Бейсенбі, 27 Қараша 2025
Аласапыран 143 0 пікір 27 Қараша, 2025 сағат 14:50

Германия соғысқа дайындалуда...

Сурет: dw.com сайтынан алынды.

Германия қорғаныс жүйесін жаңартуда нақты қадамға барып отыр. Ел билігі Украинадағы соғысқа қатысқан тәжірибелі ардагерлерді өз әскери академияларына инструктор ретінде шақырмақшы.

Осылайша олар Украинадағы қазіргі соғыста жинақталған нақты тәжірибені неміс армиясының дайындығына пайдалануды көздеп отыр. Қағаздағы доктрина мен жаттығу полигондарындағы сценарийден бөлек, тірі майдан көрген, соның барлық қиындығын өткерген адамдардың айтқанына құлақ асудың маңызы зор.

Украин ардагерлері Германияда курсанттар мен офицерлерге қазіргі соғыстың шынайы сипаты туралы түсінік беретін болады. Әсіресе қаладағы ұрыс тактикасы, ұшқышсыз жүйелердің рөлі, дрондарға қарсы әрекет ету, шағын мобильді бөлімшелермен жұмыс істеу, барлау мен байланысқа жүктеменің күшеюі сияқты мәселелерге басымдық беріледі.

Соғыс қазір өте жылдам жүріп жатыр, фронттың әр учаскесінде жағдай тез өзгереді. Осындай ортада шешім қабылдауды үйрету Германия үшін де, НАТО үшін де маңызды тәжірибе болмақ.

Бағдарлама Германия мен Украинаның қорғаныс саласындағы байланысы тереңдеп келе жатқанын көрсетеді. Бұған дейін Берлин Киевке қару-жарақ, техника, қаржылай көмек беріп келсе, енді кадр даярлау бағытына да көңіл бөле бастады.

Германия үшін украин нұсқаушыларын тарту армияны жаңа талаптарға бейімдеуде жолында маңызды қадам болмақ. Соңғы онжылдықта бундесвер көбіне миссияларға қатысу, бейбітшілікті қолдау операцияларына үйреніп келген-ді.

Ал Украинадағы соғыс Еуропаға үлкен көлемдегі, жоғары қарқынмен жүретін қақтығыстың қандай болатынын көрсетті. Артиллерия, дрон, радиоэлектрондық күрес, логистика, жеке құрамның моральдық төзімділігі бәрі қатар сыналады. Сондықтан неміс әскерилері үшін майданнан келген нақты мысалды тыңдау, соған сүйеніп дайындықты қайта қараудың маңызы артып тұр.

Бұл бастама НАТО-ның жалпы қорғаныс қабілетін күшейтуге бағытталған үлкен жұмыстың бір бөлігі саналады. Украина майданындағы жағдайды әр ел өз қырынан зерделуге күш салуда.

Германия украин ардагерлерін оқыту процесіне қосу арқылы НАТО ішіндегі тәжірибе алмасуды жеделдетпек. Оқыған, дайындалған неміс офицерлері кейін басқа одақтас құрылымдарда да жұмыс істей алады, яғни тәжірибе тек бір елдің ішінде қалмайды.

Нұрлан Жұмақанов

Abai.kz

0 пікір