Сейсенбі, 26 Қараша 2024
1322 0 пікір 2 Мамыр, 2024 сағат 16:09

Ұлттық спорт туралы заң жобасы әзірленеді

Суретті ҚР Ұлттық спорт қауымдастығы баспасөз қызметі ұсынды

5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындық аясында Алматыдағы Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде «ҚР-да ат спорты мен ұлттық жылқы шаруашылығының қазіргі жағдайы мен даму перспективалары» атты дөңгелек үстел өтті.

Дөңгелек үстелге ҚР Ұлттық Ғылым академиясының президенті, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің ректоры Ақылбек Күрішбаев, ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов, Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай, сондай-ақ ҚР Туризм және спорт министрлігінің, Ауыл шаруашылығы министрлігінің, ғылыми қоғамдастықтың, спорт клубтарының, ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының өкілдері және оның құрамына кіретін федерациялардың басшылары мен атбегілер қатысты.

Іс-шара барысында Қазақстанда спорттық жылқы шаруашылығын дамыту, ат спорты мен ұлттық спорт түрлерінен мамандар даярлау мәселелері талқыланды.

ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының басшысы Исламбек Салжанов өз сөзінде ұлттық спорт саласын реттеу мәселелеріне жеке тоқталып, Қазақстанда осыған дейін бұл саланы реттейтін бірде-бір заң қабылданбағанын атап өтті.

«ҚР Ұлттық спорт қауымдастығы ҚР Парламент Мәжілісінің депутаттарымен бірге Ұлттық спорт туралы заң жобасын әзірлеу бастамасын көтеріп отыр. Оның аясында Қазақстанда этноспортты дамыту үшін жүйелі қолдау шаралары көзделеді», - деді Исламбек Салжанов.

Қазіргі таңда Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қауымдастық Қазақстан Республикасында Ұлттық спортты дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасының жобасын әзірлеп жатыр. Онда ұлттық спорт түрлерін дамыту мәселелері және оларды шешу жолдары көрсетіліп, іс-қимыл жоспары мен нысаналы индикаторлары ұсынылады.

Дөңгелек үстел барысында Қазақстандағы жылқы зауыттарының қазіргі уақытта әлемдік ат спорты индустриясының талаптарына сәйкес келмейтін инфрақұрылымдық даму деңгейі талқыланды.

Қатысушылар спорт жылқыларының санын көбейтпейінше, теңге ілу, көкпар, бәйге, аударыспақ, жамбы ату сияқты спорт түрлерін дамыту мүмкін емес, сондықтан спорт ғылымы мен спорттық медицинаға баса көңіл бөлу маңызды деген пікірге келді.

5-ші ДКО қарсаңында ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының бастамасымен Ұлттық спорт жоғары мектебі құрылды, алғаш рет Алматыдағы Спорт және туризм академиясына – «ат спорты түрлерінің жаттықтырушысы» мамандығы бойынша және Алматыдағы Аграрлық университеттің базасында «спорттық жылқы шаруашылығындағы ветеринария» мамандығы бойынша талапкерлерді қабылдау басталады.

Сонымен қатар, Қауымдастықтың көмегімен Сенат депутаттары қостанайлық жылқы тұқымын сақтау және өсімін молайту жөніндегі заңға бастамашы болды, ол бүгінде Мәжілісте қаралу сатысында тұр.

Дөңгелек үстел қорытындысында бірқатар ұсыныс қабылданды. Атап айтқанда, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті базасында спорттық жылқыларды бақылау допинг зертханасын ашу, мал шаруашылығы саласы ретінде спорттық жылқы шаруашылығының жай-күйін талдау және т.б.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1533
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3313
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 6006