Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Білгенге маржан 4133 11 пікір 23 Қараша, 2023 сағат 14:43

Ресейдің қанқасабы: 500 мың ноғай қалай қырылды?

Бұл күнгі Ресей Федеративтік республикасының аумағында, әсіресе солтүстік Кавказ шеңберінде орналасқан ноғайлар деген кімдер?! 

Кезінде Алтын Орда империясының негізгі құрамында болған және осы Еуразиялық құрылымның қанат жайуына, дамуына айтарлықтай үлесін қосқан, дақпырты алысқа кеткен, бір кездегі қалың Ноғай ордасынан қазіргі күндері не қалды?! Тұрақты ата қонысы, мемлекеті бар ма?!

Міне мен, осы тұрғыда жауап іздеп, өз уақытындағы Ноғай ордасының өткен-кеткен тарихын біраз жылдар зерттеп-зерделеп, қарап шықтым. Олардың сөйлеу мәнерін, өлең-әндерін, жырларын тыңдап, біздің қазақтан ешқандай айырмашылығы жоқтығын анық аңғардым. Тіпті, Ноғайлы болып саналатын Қазтуған жыраудың шығармаларын да бастан-аяқ қарап, оқып шықтым. Осыдан кейін барып, өзім көп уақыт өзге ұлт па деп ойлап келген ноғайлардың қазақ екендігіне, тек қана, сонау бір заманда, басшысы Ноғай батырдың атын иеленгендігі және Қазақ ордасынан бөлініп кеткендігі ғана себеп болғанын түсіндім.

Кезіндегі күндей күркіреген Алтын Орданың ыдырауы тұсында пайда болған мемлекеттік бірлестіктердің негізгісінің бірі – Ноғай Ордасы. Ол ХІV-ХV ғасырда қазіргі Батыс Қазақстанның көпшілік бөлігін алып жатты. Бұл мемлекеттің атауы осы Алтын Орда әскерінің қолбасшы, Жошы ханның немересі болып саналатын Ноғай есімімен байланысты. Кейіннен, Берке хан өлгеннен кейін Доннан (Дөң) Дунайға дейінгі аумақ Ноғайдың бақылауына енеді. Бірлестіктің құрамындағы рулар, біртіндеп Каспий маңына қоныс аударып, әскер жетекшісі Ноғайдың есімімен аталады.

Дегенмен, Ноғай Ордасының негізін салушы – әмір Едіге болған. Ол 15 жылдай Алтын Орданы билеп, «Ұлы әмір» атанған адам. Сол бір кезеңде, Шыңғыс әулетінен хан сайлау Едігенің қолында еді. Ноғай Ордасы Алтын Ордадан Едігенің тұсында бөлек шыға бастады. Бұл процесс Едігенің ұлы Нұраддинның уақытында аяқталып, Ноғай Ордасы Алтын Ордадан ХV ғасырдың ортасында бөлініп, дербес мемлекет болды. Ноғай Ордасы тұтасымен, Еділ мен Жайық арасын қоныс етті.   ХІV ғасырдың екінші жартысында Ноғай Ордасы ыдырап, екіге: Үлкен Ноғайлы Еділдің шығысына қоныстанып, сондай-ақ Кіші Ноғайлы Еділдің батысына тұрақтады. Міне, осы тұста ноғайлардың көпшілігі Қазақ хандығына, соның ішінде Кіші жүз құрамына енді. Ноғайлардың құрамындағы халық негізінен: маңғыт, қыпшақ, қоңырат, арғын, жалайыр, қарлұқ, алшын, тама және тағы басқа түркі тайпаларынан тұрды. Осыларға қарап, Ноғай Ордасын, ешқандай өзге ұлтқа телімей, (қазірде кейбіреулер айтып жүргендей) бүгінгі қазақ ұлтының төл бөлігі деуге әбден болады.

Геноцид

1783 жылы Ресей патшайымы Екінші Екатеринаның жарлығы бойынша, ноғайларды өз ата қонысынан ығыстырып, Орал тауларының маңайына шоғырландыру керек болды. Шығарылғын жарлық, талай ғасыр өзінің білгенінше өмір сүріп келген Ноғай Ордасының тәуелсіздігін жоғалту деген сөз еді. Шындығын айтқанда, Ресей патшалығына Еуразия кеңістігін түркі халықтарынан босатып, ішкі жақтан келетін орыстар мен немістерге жер беру және орналастыру жоспары тұрды. Сондықтан қалайда түркі жұртын қырғанынша қырып, қалған қалдықтарын бір түкпірге, өздерінің жаулау мақсаттарына кедергі келтірмейтіндей етіп, депортациялау еді. Сөйтіп, жоғарыда көрсетілген жылы Ресейдің оңтүстігіндегі патшайым билеушісінің өкілі болып саналатын князь Потемкин, бұл жарлықты жүзеге асыруға Суворовқа тапсырады. Алайда, бұған ноғайлар қарсы тұрып, көтеріліске шығады. Сол тұстағы орда билеушісі Қонақай мырзаның бастауымен, Ресейдің өктем саясатына қарсы екі арада қақтығыс басталады. Әрине, орыс армисының оқ-дәрімен атылатын қаруы мен зеңбірегіне, ноғай сарбаздарының жалаң қылышы мен садағының шамасы келуші ме еді?..

Суворовтың Ноғай ордасына қарсы жүргізген астыртын әрекеті, іс жүзіне асты. Көтерілісші ноғайлар таңертеңгілік намазға жығылған кезде, осыны пайдаланып, орыс әскерлері шабуылға шықты. Суворовтың белгісімен, Нижегородтық, Владимирлік және Доннан келген казактар ешқандай оқ шығармай, ноғай сарбаздарын қоршап алды. Шайқас өте қатты болды. Қанқасап бұл майданда орда жағынан адам шығыны көп болды. Кешке жақын ноғайлардың селдіреген әскері қоршауда қалды. Орыстар ешқандай аяушылық білдірмеді. Мың-сан сарбаз түгелімен қырылды.  Қорғаусыз қалған Еділ мен Жайық арасындағы қалың ноғай ауылдары Суворовтың жетекшілігіндегі армияның кескілеуіне түсті. Кәрісі де жасы да, әйелі де баласы да оңбай қырғын тапты. Бұл соғыста, кезінде Поволжье мен Солтүстік Кавказды ұстап тұрған Ноғай Ордасының бес жүз мыңнан аса тұрғыны қаза тапқан екен. Жалпы айтқанда, барлығы деген сөз.  Қалған-құтқан   ноғайлардың кейбір мырзалары өз ауылдарын алып, Кавказ арқылы, Түркияға ауды. Тарихта шамамен жүз мыңдай дейді. Орыс империясын жалтақтаумен күн кешірген, заманында төрт жүз мыңдай қол шығара алатын қайран Ноғай ордасы, Қазтуған жыраудың елі, тұтасымен жойылып кетті деуге болады. Қазіргі күндері, Ресейде қалғаны жүз мыңнан сәл ғана асады. Не, ұйысатын кішігірім болса да атамекен - мемлекеті (Татарстан, Башқұртстан, Хакастар секілді), не тілі, не дәстүрі қалмады. Дегенмен де, ноғайлар -  ол, қазақтар ғой. Орыс империясының өзге ұлттарға жасаған, тарихтан өшпейтін - геноциді осы ғой.

Бейсенғазы Ұлықбек,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Abai.kz

11 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2054