Атырауда шаруаларға өтемақы төлеу бойынша комиссия құрылды
Атырау облысының ТЖ жөніндегі жедел штабы 4787 га егілген егін алқабының 85 га су астында қалғандығын хабарлайды.
"Облыс бойынша биыл 10 825 га егін егу жоспарланды. Тасқын аумақтарында орналасқан алқаптардың 85 га егілген егін су астында қалып отыр. Сонымен бірге, көктемгі дала жұмысын жүргізуге арнайы дайындалған жердің 4000 га су басты. Ауылшаруашылығы министрлігі зардап шеккен өңірлерге өтемақы төлеу жөнінде қағида жариялаған болатын.
Осыған байланысты, шаруашылығы тасқыннан зардап шеккен аудандарда комиссия құрылуда. Өтініштер қабылданып, шығын өтелетін болады. Атырау қаласы аумағында тасқыннан зардап шеккен шаруашылық нысандарының қатарында алма бақтар, егістік алқаптары бар", – деді Атырау облысы ауылшаруашылығы басқармасы бөлім басшысының міндетін атқарушы Азат Қапанов.
Тасқын судан Қызылқоға, Жылыой, Махамбет, Индер аудандарында және Атырау қаласындағы шаруа қожалықтарының бірқатары зардап шегіп, қазіргі таңда Атырау облысы бойынша 500 га астам егін алқабы қауіпті аймақта тұр. Аталмыш аумақтар қоршалып, оларға бөгет орнатылған.
Abai.kz