Дүйсенбі, 23 Ақпан 2026
Жаңалықтар 153 0 пікір 23 Ақпан, 2026 сағат 15:25

Қазақстанның сыртқы саудасы қай деңгейде?

Сурет: 7kun.kz сайтынан алынды.

2025 жылы Қазақстанның сыртқы саудасы 143,9 млрд долларды құрады. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 1,3%-ға артық. Дегенмен, сауда балансында құрылымдық өзгерістер байқалды. Бұл туралы Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы елдің сыртқы саудасы бойынша жылдық шолу аясында хабарлады.

Экспорт 3,2%-ға азайып, 79,0 млрд долларға жетсе, импорт 7,4%-ға өскенін атап өту қажет – 64,8 млрд доллар. Нәтижесінде сауда профициті 21,3 млрд-тан 14,2 млрд долларға қысқарды. Бұл ЖІӨ-ге шаққанда 7,3%-дан 4,6%-ға дейін төмендегенін көрсетеді.

– Экспорттағы төмендеудің негізгі себебі минералдық сектор (-3,3 млрд доллар), әсіресе Brent мұнай бағасының 2025 жылы шамамен 20%-ға төмендеуімен байланысты. Көлік құралдарының экспорты да 968,7 млн долларға азайып, сыртқы нарықтағы сұраныстың төмендегенін көрсетті, – делінген аналитикалық орталықтың материалында.

Қауымдастық деректеріне сәйкес, шикізаттық емес экспорттың үлесі 35,2%-дан 36,4%-ға артты. Бұл құрылымдық өзгерістен туындаған статистикалық өсім. Жануарлар мен өсімдік өнімдерінің экспорты (+2,0 млрд доллар: дәнді дақылдар, майлы тұқымдар, дәрілік өсімдіктер, мал азығы) жалпы төмендеуді біршама өтеді.

– Импорт өсімінің негізгі драйверлері: көлік құралдары (+3,0 млрд доллар), жануарлар мен өсімдік өнімдері (+695,4 млн доллар: какао, майлар, сүт өнімдері, сусындар) және химия өнімдері (+652,7 млн доллар). Сондай-ақ көлік құралдарын сатып алу авто бағасының төмендеуімен (7,2 млн. теңгеден 6,2 млн. теңгеге дейін) байланысты артып отыр, – деп атап өтілген материалда.

Осылайша орталықтың мамандары, 2025 жылы таза экспорттың қысқаруы жалпы ЖІӨ-ге теріс әсерін тигізіп, валюталық түсімнің төмендеуіне, ағымдағы есепке қосымша қысымның күшеюіне және сыртқы конъюнктураға байланысты валюталық курсқа қатысты күтулердің сезімталдығының артуына әкеп соқтырды деп қорытындылаған.

Дереккөзі: kaz.inform.kz

Abai.kz

0 пікір