Дүйсенбі, 17 Наурыз 2025
Алашорда 248 1 пікір 17 Наурыз, 2025 сағат 11:52

Алаш баспасөзі Наурыз хақында...

Сурет: alash.kz сайтынан алынды.

1913 жыл. "ҚАЗАҚ" газетіндегі жазба:

Наурыз

Наурыз қазақша жыл басы. Бұрынғы кезде әр елде наурыз туғанда мейрам қылып бас асып, қазан-қазан көже істеп ауылдан ауылға, үйден үйге жүріп кәрі-жас, қатын-қалаш бәрі де мәз болып көрісіп, араласып қалушы еді. Бұл кезде ол ғұрып қазақ арасында қалып бара жатқан секілді. Хәтті наурыздың қай айда, қай күні болуы хақында әр түрлі сөйленеді. Біреулер наурыз марттың бірінде, екіншілері тоғызында келеді деседі. Әр жұрттың белгілі күнде жаңа жылы туады; ескі жыл бітіп, жаңа жыл басталғанда: «Жаңа жыл қайырлы болсын! Жаңа бақыт нәсіп болсын!» деп құттықтасады, ол күнді мейрам қылып шаттықпен өткізеді.

Орыстың жаңа жылы қыс ортасында, нағыз сақылдап тұрған суықта келеді; біздің жаңа жылымыз – наурыз марттың басында болсын, ортасында болсын – әйтеуір мартта келетін болса, шын мағынасымен жаңа жыл деп айтуға лайық. Күн жылынып, қар еріп, жан-жануар жаздың жақындағанын сезіп көңілденетін кез. Шаруа адамдарының бейнеттен қолы шешіліп, алты ай қыс баққан арықтарын үмітті күнге жеткізіп дем алып отырған кез. Ағаш, шөптер қар астынан сілкініп шығып гүлденіп жасаруға даярланып, күн де қыстай бір бүйірлеп жүруін қойып жоғары көтеріліп бүтін ғаламға нұрын шашып үйсізді үйлімен теңгеріп бай мен жарлыға бірдей сәуле беруге тұрған кез. Міні тәбиғаттың осындай көңілді өзгерісінің кезеңінде біздің жаңа жылымыз – наурыз туып, ата ғұрпымызды ұмытпай белгілі бір күнді жыл басы қылып алсақ ұнамды іс болар еді.

Осы туралы білетін адамдар «Қазақ»қа жазса екен: біздің жаңа жыл – наурыз анық жылдың қай айында һәм қай күнде басталады. Біз оқушыларымыздың жаңа жылмен құттықтауға наурыздың анық қай күні туатынан біле алмадық, ғафу өтінеміз.

«Қазақ» газеті. №5. 9 март 1913.

1914 жыл. "ҚАЗАҚ" газетіндегі жазба:

Наурыз

Сәлем бердік! Жас наурыз, жылдың басы!

Жұрттың күткен мінеки ықыласы!

Көжесін қып, күйбеңдеп, басын асып,

Бермек әр кім барынша қонақ-асы.

Келгеніңе құттықтап бірін-бірі,

Қуанышта, көрісіп кәрі жасы.

Көңілі түгіл, адамның сен келген соң,

Самарқанның елжіреп тұр көк тасы.

Күйін көріп қуанған мұңсыз деме!

Толып жатқан көбінің бар мәдісі,

Табақ тартып «амин» деп қол жайды жұрт,

Батаңды бер жарылқар, жыл мырзасы!

Наурыз құтты болсын!

«Наурыз» парсы сөзі. Бұл қазақша айтқанда «жаңа күн» деген сөз. Неліктен бұған жаңа күн деп ат қойған? Һәрбір өткен, кешегі күн, ескі болып, һәрбір үстіміздегі, бүгінгі күн, жаңа болмақшы емес пе? 9-ншы март күнін «жаңа күн» деп атаудың мәнісі не? Оның мәнісі мынау:

9-ншы мартта түн мен күн теңеледі. Сонан кейін күн ұзарып, жылы бола бастайды. Күн жылыға айналғаны жазға айналғаны. Сондықтан 9-ншы март жаз басы болып табылады. Жаз болса, дүние жаңаланады: ағаш, шөп жасарып, жапырақтанып, гүлденіп, жаңа бұтақтар жайады, мал, мақлұқтар балалап, төлденіп, жаңа ұрпақтар жайады. Жылдың төрт тоқсанның ішінде дүниені жасартып, жаңалайтын тоқсаны – жаз.

Сол тоқсанның басы 9-ншы март болғандықтан, бұл күн «Наурыз» иәғни «жаңа күн» деп аталады.

Қысқан қыс өтіп, жайлы жаз келгені, адам түгіл қимылдаған, қыбырлаған жанның бәрi мейрам ететiн бiр мезгiл. Мұны жаңа жылдың басы деп, мейрам ету – дүниедегі нағыз бас ұнамды істердің бірі. Наурызды мейрам етушілер Үндістан, Иран, Ауған, Бұхара, Кауказ, Түркістан һәм біздің қазақ жерінде. Ертерек заманда Наурызды қазақтар тегіс мейрам етуші еді. Бас салып, ет асып, бидай көже істеп, атқа мініп ауылдан ауылға жүріп, бірін-бірі құттықтап, көрісіп, асқан еттерін жеп, көжелерін ішіп, Наурыз күнін тәуір шаттықпен өткізуші едi. Бұл заманда Наурызды мейрам етушiлер қазақ арасында сиректеп бара жатқан сияқты көрiнедi. Басқалар тастамай Наурызды мейрам етіп отырғанда, бiздiн қазақтың тастайтын жөні жоқ-ақ.

Жаз - қазаққа бір қуанышты шақ. Қыс қайғысын өткізіп, жазға iлiнiп, көңiлдерi жадырап, малдары балалап, ірі малға төл қосылып, ауқатының артқаны қазақтың көзіне көрінетін мезгіл - жаз. Қыс бойы көрге қамалғандай, бықырсыған, пысынаған, сасық там үйде тұншыққан қазақ киіз үй тігіп, жазыққа шығып, таза ауаны шөлдегендей құмарланып жұтып, жаны кенеліп, «үh!» деп, бойын жазатын мезгілі-жаз. Жер көгеріп, мал тойынып, мал тойынса ақ шығып, ел тойынып, қазаққа тоқшылық кіретін мезгіл жаз. Сулар тасып сарқырап, құстар шулап ың-жың болып, түйе боздап, қой маңырап, сиыр мөңіреп, жылқылар шұрқырап кісінеп, қазақтың көңіліне шаттық келтіретін мезгіл жаз. Сонша сүйінішті, қызықты жақсы мезгілдің басы 9-ншы март болса, бұл күнді мейрам етпегенде, қандай күнді қазақ мейрам етер?

Жаңа киім кисе де, жаңа үйге кірсе де құтты болғай деп кірмей ме? Сол «құтты болғай»-ды жаңа жылға да айтарлық жөні бар емес пе? Жылда 365 күн бар. Ол бірталай уақыт. Бір айлық сапар шықса да, жолы болып, аман барып, аман қайтқай еді деймiз. Бiр жыл адамның өмірі жүзінде - бір жылдық сапар. Бір айлық сапардан бір жылдық сапар кем бе?

Жаңа жыл туған күні бір-бірімізге «құтты болсын» айтуымыз тастарлық ұнамсыз, мағынасыз іс емес.

Жаңа күн, жаңа жыл, жаңа қадам құтты болсын!

«Қазақ» газеті. № 53.9 март 1914.

1915 жыл. "ҚАЗАҚ" газетіндегі жазба:

Жаң жыл құтты болсын!

Жаңа жыл құтты болсын Алашым!

Мал мен басың өссін – өнсін тарасын!

Жаңа талап, жаңа дәулет, жаңа бақ

Беріп жұрттың толықтырсын шаласын.

Тоқшылықпен, тұнықтықпен, саулықпен

Шаттандырсын үлкен бала шағасын.

Өрттен, жұттан аман сақтап шаруасын,

Төрт түлік пен бытырлатсын даласын.

Жақын, малын аямайтын ұлты үшін,

Айтып берсін мұнда туған баласын.

Ақ көңілдік, ақ пейілдік нәсіп қып,

Жұрттың жойсын жүректегі қарасын.

Тілек бір, ниет де бір, іс те бір,

Тістейтіндер жаңа жылдың қалашын.

Біреу аяқ, біреу ауыз, біреу қол,

Болып әр кім қызметіне тарасын!...

Сәбит Дөнентаев.

Орынбор, 9-ншы март

Бүгін жыл басы Наурыз. Міні «Барыс» кетіп «Қоян» келіп тұр. «Қоян» жалыққа жайсыз жылдың бірі. Осымен төрт қоянды көрейін деп тұрмын. Бұл төртеуі де халыққа жайлы болған жоқ. «Қоян» жылы не малға, не жанға ауырмалдық түсірмей өткен емес. 1880 нші жылғы «қоян» жұт болып, қазақ малы қатты қырылды. Қар кеткенде жер жүзі өлексеге толып кетіп, ана жер, мына жерде көздерін қарға жұлып үңірейткен өлекселерді көріп, бала кезімде шошынғаным бар. Ол «қоянда» қатты ашаршылық болды. пәлен жерде аққұлақтың басын үгіп, көже қылып ішіпті деп, үлкендердің аңыз ғып айтып отырғандары есімде бар. Қазақтан басқа жерге ол «қоян» қандай болғанын білмеймін.

1892 нші жылғы «қоянда» қазақтар жұтады. Бүтін Росияда да ашаршылық болып көнек аурудан, обадан адамдар көп қырылды. Бұ «қоян» Орынборда оқып жүрген кезімде болды. тамағымыз аш деп инспекторға арыз еткенімізде сендердің бұл ішіп отырған тамақтарыңды таба алмай отырғандар көп. Басқа жерде аштықтан мынаны нан ғып жеп отыр деп, ала ьотаның үккен басын әкеліп көрсеткені есімде бар.

1904 нші жылғы «қоянда» қазақ жұтаған жоқ. Бірақ ауырмалдығы адамға түскен сияқты: Росия мен Жапония арасында соғыс басталып, адам қырғыншылығы болды. қазақ жұтамағанмен соғыс болған соң қалыптан тысқары күстенше шығындары құр болған жоқ.

Мынау «қоян» дүниеде болмаған зор қырғын соғыстың үстіне келіп тұр. Адамға түскен ауырмалдық үстіне мал ауырмалдығын қоспай өтсе, қазақтың бағы. Бұрынғы жұт қояндардай болып, малға да салмағын салса, қазақ жүгі көбейіп, көтеруге әлі келмес. Түндік ақша екі есе көбейіп тұр; соғыс салығы түсейін деп тұр; нәрсе қара қымбаттап тұр; малдың еті мен сүтінен басқаның бәрін сатып алатын қазаққа бұда жеңіл тимес. Құдай жұтқа ұшыратпасын. Жұтаса қазақ бұрынғыдай тез оңала қоймас. Өткен жаздың шаруаға жәйлі болғандығынан жұртта пішен мол, шаруаның іші жәрбелі. Жаз өте жайсыз болмаса, «қоянның» қаупі мал жағынан онша зор бола қоймас еді деп, алдағы жаздан үміткерміз.

Наурыз бен құттықтап, жаңа жыл жайлы болуын тілейміз.

«Қазақ» газеті. №110. 9 март 1915.

1916 жыл. "ҚАЗАҚ" газетіндегі жазба:

Наурыз

Аты шулы қоян жылы өтіп, жаңа жыл – ұлу кірді. Қоян жылы халық тәжірибесінде мал-бақа ауырмалық түсіп, шаруаның күйзеу болатын бір жылы. Мұнан он екі жыл бұрынғы болған қоянла Жапон соғысы болып, халық шаруасы ондай аса күйзелмесе де, соғыс болу себепті кісі қырғыны, жұрт әбігершілігі көп болғани еді. Бұл қоянда да бүтін дүниені білім, өнерімен таңдандырған, тауарымен толтырған Еуропа патшаларының соғысы болып жатыр. Соғыс болған соң әр нәрсенің қымбаттап, салықтың көбейіп, шаруаның күйзелуі, кісі қанының да көп төгілуі белгілі. Сондықтан екі жылға созылған бұл соғыстың шалығы біздің қазаққа да шаруа, білім жағынан тиіп отыр.

Шаруа жайынан тиуі: әр нәрсенің бұрынғыдан екі-үш есе қымбаттауы, соғыс салығының түсуі...

Білім жағынан тиуі: заманындағы болып жатқан зор оқиғаларды халыққа көзбен көріп білгендей айтып түсіндіретін, білімді мен білімсізді, күштімен күшсізді өлшеп беретін газет, журнал дегеннен бір ғана журнал «Айқап»тың тоқталуы, милиондаған халық артындағы бір ғана газет «Қазақ»тың жұмасына бір шығатын болып қалуы осы жылдың оқиғаларынан болып жатқан істер. Сүйтсе де жыл ауыр болғанмен қазақ ұлтының басына түскен пәлендей ауыртпалық бар деп айта алмаймыз. Тек Карс облысынан қан қарындастарымыздың соғыс себепті өлгені өліп, аш-жалаңаш, үйсіз-күйсіз қалғанын айтуға болады. Енді жыл осындай ауыр болып тұрса да, көңіл көтеріп қуанарлық нәрсеміз де жоқ емес.

Халқымыздың ілгерлеуіне себеп болатын істерден: маслоделный артел мен потрбителный дүкендердің ашыла басталуы; Семей, Қызылжар секілді шаһарлардағы талапты жастарымыздың кітап саудасын ашуға сұратулары; мектеп, медресе сияқты білім жұрттарының осындай ауыр жылдарда да тоқталмай жаңалап артуы; халқымыздың мұғалім сұрауы, әдебиет кеші сияқты істерінің көбейіп оқушыларымыздың кемімей халқымыздың да оқу жолындағы мұқтаж жастарымызға жәрдем қолдарын кемітпей созып тұруы уә ғайрилары... көңіл көтеріп, қуанарлық істерімізден. Енді мемлекет, халық басына мынадай зор апатты ала келген қоян жылы өтіп, жаңа жыл ұлу кірді. Атақты қоян жылғы істеген істерімен өзінің елдігін көрсеткен қазақ халқының бұл жаңа жыл ұлуда мұнанда артық, мұнанда көп істерінің болуында үмітіміз зор.

Жаңа жыл – ұлу жәйлі, берекелі, шаттықты болсын!...

Уәлихан Ғұмарұлы.

«Қазақ» газеті. №172. 9 март 1916.

1917 жыл. "ҚАЗАҚ" газетіндегі жазба:

Газеттің бас бетінде мынадай құттықтау сөз жазылған:

«БАРША АЛАШ АЗАМАТТАРЫН ЖАҢА ЖЫЛ – НАУРЫЗ ҺӘМ БОСТАНДЫҚПЕН ҚҰТТЫҚТАЙМЫЗ. АЛЛА ТАҒАЛА КИІЗ ТУРЛЫҚТЫ ҚАЗАҚТЫҢ ОҢ ЖАҒЫНАН АЙ, СОЛ ЖАҒЫНАН КҮН ТУҒЫЗЫП, ЫРЫС-ДӘУЛЕТ, БАҚ-БЕРЕКЕ НӘСІП ЕТСІН!"

Екінші бетінде екі өлең басылған:

Жаңа тілек

Жаңа жылда жаңа тілек тілелік,

Ескі жылды ескерерде жүрелік,

Кеп жүрмесін қайта айналып түнеріп,

Көзің жасты, көңілің қаяу Алашым!

Жұрт болудың ойланарлық амалын,

Қамсыз жатар емес енді заманың;

Надандықтың қираталық қамалын,

Мақсатыңа ұмтыл таяу Алашым!

Жаумен жұттан енді құдай сақтасын!

Қасекені – қас масқара таптасын!

Кәрі, жасың енді ғафыл жатпасын!

Аш көзіңді, болма баяу Алашым!

Өз қамыңды ойлан өзің ел болсаң,

Ел боламын, тең боламын дер болсаң;

Көктен теңдік келмес өзің кем болсаң,

Мең-зең болмай талпын ояу Алашым!

Ұшқын құстай, суда жүзген балықтай,

Табиғатты қолданушы халықтай

Сен енді сергісейші жалықпай,

Жүргеніңше мәңгі жаяу Алашым!

Бүгін хақтың қуанышты кең күні,

Күн менен түн – таразының тең күні,

«Құт-береке болмаса екен кем күні»

Деп тілек, қолың жай – ау Алашым!

Мадияр.

«Қазақ» газеті. №221. 9 март 1917.

Дайындаған: Абай Мырза

Abai.kz

1 пікір