Сенбі, 16 Мамыр 2026
Билік 374 0 пікір 15 Мамыр, 2026 сағат 20:05

Түркістан – атажұртымыздың мызғымас темірқазығы!

Суреттер: Ақорда телеграм арнасынан алынды.

15 мамыр күні Түркістан қаласында Түркі мемлекеттері ұйымы Мемлекет басшылары кеңесінің бейресми саммиті өтті. Биылғы маңызды басқосудың негізгі тақырыбы жасанды интеллект пен цифрлық даму мәселелеріне арналды.

Алқалы жиынға Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев төрағалық етті. Саммитке Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған, Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, сондай-ақ ұйымға мүше және бақылаушы елдердің өзге де басшылары қатысты.

Саммит барысында цифрлық дәуірдегі өзара ынтымақтастықтың басым бағыттары, технологиялық серіктестік, жасанды интеллектіні тиімді пайдалану, киберқауіпсіздік және ортақ цифрлық кеңістік қалыптастыру мәселелері кеңінен талқыланды. Сонымен қатар экономикалық, көлік-логистикалық, мәдени-гуманитарлық және инвестициялық байланыстарды нығайтуға ерекше назар аударылды.

Жиын барысында Мемлекет басшысы Түркістанның түркі әлемі үшін тарихи әрі рухани маңызын ерекше атап өтті. Президент бауырлас елдердің көшбасшыларына алғыс білдіріп:

«Түркістан – атажұртымыздың мызғымас темірқазығы. Екі дүние есігі, ер түріктің бесігі атанған шежірелі шаһар. Көне қала қашанда түбі бір түркі жұртының қасиетті қара шаңырағы саналған», – деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан төріндегі Әзірет Сұлтан кесенесі рухани тұтастық пен тарихи сабақтастықтың символына айналғанын атап өтті. Сонымен қатар Қожа Ахмет Ясауидің түркі халықтарының дүниетанымын кеңейтуге зор үлес қосқанын айтып, оның мұрасы бүгін де өзектілігін жоғалтпағанын жеткізді.

Президент өз сөзінде елімізде жүзеге асырылып жатқан «Адал азамат», «Әділетті Қазақстан», «Таза Қазақстан» бастамаларына тоқталып, олардың негізінде Ясауи іліміндегі адамгершілік пен адалдық қағидаттары жатқанын айтты.

Саммит аясында Мемлекет басшысы биыл Түркістанда «Qoja Ahmet Yasaui» орденін тағайындау туралы шешім қабылданғанын еске салды.

«Бұл күллі түркі дүниесі үшін мән-мағынасы айрықша марапат деп айтуға болады. Сол себепті кеше алғашқы мәртебелі награданы аса құрметті Президент Режеп Тайип Ердоғанға салтанатты түрде табыстадым», – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістанның бүгінде көне тарих пен заманауи дамуды тоғыстырған ірі орталыққа айналып келе жатқанын айтты. Мемлекет басшысының мәліметінше, былтыр Түркістан облысының экономикасы 9,3 пайызға өсіп, көлемі 10 миллиард доллардан асқан. Аймаққа 3,5 миллиард доллар инвестиция тартылған.

Президент сондай-ақ Түркістанда Өзбекстанның қолдауымен жаңа мешіт ашылғанын айтып, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевке ризашылығын білдірді. Оның сөзінше, бұл мешіт қазақ-өзбек халықтарының достығы мен рухани байланысының символына айналады.

Саммит барысында халықаралық жағдай мен түркі елдерінің ынтымақтастығы мәселесі де көтерілді. Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі геосаяси ахуалдың күрделі екенін айтып, мұндай кезеңде түркі мемлекеттерінің бірлігі ерекше маңызды екенін жеткізді.

«Осындай алмағайып кезеңде түркі мемлекеттерінің ауызбіршілікте болуы – өте маңызды. Себебі халықтарымызға ортақ сан ғасырлық шежіреміз бар», – деді Мемлекет басшысы.

Президент цифрлық даму мен жасанды интеллект мәселесіне арнайы тоқталып, технологиялық бәсеке күшейген заманда инновациялық тұрғыдан озық болу басты мақсатқа айналғанын айтты. Оның сөзінше, цифрлық трансформацияға уақытылы бет бұрған мемлекеттер ғана көш соңында қалмайды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның цифрландыру және жасанды интеллект саласындағы стратегиялық бағыттарын да таныстырды. Президенттің айтуынша, биыл Қазақстанда «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» жарияланған. Астанада Alem.ai жасанды интеллект орталығы ашылып, екі суперкомпьютер іске қосылған. Келесі қадам ретінде «Деректерді өңдеу орталықтарының алқабын» құру жоспарланып отыр.

Мемлекет басшысы елімізде «Алтын виза» енгізілгенін, Цифрлық кодекс қабылданып, Жасанды интеллект туралы заң күшіне енгенін айтты. Сонымен қатар білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні енгізу бағытында арнайы Жарлыққа қол қойылғанын жеткізді.

Президент Түркі мемлекеттері ұйымы аясында бірқатар жаңа бастамаларды ұсынды. Атап айтқанда, цифрлық қолтаңбаны өзара тану, киберқауіпсіздік жөніндегі кеңес құру, ғарыш саласындағы бірлескен жобаларды дамыту және түркі елдерінің жасанды интеллект орталықтарының желісін қалыптастыру мәселелері көтерілді.

Сонымен бірге Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі кеңесіне мүше мемлекеттердің IT хабтарының бірлескен орталығын ашуды ұсынып, оған «Turkic ai» атауын беруді ұсынды. Оның пікірінше, мұндай ортақ алаң түркі елдерінің технологиялық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.

Саммитте рухани және мәдени құндылықтарды сақтау мәселесіне де ерекше назар аударылды. Президент Түркі өркениетінің мұрасын сақтау жөніндегі конвенция жобасын қолдауға шақырып, Түркістанда Түркі өркениеті орталығын құру туралы шешім қабылданғанын мәлімдеді. Бұл орталық ғылыми зерттеулер жүргізіп, мәдени және білім беру жобаларын жүзеге асыратын болады.

Мемлекет басшысы түркі халықтарының тарихы мен мәдениетіне арналған арнайы цифрлық платформаны дамыту қажет екенін де айтты. Оның сөзінше, көптілді форматта жасалатын бұл жоба кез келген адамға түркі өркениетінің бай мұрасымен онлайн танысуға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ Президент түркі тілдеріне ортақ терминологиялық негіз қалыптастырудың маңызын атап өтті. Осыған байланысты Мемлекетаралық терминологиялық комиссия құру ұсынылды.

Саммит соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының қызметіне қатысты пікір білдіріп, ұйымның геосаяси немесе әскери блок емес екенін нақты айтты.

«Түркі мемлекеттері ұйымы – геосаяси жоба емес, әскери ұйым да емес. Бұл – бауырлас елдердің сауда-экономикалық, жоғары технологиялық, цифрлық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығын нығайтатын бірегей алаң», – деді Президент.

Мемлекет басшысы түркі әлемінің бірлігі мен ынтымақтастығы ортақ дамудың басты кепілі екенін атап өтіп, бүгінгі басқосу бауырлас халықтардың байланысын одан әрі нығайта түсетініне сенім білдірді.

Саммиттің қорытындысы бойынша Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің басшылары Түркістан декларациясына қол қойды.

Дайындаған Айым Алмасқызы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Әдебиет

Өлген кітаптар

Тұрдыхан Айдарханұлы 2794
Әне, көрдің бе?

Американың қаржылық жүйесін кімдер ұстап тұр?

Бейсенғазы Ұлықбек 1901