Сейсенбі, 7 Қазан 2025
Әдебиет 134 0 пікір 7 Қазан, 2025 сағат 13:19

Сауға

Сурет: tilalemi.kz сайтынан алынды.

Поэма

I. Ұлы қағанат жайлы мадақ

Хангай таудың етегі бір ғаламат,
Ғаламатты жаратқан дүр қағанат.
Сайпықран ұлдары шеттерінен,
Туа салып қағады қырға қанат.
Хангай таудың бауыры – аттылы аймақ,
Атқа қонса ерлері бақты байрақ.
Байрақ алса, намысын жатқа бермей,
Жанарында от жанған, шаттық ойнап.
Еңселі орда,
Егей жұрт,
Жарқын маңай,
Сақтан қалған өнеге салтында бай.
Сары садағын сардары сағымға іліп,
Кимейді екен сауытын алтындамай.
Қағанының айбыны — өр таққа мінген,
Бір кем емес қадыры Хақ Тәңірден.
Аруының жалғыз тал шашы түссе,
Аламаны «Аруақ!» деп атқа мінген.
Сәні бөлек халқының шаһар гүлді,
Хор қыздары аймалап қаһарлы ұлды.
Алақайлап қарсы алып атар таңды,
Ұзататын шаттықпен батар күнді.
Оғы сынды десі өткір тартқан жайдың,
Араздасқан дұшпанға артқан қайғы.
Бір қағанат дүркіреп тұрды солай,
Бауырында баяғы қарт Хангайдың.

II. Сызат

Инаныш хан бақи кетті…
Тақ қалды,
Ай жамалды тоқал қалды пәк тәнді.
Екі бөрі жанарлары шарпысып,
Тұрды күтіп алай-дүлей ақпанды.
Екі бөрі,
Алғадай дүр екі ұлы,
Екеуінде күллі Найман бекімі.
Бір қазанда қатар қайнап екі бас,
Қатар жүрмек екі жүрек өкімі.
Тақта қымбат жұлдызды ерге туған бақ,
Тоқалда ыстық сонадайдан тұрды арбап.
Екі арыстың ортасына от жағып,
Ақсұр жылан өте шықты сумаңдап.
Алып орда,
Күміс уық,
Тақ алтын…
Ішіп туған ел билеудің ақ антын.
Қос ханзада қатар қонды атына,
– Ал, екіге жарылыңдар, о, халқым.

III. Қақ жарылу

Құбатегін қарт-ұзан,
Ойда көркем,
Қасиетіне сүйінген қайран өлке.
– Тоқтат! – деді саңқ етіп екеуіне,
Зіл дауысқа селт етті бейғам Орхон.
– Тоқтат! – деді,
Тайбұқа туламады,
– Тоқтат! – деді,
Хан Бұйрық тыңдамады.
Жұртын ертіп соңынан мың қаралы,
Барады асып бір шеру қырдан ары.
Хангай таудың күрсінді түні кейіп,
(Бөлінгеннің тұрағы – түбі бейіт.)
Қала берді қағанат қақ жарылып,
Ақ орданың іргесі үңірейіп.
Екі бөрі бөлініп кетті дара,
Ауыр ойда қарт ұзан кекті нала.
Күңірентіп даланы зарлы үніне,
Нар қобызын тапсырды Кетбұғаға.

IV. Соңғы дем

Жарты әлемді жауламаққа серт еткен,
Ауыздықпен ат суарып, тер төккен.
Төңірегін түгел жеңді хан Шыңғыс,
Қан уыстап туылған ер ертектен.
Жеңді бәрін, айналада қалды кім?
Жеңілмеген бір қағанат бар бүгін.
Ол баяғы Инаныш хан ұрқынан,
Қолына алған Ұлы Найман тағдырын.
– Ол кім тағы?
– Берілмеген күші нық?
– Тайбұқаның туған ұлы Күшлік.
Он сегіз жыл майдандасты бізбенен,
Көрмеді әлі өр еңсесін түсіріп.
Ойын қарып суық хабар,
Тұңғыш мұң,
Жанын жеді жеңілмеген Шыңғыстың.
Қалың қолмен Жебе ноян аттанды,
Көрейік деп: кім табанды, кім күшті?..
Соңғы майдан,
Соңғы күрес,
Соңғы дем,
Соңғы тұрақ ханзадаға сол білем.
Жотасынан күн аунады Памирдің,
Бояу жұтып жатты мүлгіп жол күрең.
Ер Күшлік…
Ақырғы рет мұнардан,
Көкірегінде тулап жатты мың арман.
– Кешір, Найман қағанаты, ұлыңды,
Енді қайта, – деді, – күнің туар ма?..
Сөнді жұлдыз,
Шықты ойнақтап бос тұлпар,
Дұшпан сақ-сақ,
Тау бұлтты…
Дос мылқау.
Егей ердің иендегі басында
Жүрді айналып күні бойы қос сұңқар.

V. Нартауекел

Қаһарлы Шыңғыс жарты әлем – оған тар бүгін,
Қарсыласқанның табанға салмақ барлығын.
«Тұрып сыйетін найман қалдырмай қырсын!» – деп,
Жариялады адам төзгісіз жарлығын.
Күрсінді қарттар, жылады сәби, налыды ер,
Қайтерін білмей қапырық жұтты қалың ел.
Амалын қарап жанына сауға сұраудың,
Айнала түгел – абыр да сабыр, әбігер.
Кетбұқа жырау қолында қобыз, домбыра,
Жұртына тұтқа ер болып жүрген соңғыда.
Ақылын айтып,
Сабырға көпті шақырып,
Жайғасты барып төбе билердің орнына.
– Уа, жұртым!
Болары болды, болмаңдар түге енді алаң,
Қорғаймын елді!
Аруағы барда ер бабам.
Қасыма тоқсан жақсы мен
Жайсаң қосып бер,
Шыңғысқа барам сеніміңді артып ер маған.
Қаһарлы беттен қайтарам деген Шыңғысты,
Сүйінді қауым көргенде мынау тың күшті.
Қасына тоқсан сарабдал саңлақ ер қосып,
«Бәрекелді!» – деп бастарын тегіс шұлғысты.
Тоқсан жақсы ертіп, мойнына салып белдігін,
Алшаңдай басып, танытып көпке ерлігін.
Жандарын түйіп орамалына аттанды,
Арқалап алып күллі найманның шер-мұңын.
Кетбұқа жырау, жанары жайдай өткір-ді,
Ағысқа қарсы кеудесін тосып екпінді.
Құдірет қонған қоңыр домбыра қолында,
Қаған Шыңғыстың ақ ордасына кеп кірді.

VI. Сауға

(күй тілінде)

—Уа, алдияр хан ием,
Ала белдік мойнымда,
Сауға, Шыңғыс, сауға!
— ескі аңыздан
Хангай тау,
Орхон өзен,
Шер толқыған,
Ақ семсер адал ердің серті аңқыған.
Көшкен сел,
Үріккен жылқы…
Өткен дәурен,
Белдеуде қара арғымақ жер тарпыған.
Қалың қол,
Қаптағай ел,
Ту бөрілі,
Көкжал ер қыр басында жүрген ұлып.
Ал, бірде…
Атырапты тұман басып,
Қан болып бұрқылдайды су көбігі.
Өкініш өзектегі…
Еске алмас күн…
Жүзінде жарық етеді ескі алмастың.
Арғымақ айға шапшып, оқыранып,
Үркеді күлкісінен кескен бастың.
Жаяулап топтап бөлек,
Саспай әрі
Келеді…
Қағанаттың жас нойаны.
Бегзада қалпын бұзбай, алшаң басып,
Жендеттің қарсы алдына қасқайады.
Айбалта қолындағы,
Семсер мүмкін,
Жендет те баса киіп сеңсең бөркін.
Шаппаққа ыңғайлана бергенінде,
Қаған-дүр толтырады кемсеңге ұртын…
Күй тынды,
Орда тыныш,
Үнсіз қаған,
Меңіреу дүн-дүние, тілсіз ғалам.
Ай ғана сонадайдан алаулайды,
Жүзінде қасіретті мұң сыздаған.
Толған ай,
Тымырсық түн,
Бұлт айбарлы,
Үміттің ақ сәулесін қымтай қалды.
Түңілді ел:
– Сауға, Шыңғыс! Сауға, Шыңғыс!
– Кештім! – деп ұлы қаған сырт айналды.
– Аруақ!
– Жаса, қаған!
Ақын-қаған,
Кетбұқа,
Батыр баба,
Батыл-данам!
Домбыра — Тәңір тілі,
Сөйле, сөйле…
Сен үнсіз қалсаң, орнар ақыр заман!

Ерлан Аманқожа

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Профилактика бытового насилия

Алмаз Ещанов 703
Қауіп еткеннен айтамын

Жау жоқ деме – жар астында...

Қуат Қайранбаев 9504