Депутат: Ескі Қазақстанның әр мүшесі жауап беруі керек!
Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи Самат Әбішке қатысты қылмыстық іс қозғалып жатқаны қоғамдағы қатқылданған жағдайды біраз жібітетін жаңалық екенін айтады. Депутаттың сөзінше, ескі Қазақстан топтарының әр мүшесі Қаңтар оқиғасына қатысты жауап беруі керек. Бұл туралы Mezgil.kz хабарлайды.
«Бұндай мәселеде игіліктің ерте-кеші жоқ. Ескі Қазақстанға қатысы бар, соның басында тұрған топтың әрқайсысы қаңтарға байланысты тергелуі керек еді. Тым құрығанда сұралуы керек еді», - деді ол.
Депутат жүріп жатқан тергеу барысында жаңа есімдер белгілі болуы мүмкін екенін айтады.
«Тергеу нәтижесінде жаңа есімдер аталады деген үміт бар. Жүріп жатқан сотқа байланысты біраз есімдер аталуы керек деп ойлаймын», - дейді Ермұрат Бапи (Дереккөзі: qaz365.kz).
Айта кетсек, бұдан бұрын Бас прокуратураның Арнайы прокурорлары Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары Самат Әбішке қатысты Қаңтар оқиғасы кезінде билік пен лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіп жатқанын хабарлаған.
Ал Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) 5-ші департаментінің бұрынғы басшысы Руслан Ысқақов сот кезінде қаңтар оқиғасы кезінде экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жиені – Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы бірінші орынбасары Самат Әбіштің тапсырма бергенін айтқан.
Ол сондай-ақ, Арман Жұмагелдиевті («Дикий Арман») тұтқындау туралы бұйрық шетелден келгенін айтты.
«Ысқақовтың сөзінше, оның қылмыстық ісі бойынша жауап алынғаннан кейін бір жыл өткен соң оның айғақтары құпияланған. Ысқақовтың мәлімдеуінше, бұл Әбіштің қаңтардағы рөлін жасыру үшін жасалған», - деп жазды журналист Данияр Молдабеков.
Abai.kz