Әрбір оқушының теңдей білім алуы – ортақ міндетіміз!
Жыл сайын қыркүйек айының алғашқы күндері жақындағанда еліміздің түкпір-түкпіріндегі мектептерде «Мектепке жол» атты игі дәстүрге айналған қайырымдылық акциясы бастау алады.
Бұл науқан барысында жомарт жүректі азаматтар, кәсіпкерлер мен еріктілер әлеуметтік жағынан аз қамтылған және көп балалы отбасылардың балаларына оқу құралдарын алып беріп, қолдау көрсетеді. Мұндай қайырымдылық шараларының қоғам үшін маңызы өте зор, өйткені еліміздегі әрбір баланың әлеуметтік жағдайына қарамастан білім алуға тең мүмкіндігі болуы тиіс. Әрбір оқушының мектепке өз қатарластарымен бірдей дәрежеде қуана барып, алаңсыз білім алуына жағдай жасау – бәріміздің ортақ міндетіміз.
Осы игі іске үлес қосу мақсатында биыл Abai.kz ақпараттық порталының ұжымы Алматы қаласындағы Мағжан Жұмабаев атындағы номері 137 жалпы білім беретін мектепте осындай қолдауға мұқтаж отбасыларға шынайы қуаныш сыйлады.
Редакция қызметкерлері сырттан демеуші іздемей, өздерінің жалақыларынан қаржы бөліп, ортақ игі бастамаға ұйытқы болды. Нәтижесінде мектептің әлеуметтік жағынан көмек қажет ететін отбасыларынан шыққан он баласына қажетті оқу құралдарымен толық жабдықталған жаңа мектеп сөмкелері сыйға тартылды. Оған қоса, бір балаға мектепке қажетті барлық киім-кешек толықтай алынып, баланың жаңа оқу жылына толық дайындалуына септігін тигізді.
Осындай балалардың жүрегіне жылу сыйлаған ізгі шара туралы мектеп директоры Сандуғаш Ақшалова өз ризашылығын білдіріп, бұл бастаманың өскелең ұрпақ үшін орны бөлек екенін атап өтті. Мектеп басшысының айтуынша, осындай қайырымдылық акциялары қоғамдағы мейірімділік пен жанашырлықты арттырып қана қоймай, балалардың оқуға деген ынтасын оятып, ерекше қуаныш сыйлайды.
Abai.kz