Әуе билетінің бағасы өсе ме? Вице-министр жауап берді
Көлік вице-министрі Талғат Ластаев әуе билетінің бағасы маусымға байланысты құбылып тұратынын айтты. Министрдің орынбасары биыл әуе билеті қымбаттамағанын атап өтті. Бірақ оның құнына көптеген фактор әсер етеді.
"Жалпы тариф өзгермеді. Тариф әртүрлі элементтен тұрады. Оның ішіндегі ең бастысы – жанармай. Қазір отандық зауыттар өндіретін жанармай жетпей жатыр. Осыған байланысты импорт жағынан бағаның өсу-өспеуі маусымға байланысты. Ол бағаға әсерін тигізеді. Тарифтің өзі өспейді, оған күнделікті факторлар әсер етеді", – деді Талғат Ластаев.
Вице-министрдің айтуынша, әуе билетін арзанға сатып алғыңыз келсе, оны ертерек алу жөн.
"Билеттерді ерте алған дұрыс. Біздің мәліметімізше, бүгінде жолаушылардың 52 пайызы әуе билетін 2 апта бұрын сатып алады. Егер одан бұрын алсаңыз, әуе билеті арзан болады", - деді министрдің орынбасары.
Abai.kz