Дүйсенбі, 20 Қазан 2025
Ғибырат 175 0 пікір 20 Қазан, 2025 сағат 13:20

Елдіксіз ешкімнің де көсегесі көгермейді!

Сурет: Автордың мұрағатынан алынды.

25 қазан - Республика күні!

Жазушының ұлттық тәуелсіздік және ұлт болашағы туралы ой- толғаныстары

Әбіш Кекілбайұлы «Тәуелсіздік толғауы» атты еңбегінде: «Біз азаттықты бір кездегі жоғалтқан дәуренімізге қайта оралу үшін алған жоқпыз. Ол дәуірден бүгінгі адамзат түгілі, біздің өзімізге де ілесе алмай тарихтың қиян түкпірлерінде қалып қойды. Біз ол кезден мирасқа жеткен мұраларымызды мұқият меңгеріп, жоғалта бастаған даралық сипаттарымызды қалпына келтіріп, бірақ соған қанағаттанып қалмай, озып кеткен замана көшін қуып жетіп, сол кезден бергі кетіп келе жатқан қапыларымызды түгендеп, орнына келтіріп, ертең де, бүрсігүні де, алыс болашақта да ұлт ретінде, ел ретінде жер бетінде қала алуымыз үшін жан аямай күресуіміз керек. Өзімізді өзіміз шыңдап, өзгеден есеміз кетпейтіндей боп ар-намысқа тырысуымыз қажет. Тәуелсіздіктің бағы сонда ғана жанады. Тәуелсіздік жолында қан да төгілген, жас та төгілген, тер де төгілген. Бірақ, ар төгілмеуі керек», - деп ұлттың келешек дамуының мақсаттарын осылай анықтайды.

«Ұлт» - «халық» ұғымының синонимі әрі «мемлекет» ұғымын да білдіреді, ұлт өзінің тарихы барысында қалыптасады, ұлттың мемлекет болуы үшін ортақ территориясы, ортақ тілі мен ортақ мәдениеті, өткен ортақ тарихы мен ортақ болашағы болуы керек, қазақ халқы өткен ғасырлар тарихында  елдігі үшін, жері үшін, өзінің жаһандағы орны мен болашағы үшін қызыл қанын төкті, жанын аямады, құндылықтарын қарашығындай сақтады.

Ең бастысы, қазақ халқы XXI ғасыр мен жаңа мыңжылдыққа азат ұлт, тәуелсіз мемлекет болып өзінің болашағына батыл аттады, бұл ұлттың көп ғасырлар бойындағы қалыптасуының жемісі де әрі жеңісі.

Әбіш Кекілбайұлы көркем туындыларында қазақ халқының тарихын, ұлт өмірін, болмысы мен салт-сана дәстүрлерін философиялық - психологиялық тереңділікпен бейнеледі, әдеби кейіпкерлерінің ішкі әлемін, олардың  тағдырларын, сезімдері мен өмірлік сәттерін әдеби-көркем шеберлікпен суреттеді.

Академик Серік Қирабаев: «ХХ ғасырдың екінші жартысында әлемдік әдебиет үрдісінен үлгі алып, өмір­ді тану мен суреттеудің  жаңа жо­лын­­дағы ізденістерге шыққан жазу­шы­ның «Аңыздың ақыры», «Үркер», «Елең-ал­аң», «Абылай», «Шыңырау», т.б. шығар­ма­ла­ры қазақ әдебиетінің алтын қорына кірді. Бұлардағы көркемдік ізденістер – өмірді суретпен тану, психология, адам­­ды ойы мен сезімі арқылы ашу, шын­дықтың сыры мен шыны жайы ойлы толғаныстар жалпы ұлттық әде­биет­тің беделін көтерді» деп баға береді.

Жазушы елдің Кеңестер Одағынан шығып, егемен ел болуы үшін, тәуелсіз мемлекет болуы үшін атсалысты, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары мемлекеттің қалыптасуына, елдің бірлігі мен тұтастығы үшін аянбады.

1996-2002 жылдары Қазақстан Республикасы Мемлекеттік хатшысы Ә.Кекілбаевтың кеңесшісі болған, ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институтының қызметкері, саяси ғылымдарының докторы Жапсарбай Қуанышев: «Тумысынан терең ойшыл Әбіш Кекілбаев жан-жақты білімге сүйенген кемеңгер суреткер ретінде адам мен қоғам, табиғат пен өркениет, тарих пен болашақ тұжырымдамаларына мүлде жаңаша қарау керектігін ерте түсінді. Әбекең ел жүрегінің дүрсілін сезетін, өзі өмір сүріп жатқан ортаның қыр-сыры мен жай-жапсарын, мүддесін, өз қоғамы мен елінің әлемдік өркениеттегі орны мен оның даму үрдістерін әдебиетші -  тұлғалардың ортасында жүрген кезінен-ақ білген. Сондықтан, еркін ойлы қаламгер және гуманист тұлға өзін саясатта да еркін сезінді, пікір дербестігін де жоғалтпады», - дейді.

«Ар» газетінің сұрақтарына берген жауабында Әбіш Кекілбайұлының өзі: «Тәуелсіздік жылдарындағы қызмет жолым - жұртшылықтың көз алдында. Бірақ өлімімді сатып, мансап қуған ештеңем жоқ. Шақырған қызметтерін өзіме қол көрсем – бардым. Сайлаған қызметтеріне – көрсетілген сенімді жерге тастамай, қабыл алдым. Бірақ,  қай – қайсысы да тарихи қиын сынақтар кезеңінде қиын міндеттер арқалайтын күрделі қызметтер еді. Мен оларға бақ, дәреже, артықшылық деп емес, ең алдымен, үлкен жауапкершілік деп түсіндім», - деп қайырады, бүгінде  бір анығы,  осынау жауапты тарихи тұста киелі тәуелсіздік  мұраттарын алдамшы мүдделерге, түкке тұрмайтын тіршілік қаракеттеріне айырбастамады, ұлтына, еліне адал қалды, өзінің парасат пайымына берік болды.

Экономика ғылымдарының докторы, профессор Мырзагелді Кемел Әбіш Кекілбаевтың ел тәуелсіздігінің бастау жылдарында ұлттық мемлекеттің саяси өрісінің  кемелденуіне сіңірген зор еңбегі мен кісілік келбетіне арналған жазбаларында: «Ол құлшыныс пен тәубені тең ұстап, өзі ғана жетіліп қоймай, өзгелерге де үлгі болумен ғұмыр кешіп келеді, қашанда болмысы байсалдылықпен байып, мінезі қарапайымдылықпен көркейіп тұрады. Уақытта із қалдыру әркімнің өз еншісінде. Әбекең уайымсыз жүріп, уақытын текке өткізетіндерден емес. Тіршілік – көлдің бетінде, замана желдің  өтінде, ескексіз қайықтай қалтылдаумен ғұмыр кешкендерге, қашан көрсең жаусырап, өштік іздеп отыратын өшпендіге,  қанағатты ұмытқан тойымсыз жебірге, мен  біреуден неге қалып барамын деп емес, өзінен ешкім озбаса деп  тілейтін көре алмасқа, тағы сондай төмендерге бағыт берер, тәуфиқ –тәубесіне келтірер сөзді  Әбекеңнен табамын» -  деп тұлғалық дара болмысын сипаттайды.

Әбіш Кекілбайұлы ұлттың қазіргі даму сатысында жауапкершілік, ұлттық намыс және  ұлттық сана керектігін түсіндірді, халықтың  жаңа тарихи санасы, жаңа ойлау жүйесі, қазақ елі қандай болуы керек деген сұрақтарға жауап іздеді, ел мұраттарын тәрк етпеуге, ұлтты жасампаздық тәуекелге, гуманистік сипатта және инновациялық – жаңарушылық бағытта дамуға,  өткен адамзаттық тәжірибеге сүйенуге, отаншылдыққа, уақытша жоқшылық пен қысылтаяңдыққа шыдауға, ұлттың өзі шығар биігін өзі белгілеуге, өзінің алдына өзі мақсат қоя білуге, ынсаптылық тұрғысынан өнегелі болуға, ыждаһатты еңбек пен парасатты ізденістерге, үздіксіз  өзгерістерге, баянды болашаққа, кемел адамгершілік пен ұлттық үлкен жауапкершілікке үндеді.

Әбіш Кекілбайұлының  әдеби – көркем туындылары, қоғамдық – саяси және философиялық мұрасы интеллектуалдық қазынаға айналуда, қазір де тәуелсіздік туралы, ел  тарихы, ұлт  туралы ой- толғаныстары ұлттық идеология негіздерін құрайды, кемеңгер жазушының  ірі тарихи саяси қайраткерлік тұлғасын да көрсетеді.

Ұлтты ұлы мұраттар ғана алға жетелейді!

Біздің болашаққа үлкен сеніммен қарауға барлық негіз бар. Тек оны дер кезінде орнымен білсек лазым. Ол үшін әлеуметтік бірлік пен ұлттық намыс керек. Олар тек гуманистік сипатта, инновациялық – жаңарушылық бағытта бой көрсеткені дұрыс. Өйткені ұлтты ұлы мұраттар ғана алға жетелейді.

Біздің қолымызға мемлекеттік тәуелсіздік дәл осындай сын кезеңде қайта оралды. Қайтқан малда қайыр бар дегендей, қайта оралған мүмкіндікті қайырлы ету – халықтық тұрлау мен пәтуаға байланысты. Ол – біздің әрқайсымыздың әлеуметтік әлеуметіміз бен азаматтық санамызға тәуелді.  

***

Тәуелсіздікті  көгертіп – көркейтіп, барша мұратына жеткізетін – ғылыми дамуға негізделген жасампаздық тәуекел. Ол өткендегі өзіміздің де, өзгелердің де ащы – тұщы тәжірибелерін жіті үңіліп, уақытында дұрыс қорытынды жасай білуге міндеттейді. Одан ең алдымен  аңғарғанымыз  - ұлт болуға жетілу ешқашанда  ешкімге де  оңай түспеген. Тарих сынағына тек уақыт талабына уақытылы бейімділе алатын аса сергектер мен алған дұрыс бағытынан қайтпайтын асқан табандылар  ғана төтеп бере алған. Артта қалған тауқыметтерден алар тағылымыз – осы. Ал артымызда  біз байқамай  өткен жұмақ пен пейіш жоқ. Не жақсылық күтсек те, тек алдан күтеміз.      

***

Қазақ қандай  жолмен ілгері басуы керек?  Қандай бағыт ұстансақ,  тезірек ел болып кете аламыз?   Бұл мәселеде де ешкімге  ұқсамайтын атымен жаңа үрдіс табу өте қиын. Өйткені, тарихи дамудың дағдыларын күллі адамзат қалыптастырады.  Ал ұлт – оның бір бөлшегі ғана. Демек, кез­ келген халық өзін ­өзі аман сақтап қалуы және ілгері дами  білуі үшін  бүкіл адамзаттық тәжірибеге жүгінуге мәжбүр болады. Осы реттен келгенде, адамзаттың даму жолдарын мейлінше зерделеп, жете білуіміз қажет.

***

Мемлекеттің қалыптасуы - бұл барынша ұзақ әрі тым күрделі процесс. Өйткені, талай тар жол, тайғақ кешулерден өткен Ұлы көш әрқилы жымысқы саясаттың ықпалында қалып қойғандықтан, төл тарихымызды тереңінен тани алмай келдік. Ал тарих халқымыздың өткен өмірі, ата-бабаларымыздың өмір жолы. Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады. Демек, бүтін бір елдің  рухымен қалыптасқан тарихты ешқашан өшіруге болмайды.

***

Тарих - тағылым. Сондықтан, мемлекеттілігіміздің қалыптасуы кезеңіндегі хандарымыздың дәуірін, сол тұстағы жыраулар мен абыздарды, билер мен батырларды бар болмысымен ұрпақ санасына сіңіру керек. Уағында: «Ешбір дұшпан басынбаған елміз, басымыздан сөз асырмаған елміз, досымызды сақтай білген елміз, дәм-тұзды ақтай білген елміз», деп толғаған Қазыбек би бабамыз секілді қазақ халқының қадір-қасиетін, ұлттық сипатын дөп басып бейнелеген ешкім болмаған шығар, сірә. Алаш баласы арғы-бергі тағдырында талай бұралаң-бұралаң белестерден өтіп, бостандыққа жетіп, жер бетінен Қазақ атын жоғалтпай, Мәңгілік Ел болуға, баянды болашаққа бетбұрыс жасап келеді.

***

Өз мемлекетіңнің тәуелсіздігін қастерлеу, өзің тұратын елдің егемендігін құрметтеу – тек патриоттық парыз ғана емес, үлкен гуманистік жауапкершілік. Өзі жүрген ортаның алдында ғана емес, өз тағдыры алдындағы жауапкершілік. Өзі жүрген ортаның жарастығын ойлаған адам ғана жарастықты дүниеде өмір сүре алады. Тек азат адамдар мен тәуелсіз халықтар ғана дүниеде ондай шынайы жарастық орната алады. Өйткені, халық бостандыққа жетпей тұрып, қоғам бостандыққа  жете алмайды. Қоғам бостандыққа жете алмай тұрып, адам бостандыққа жете алмайды. Тәуелсіздік қазіргі адамзаттың ең басты мұрасы, ең асыл игілігі. Сондықтан, уақытша қиындықтарға бола мәңгілік мұраттарды тәрк етуге болмайды.

***

Ендеше адамзат қоғамында болып жатқан әлгіндей құбылыстарға байланысты біздің өз ұлттық болмысымызда, ұлттық санамызда қандай өзгерістер болуы  ықтимал?  Бұл сұрақтың  кез­ келген естияр азаматты енжар қалдырмайтыны әбден түсінікті. Оған дұрыс жауап табу үшін жалпы адамзат қоғамының өткен жолына тағы да көз жүгіртуге мәжбүр боламыз. Өйтпейінше, біз алға басып  барамыз ба, не кейін шегініп келеміз бе, алған бағытымыз  дұрыс па, бұрыс па дейтін күдік­ күмәннан арыла алмас  едік.

Ал, ұлттық сана дегеніміздің өзі де, әр адамның  жеке азаматтық санасы сияқты, әр ұлттың өз тіршілігін өзі бағдарлауы, өзінің барар жерін, шығар биігін өзі белгілеуі, өзінің алдына өзі мақсат қоя білуі.

Бәрін айтта бірін айт: ұзақ жыл бодандық көрген халықты бостандыққа үйрететін – Тәуелсіз мемлекет. Ұлт – мемлекеттің көсегесін көтеретін – ұлттық даму.

***

Ұлттық дамудың ең басты тетігі – үздіксіз өзгеріс үстіндегі қоршаған ортаға бейімделе білу.  Бірақ, бұл ғасырлар бойы қалыптасқан менталитетіңді табан астында  бүгін  былай, ертең олай оңай құбылтып отыру деген сөз емес, әр алуан дүниеде өзіндік бет бедеріңді сақтап қалу үшін өз менталитетіңе мейлінше ұқыпты қарау деген сөз. Менталитет, жалпы, өзгеріс үстіндегі үдерістен атымен бейтарап қалу деген деген сөз емес. Ол өзін – өзі өркендеуге  емес, өзін-  өзі  құртуға алып баратын  жол. Менталитеттің күрделі құрылымын жіті зерделеп, оны өзгермелі  дүниеге сәйкестендіре білу арқылы ғана тіршілік  иесі өз тіршілігін сақтай алады. Сол арқылы өзіндік ерекшеліктерін қорғап қана қоймай, одан ірі дамыта алады.

***

Біз таңғажайып қиял дүниесінде емес, кедір­ бұдыр шындық дүниесінде өмір сүріп отырғанымызды бір сәт те ұмытпағанымыз жөн. Ешкімнің қызылына қызық­пайтынымыз белгілі. Бірақ, ештеңеден де қапы соғып қалмауымыз керек.

***

Ұлан­ байтақ өлкеміздің қай пұшпағын да өз үйіміздей көріп, ыстығына күйіп, суығына тоңып, бір атаның баласындай бірге көгертіп,  бірге құлпыртуға білек сыбанып, бірге кіріспеген жерде, бірлік­ береке жайындағы әңгіменің  де тұзы жеңілдей  бермекші. Етек­ жеңі  Еуропа мен Азияны бірдей қамтып жатқан ен байтақ Отанымызды жаңаша қорғап үйренбей тұрып, заманамен қатар адымдап, қатар дамуымыз да  күмәнді.

***

Нарық жағдайында инттелект – әрі капитал, әрі бұйым, әрі билік. Осы тұрғыдан  келгенде, интеллект иесі  билікте жүрсін, бизнесте жүрсін, зиялылыққа тән салиқалылықтан  айырылмағаны дұрыс. Саяси құштарлықтар жетегінде кете беру шын зиялылыққа жат. Әсіресе рухани экологиямыздың негізі болып отырған орнықтылық ахуалды теңселтіп алмауға мұқияттылық орынды болар еді. Ол үшін барлық мәселеге елдік тұрғысынан келген жөн. Біздің халқымыз ел ішіндегі жарастықты ұққан. Сол жарастықтың үлігісі ең алдымен элитамыз, маңдайына біткен зиялы қауымымыз көрсеткені абзал. Елдік – біздің бүгінгі таңдағы баршамызға бірдей ортақ, бірдей қымбат бірден –бір жетістігіміз. Елдікті сақтай білу  - ең асыл мұратымыз. Елдіксіз ештеңеде бітпейді. Елдіксіз ешкімнің де көсегесі көгермейді.    

***

Біз қазір саяси тәуелсіздігімізді нығайтып жатырмыз.  Ол жолда табыссыз да емеспіз. Бірақ экономикалық тәуелсіздігіміз турасында тап бұлай батыл айта алмаймыз. Өйтетіні – біздердің күнкөріс айыру үрдісіміз қалған адамзат жеткен биіктен әлі де болса төмен тұр. Мұны ашық  мойындамасақ, өзімізді өзіміз алдарқатып, әлі де талай  уақыт жолдан қаламыз.

Мұны айтқанда мен отандық билік орындарын сүттен ақ, судан таза қылып көрсетпек ойым жоқ. Сыбайлас жемқорлық, парақорлық, арам дәулетке мастанушылық – бізде де аз орын алып  отырмағаны рас. Әлеуметтік сала аяусыз күзелді. Дәулет алшақтығы күрт күшейіп кетті. Мұның бәрі, әрине,  жұртшылықтың заңды ренішін туғызады.

Егемендігімізді нығайту, тәуелсіздігімізді баянды ету – біздің халқымыз бен қоғамымыз алдындағы отаншылдық, қалған адамзат алдындағы адамгершілік парызымыз. Артымыздағы ұрпаққа аз күндік ырзық емес,  баянды болашақ тастап кете алсақ қана, бұл дүниеге босқа  келіп, босқа кетпегендігіміз.

***

Әзірге ел экономикасы  аяғынан тік басып кете алмай тұрғанда, оның азаматтары, әсіресе, өз мемлекетіне қызмет ету тапсырылғандарға, ең алдымен, ынсаптылық тұрғысынан өнегелі болуға, әлі қабырғасы қатпаған  мемлекеттігіміздің  уақытша кедейлігі мен әлсіздігіне, өз отандастары тарапынан орын алуы  мүмкін әділетсіздікке, орынды ­орынсыз өкпе ­бопсаға, кейде тіпті шектен шыққан дөрекілік пен кекшілдік  көріністеріне де шыдас бере тұруға тура келмекші.

Дәл күні бүгінгі отаншылдық – ашу­ араздықтың шылауымен  кетпейтін ұстамдылық пен шыдамдылық.  Бізді қазіргі  қиындықтар шырмауынан дәулет пен мансапқорлық тай таласы емес, ыждаһатты еңбек пен парасатты ізденістер ғана тездетіп шығара алады.

***

Үкімет мемлекеттік тілді мемлекеттің туындай қастерлеп, мемлекеттік шекарадай қырағы қорғай білуі шарт. Мемлекеттік шекарасына немқұрайлы қарайтын ел мемлекеттілікті қалай тәрі етіп алатын болса, мемлекеттік тіліне жүрдім - бардым  қарайтын қауым да дәл сондай келеңсіздіктің кебін киеді. Сондықтан  мемлекеттік тілді құрметтеуді ең алдымен билік орындары көрсетуге тиіс. Мемлекеттік лауазым иелері  мемлекетке адалдығын, мемлекеттік тілге деген құрметін ізет – ынтасымен дәлелдейтін болсын!  Шекараның ең сенімді  сақшысы – отаншылдық. Мемлекеттік тілге құрмет – отаншылдықтың ең басты қасиеті. 

***

Бүгінде мемлекеттік тіліміздің адамын аштырмай тұрған - осы заманғы ақыл - ойдың биігіне көтеріліп алған өрелі элитаның өз деңгейінен  қарағанда кенде жатқан байырғы тілді қомсынғандығы емес, кешегі бодандық сана,  бүгін әр нәрсеге  бір құмартқан  әуені сипатқа ауысып, улитарлық пайдакүнемдіктің тығырығына тіреліп, өздерімен қоса  бүкіл ұлттық сананы сол тұйыққа қамап, шығарғысы келмейтін салбөксе самарқаулықтан. Тоғышарлық индивидуализмнің ұлттық дамудың мүдделері  мен  рухани елжандылық  мұраттарына дес бергісі келмейтін кертартпалығы «Жаны ашымастың қасында басы ауырмас» дейтін безбүйректікке  мойынсынушылықтан.

Олай дейтініміз тарихтың талай қараң су алған жылдарында  да әлемдік саясат пен философияның, көсем  ой мен көркем сөздің, ғылым мен техниканың  мемлекеттік іс пен  құқықтың талай саңлағын  ұлттық оқырманның алдында сандуғаштай сайрата алған  қазақ тілі тәуелсіз заманымызда  мемлекеттік тіл атқарар  қай міндетті де  ұршықтай үйіріп әкете аларына еш күманданбауға болады.   

***

Ежелгі Майқы мен Сыпырадан асқар таудай ат қалғанмен, алақандай хат қалмапты. Олар пәлен жылы пәлен  жерде пәлен кептің үстінде пәлен депті дейтіндей дерек  жоқ. Алайда, атам қазақтың өзіне қарап өзі осқырынған, өзіне қарап өзі мұңайған талай-талай таусынды сөздерінің арасында олардың да аузынан шыққан талай сөз, талай тіркес бүгінде мақал-мәтелге айналып, күніне тілімізге қырық үйіріліп жүруі ғажап емес.

***

Кім болсаң да біреуге қиянатың тиіп кетуден артық қатер жоқ. Әркімнің де сондай қауіпке ұрынып қалуы мүмкін. Ал ойшылдық ондай қатерден сақтандырады.

***

Атақты алтынмен аптап, күміспен күптеп қойсаң да тот басуы ықтимал. Ал адалдық пен абзалдықты тот көме алмайды, өлім жеңе алмайды. Сондықтан атағың бар болғаннан гөрі ұятың бар болғаны дұрысырақ. Бірақ, пенде шіркін дақпыртты да даңқ деп түсініп қалады.

Түбінің қайырын берсе, қай-қайсымыздың да қазіргі қиналғанымыздың зейнеті өзіміздің алдымыздан шықпағанмен, ұрпағымыздың алдынан шығары сөзсіз.

Ендеше, ештеңеден тауымыз шағылмасын. Ел келешегі жолында уақытша бейнеттің, уақытша жоқшылық пен қысылтаяңдықтың бәріне де шыдаған жөн.

***

Сары уайым сапыратын уақыт кетті. Сарқылмас сабыр, ұтымды әрекет, тыңғылықты ыждаһатты күйттейтін уақыт жетті. Өйткені, әркім өз талайын өзінен көретін тәуекел мен жауапкершілік кезеңі келді.

***

Енді қауырт ақпараттану дәуірі туып, жаппай зерделенудің кезеңі келді. Тағы да сол бой үйренді енжарлық пен керенаулықтың ыңғайына кетсек, тағдырымызды түпкілікті айқындап беретін талай мүмкіндікті құр бекерге тәрік етіп аламыз. Бұл жолы, бірақ өзімізден басқа ешкімге  де иек сілтей алмаймыз.

Оның үстіне, билік сапалылығы қоғамның саналылығына тікелей байланысты. Ондай сана білім берудің демократиялана түсу арқылы қамтамасыз етіледі. Тек сондай білім алған күштер ғана өз билік орындарының қызметін ойдағыдай бақылай алады. Сонда тәуелсіздік те діттеген жерден шыға алады. Осы заманғы бәсекеге төтеп бере алу үшін әлгіндей салиқалы азаматтық қоғам орнатуымыз қажет. Билік сапасын замана талабына лайық шыңдай алатын халықтық сана сонда орнайды.   

Салауат Кәрім

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Профилактика бытового насилия

Алмаз Ещанов 1000
Қауіп еткеннен айтамын

Жау жоқ деме – жар астында...

Қуат Қайранбаев 10297