындалады, ол Қазақстан Республикасы Парламентінің тиісті Палаталарына жіберіледі.
2. Қорытынды есепте комиссияның өзі тергеген фактілер мен мән-жайлар бойынша қорытындылары болуға тиіс.
3. Қорытынды баяндамада парламенттік тергеу жүргізуге негіз болған оқиғалардың себептері мен салдарын жоюға бағытталған нормативтік құқықтық актілерді қабылдау туралы ұсыныстар болуы мүмкін.
4. Қорытынды баяндамада әрекеттерi (әрекетсiздiгi) парламенттік тергеу жүргiзуге негiз болған фактiлер мен мән-жайлардың туындауына әкеп соққан лауазымды тұлғаларды қызметiнен босату туралы ұсыныстар, мемлекеттiк органдардың, жергiлiктi мемлекеттiк басқару және өзiн-өзi басқару органдарының, квазимемлекеттік сектор субъектілері, сондай-ақ басқа да ұйымдардың қызметiн жетiлдiру жөнiндегi ұсыныстар, сотқа дейінгі тергеу мен қылмыстық істер қозғау туралы ұсыныстар қамтылуы мүмкiн.
5. Парламенттің тиісті палатасы қорытынды есепті бір ай ішінде қарайды және бекітеді.
Қазақстан Республикасының Адам құқықтары жөніндегі уәкілі Парламент Палатасы отырысында қорытынды есепті бекіту туралы мәселені қараған кезде қатысуға құқылы.
6. Қорытынды баяндаманы қарау кезінде Қазақстан Республикасы Парламентінің Палаталары комиссияға оның жекелеген ережелерін түсіндіруді ұсынуға құқылы.
7. Қорытынды баяндама, егер оған Парламенттің тиісті Палатасы депутаттарының жалпы санының жартысынан астамы дауыс берсе, бекітілді деп есептеледі.
8. Қорытынды есепті тиісті Парламент Палатасы бекітпеген жағдайда, комиссияның қызметі тоқтатылады.
9. Комиссияның бекітілген қорытынды есебі Қазақстан Республикасының Президентіне, Қазақстан Республикасының Үкіметіне, Қазақстан Республикасының Бас прокурорына жіберіледі және белгіленген тәртіппен бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады.
10. Қорытынды баяндама құқық қорғау органдарына, мемлекеттік органдарға және жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару органдарына және өзге де ұйымдарға жолдануы мүмкін.
11. Қорытынды баяндама Қазақстан Республикасының Президентiне және Қазақстан Республикасының Үкiметiне және Қазақстан Республикасының Бас прокурорына жолданғаннан кейiн парламенттік тергеу аяқталды деп есептеледi және комиссия таратылады.
12. Қорытынды есеп оны алған күннен бастап бір ай ішінде Қазақстан Республикасы Үкіметінің отырысында және Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасында міндетті түрде қаралуға тиіс. Қорытынды баяндама бойынша қабылданған шешім туралы Парламент палаталарына дереу хабарланады.
13. Қорытынды есеп сотта шағымдануға жатпайды.
27 бап. Комиссия қызметін қаржылық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету
Комиссияның қызметін қаржылық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету Қазақстан Республикасы Парламенті Палаталарының қызметін қамтамасыз ету аясында жүзеге асырылады.
28 бап. Аталмыш Заңның қолданылуын қамтамасыз ету
1. Аталмыш Заң ресми жарияланған күнінен бастап алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
2. Аталмыш Заңға сәйкес парламенттік тергеу ол қолданысқа енгізілгеннен кейін туындаған фактілер мен мән-жайлар бойынша жүргізіледі.
Abai.kz