Абай да айта береді екен-ау...
Неге екенін білмеймін, эфир десе, езуімнен су ағып, есімнен танамын да қаламын. Мен үшін екі дүниеде «көк жәшіктен» көрінуден асқан мұрат жоқтай. Студияның төріне шығып алып есіргенде, есірткі шеккеннен бетер ләззат аламын. Соны біліп алған тілшілер телефоныма тыным бермейді. Айтқан сағатында жетіп барамын. Айналайындар-ай, аяз атаны көрген баладай қуанып қарсы алады. Көңілім түскенде мен де кәмпит ұстатып кетемін.
Мақтанғаным емес, менің және бір қасиетім – тема таңдамаймын. Телпегімді теріс киіп, көкитін кебіміздің азимутын біліп аламын да, айдата беремін. Бұрын тақырыптар тым оңай еді.
«Ит атуға көзқарасыңыз қалай?» – деп сызылады студияда отырған сылқым қыз.
«Оның не ойласатыны бар, иттерді иттей қылып қырып, тұқымын тұздай құрту керек. Итқырылған жылдан аман қалған итжанды немелердің Тәуелсіз Қазақстанда тайраңдауына жол бермеуіміз...» деп екілене бергенімде режиссердің «стоп!» деген жан даусы шығады.
«Ағай, не ғой, бізге керісінше керек еді. Ату дұрыс емес, әлдилеп, әлпештеп, күшігінен көрпеге орап, аузынан ақ май ағызып асырап, сосын «сүндеттеу» парыз дегендей... түсінесіз ғой» – деп мөлиеді түкірігіне шашалған тележүргізуші.
Мен де адаммын ғой, аяп кетемін.
«Мотор!». Қайтадан бастаймыз.
«...Қазақ халқы – дана халық. Біз қашаннан жеті қазынаның бірі деп итті қадірлеген, құдасына қимаған қазысын тазысының аузына тықпалаған елміз. Сол ниетіміз шығар, бүгінде ит басына іркіт төгілген бақуат заманда былқып-шылқып отырмыз. Ит мініп, ирек қамшылап, итініп кетпейік десек, алдымен итті қадірлейік. Итін сыйлаған елге игілік жауады. Міне, осыны айту үшін ит арқасы қияннан кеп отырған жайым бар, айналайындар», – деп журналиске жылы жүзбен бұрыламын. Сол сәтте оның қуанғаннан жанарына жас үйіріліп, жылап қоюға шақ тұрған келбетін көрудің өзі... адам тілмен айтып жеткізе алмайтын әсер».
Баянның бұрынғы байына Бишімбаевты қосып қойып, бір жарым сағат балағаттаным есімде. Шіркін, ол да бір дәурен еді ғой. «Ел» деп өкірдім, «Жер» деп жер тепкіледім. Сайлау сайын сайрадым. Саясатты да сапырдым, қысқасы, баяғының батырларынша жын түкіріп, қан қақырдым. Диванда жатып алып мыңқылдайтын маңқаларша тасадан тас атпай, бедірейген бет-бейнемді көрсетіп, беделді төрден сұңқылдадым. Ол да оңай емес, кей хабардан сүзектен тұрғандай сілем қатып, мәлік болған сиырдай көзім аларып, әрең шығатынмын. Сонда да сүйікті әдетімді тастамадым.
Алайда, соңғы уақытта тақырыптар тым сұйылып кетті.
Өткенде шақырғасын жетіп барсам, кітап оқудың маңызы туралы сұрайды. Сәндік үшін көзілдірік тағып, шашымды артқа қайырып, қылымсыған қатындай қызыл костюм киіп жүретінім болмаса, мектептегі «Ана тілінен» басқа кітаптың бетін ашпаған қасқамын ғой. Дегенмен тәжірибе бар, тұтығып қалмай тақылдай жөнелдім.
«Кітап – білім бұлағы, білім – өмір шырағы», «оқығанның беті – жарық, оқымағанның беті – көн шарық» деп бабаларымыз бекер айтпаған. Өзіміз бала күнімізде жермайшамның түбіне жатып алып, кітапты суша сімірдік. Содан жаман болған жоқпыз. Өзіңіз айтқандай, оқитын ел болмай озық ел болмаймыз. Мысалы, өзім айына алты кітап, жылына жетпіс кітап оқимын», – деп жылпылдатып бара жатыр едім, жер жұтқыр журналист сөзімді бөліп жіберді.
«Ой, ол менің емес, ана кісінің (жоғары жақты нұсқап) сөзі ғой. Дегенмен нақтырақ айтсақ... Мысалы, «Құланның ажалын» оқыған боларсыз?»...
«Әрине», – деп қалып, тілімді тістеп үлгергенше, шашым жалпылдап, басым шыбындаған жылқыдай изең-изең етті.
«Сол туралы айтып өтсеңіз», – деп тілші найзадай сұрағын тар қолтықтан тірегенде, шекемнен суық тер бұрқ етті. Шегінерге жол жоқ, жорта жөткірініп, оюлы орамалымен маңдайымды сүрттім де, «ух» дедім.
«Уіх, бұл бір өте күрделі шығарма. Өзің де білесің, айналайын, қазір экология оңып тұрған жоқ, ііі... Қазақ қашаннан құланды қадірлеген халық еді. Желігіп жүрген Жошы хан айғырының ашуына тиіп, жер жастанғаннан кейін Шыңғыс ханның бұл аңды, яғни, құланды шыбынша қырғанын мультфильмнен көріп өстік. Одан қалды, шетелден чартермен әкеліп, мәпелеп өсіріп жатқанда...» – деп кідіріңкіреп қалып едім, тілші қыз құтқарды.
«Түсінікті, түсінікті, біз бұл туралы табиғат жанашырларына хабарласамыз. Сіз бізге «Қайдасың, қасқа құлыным» кітабын кімнің жазғанын және не айтқысы келгенін түсіндіріп өтсеңіз», – деп қиылды қырсық неме.
«Айналайын-ау, оның авторын бесіктегі бала да біледі ғой, – дедім бетім былш етпей, – бұл кітап мал ұрлығы туралы. Білесің, қазақ халқы қашаннан жылқы баққан. Түліктің осы түрін жанынан артық көрген. Алайда екі дүниеде оңбағыр ұры-қарылар, халықтың қорадағы малын ұрлап, қан қақсатып жатыр. Аузынан үріп өсірген төлі қолды болған қазақ қайтеді? Әрине, «қайдасың, қасқа құлыным?» деп іздеу салып, полицияға барады. Ал ондағы оңбағандар із кесіп іздемек түгілі, ұрыға жақтасып...» деп тақырыптан ауытқып, айдалаға лағып бара жатыр едім, телефон шыр ете қалды. «Тақия тастамақ ойнаса, таздың арты қыпылдайды» деген, тікелей эфир екені сонда есіме түсті.
«Әләу», – деді біреу әкіреңдеп.
«Тыңдап тұрмыз», – деп жылп ете қалды журналист, жалақысы түскендей жымың-жымың етіп.
«Қонаққа қояр сұрағым бар. Қара қасқа наданның нақ өзі екенің көзілдіріктің артындағы көкшиген көзіңнен көрініп тұр. Ақан мен Оралханды оңдыртпағаның білінді. Сен, осы, Абайды оқыған немесің бе?» – деп тепсінді Құдай атқыр қу қонақ.
«Әрине, – дедім әлпетімді өзгертпестен, – Абайды оқымай қалай адам болуға болады? «Абай жолын» оқымай қалай қазақпын деуге болады? Айналып келгенде мұның бәрі...»
«Тақылдамай тұра тұр», – деді ол. Өктем дауыстан үнім шықпай қалды.
«Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек» деген өлеңін Абай неше жасында жазды? Білгіш болсаң осыны айтшы» – деді әлгі дауыс.
«Осындай да сұрақ бола ма? Әрине, пенсияға шыққасын, сексенге тақағанда жазды» – дей беріп едім, эфирді қарқылдаған күлкі көміп кетті. (Дауысы қандай жаман еді пәтшағардың).
«Әй, есектің миын жеген есуас, саған дауа жоқ екен. «Адам бір боқ көтерген боқтың қабы» деген өлеңі арқылы Абай не айтқысы келді?» – деді ол емтихан алған адамдай. Көзі жыпылық-жыпылық еткен журналист маған жәрдем сұрағандай жалына қарады.
«Ағасы, адаспаңыз, Абай мұндай жаман өлең жазбайды. Абай – ұлттың иманы. Абай – адамзаттың алыбы. Оның аузына ыңғайсыз сөз апарып тықпалауға қалай ұялмайсыз?» – дедім дауысымды көтеріп. Манағы қарқылдаған күлкі енді тарқылдап шықты. Қып-қызыл болып тілші қыз отыр бүрісіп. «Тікелей эфирді сөндіріңдер» деп сыбырладым оған. Соны естіп қалғандай күлкі де сап тиылды.
«Жә, жылтырбет, – деді анау албасты, – Сыртқа шығып сыбырларсың. Мені дұрыстап тыңда:
Сырттансынбақ, қусынбақ, өршілденбек,
Сыбырменен топ жасап бөлек-бөлек.
Арамдықпен бар ма екен жаннан аспақ,
Өзімен өзі бір күн болмай ма әлек?
Қолдан келе бере ме жұрт меңгермек,
Адалдық, арамдықты кім теңгермек?
Мақтан үшін қайратсыз болыс болмақ,
Иттей қор боп, өзіне сөз келтірмек, – деп Абай сендейлерді айтқан ғой. Жұртқа ақыл үйретіп нең бар? Иттей қор болып, өзіңе сөз келтіргенше, сол ит пен күшіктің күйін күйттеп жүре бер. Сендердің деңгейлерің сол» – деді де тұтқаны тастай салды.
Атақты ақын анайы сөз жазады деп кім ойлаған. Абай да айта береді екен-ау...
Абылай Маудан,
Қостанай қаласы.
Abai.kz