«Қош бол, студенттер сарайы»: ҚазҰУ не дейді?
Бүгін әлеуметтік желіде қара шаңырақ – ҚазҰУ аумағында орналасқан Ө.А.Жолдасбеков атындағы «Студенттер сарайының» шатыры опырылып түскені жайлы бейне жазба жария болды. Осыдан соң әлеуметтік желі қолданушылары: «Қош бол, студенттер сарайы», «ҚазҰУ ұжымы тарихи ғимаратты қиратып тынды», деген мазмұнда пікірлер жаза бастады.
Шын мәнінде бұл ғимарат – қалың қазақққа кеңінен таныс әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университет кешеніне кіретін концерт залы еді. Бұл сарай 1985-1998 жылдары салынып, ресми түрде 1998 жылы қаңтарда ашылған.
Бұл тек – ҚазҰУ жастарына арналған мәдени-сауықтық бағыттағы нысандардың бірі емес. Алматыдағы Республика сарайынан кейін екінші орында тұрған концерттік залдардың бірі еді.
ҚазҰУ мәліметінше, ғимарат шамамен 30 жылға жуық уақыт қолданыста болғанымен, осы уақытқа дейін күрделі жөндеу де, реконструкция да жүргізілмеген. ҚазҰУ баспасөз қызметінің хабарлауынша, 2023 жылы аккредиттелген ұйым ғимараттың техникалық жай-күйіне сараптамалық тексеру жүргізген. Оның қорытындысы бойынша бірқатар елеулі ақаулар мен зақымдар анықталған.
Ал бүгінгі оқиғаға қатысты ҚазҰУ ресми мәлімдеме жасап, былай деді:
«Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі Ө.А.Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайын реконструкциялауға қатысты келесіні хабарлайды: 2026 жылдың 23 қыркүйегіне қараған түні Ө.А.Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайының шатырын жоспарлы бөлшектеу (демонтаждау) жұмыстары жүргізілді. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету және оқу процесіне кедергі келтірмеу мақсатында барлық жұмыс түнгі уақытта орындалды. Мердігерлер тарапынан қауіпсіздік шаралары толық сақталды. Зардап шеккендер жоқ», - деді.
РЕСМИ МӘЛІМДЕМЕ
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың баспасөз қызметі Ө.А.Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайын реконструкциялауға қатысты келесіні хабарлайды:
Ө.А. Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайының құрылысы 1985 жылы басталып, 1998 жылы аяқталды. Бұл нысан ұзаққа созылған құрылыс қатарына жатады, ал құрылыс жұмыстарының соңғы кезеңі шаруашылық тәсілмен атқарылды.
Шамамен 30 жылға жуық уақыт бойы қолданыста болған ғимаратқа күрделі жөндеу де, реконструкция да жүргізілмеген. Бұл өз кезегінде құрылыс конструкциялары мен инженерлік жүйелердің табиғи әрі айқын тозуына әкеп соқтырды.Осыған байланысты тіреуіш және қоршау конструкцияларына кешенді техникалық зерттеу жүргізу қажеттігі туындады.
2023 жылы аккредиттелген ұйым ғимараттың техникалық жай-күйіне сараптамалық тексеру жасады. Оның нәтижелері бойынша төмендегідей айтарлықтай ақаулар мен зақымдар анықталды:
1. Темірбетон ригельдерінің бір бөлігінің жоқтығы және конструкциялардың ашық қалған учаскелерінің болуы;
2. Жертөле қабатында темірбетон қабырғалардың болмауы;
3. Түйіскен жерлеріндегі бағандардың коррозияға ұшырауы және ішінара бұзылуы;
4. Құрама темірбетон бағандардың түйіскен жерлерінде қисаюы;
5. Бірінші қабаттан шығатын тұстарда екінші қабатта темірбетон бағандардың болмауы;
6. Ригельдердің бағандармен жалғанатын түйіндерінің бұзылуы, соның салдарынан ригельдер бір-бірімен тірек элементтерінсіз жалғанған;
7. Ғимараттың бірінші қабатының оңтүстік және солтүстік бөліктерінде темірбетон ригельдерінің иіліп қалуы;
8. Кеңістігі топырақпен толтырылған жертөле бөлмесінде темірбетон қабырғалардың болмауы;
9. Қасбеттің (фасадтың) жылу оқшаулау қабатының толық бұзылуы және «суық көпірлерінің» пайда болуы, бұл ғимараттың жылу сақтау қасиетінің жоғалуына әкеп соқтырды;
10. Шатырдың металл конструкцияларының, соның ішінде ғимараттың қасбет бөлігі астындағы элементтердің коррозияға ұшырауы және жергілікті деформациялар.
Жоғарыдағы деректер Студенттер сарайының басынан құрылыс нормалары мен ережелері талаптарын өрескел бұза отырып пайдалануға берілгенін көрсетіп отыр. Ең бастысы, ішкі әрлеу жұмыстарын бөлшектемейінше, мұндай күрделі ақауларды көзбен көріп анықтау мүмкін емес.
Қолданыстағы құрылыс нормаларына сәйкес, ғимараттарға ағымдағы жөндеу әр 3-5 жыл сайын, ал күрделі жөндеу 20-25 жылда кемінде бір рет жүргізілуі тиіс.
Бұдан бөлек, 2024 жылдың қаңтар айында Алматы мен оған іргелес аймақта әртүрлі қарқындылықтағы бірнеше жер сілкінісі тіркелді. Сейсмикалық белсенділік ұзақ уақыт бойы пайдаланылған және зақымдары анықталған ғимараттардың конструкцияларына қосымша әсер етуі мүмкін. Бұл жағдай Студенттер сарайының сейсмикалық төзімділігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін кешенді реконструкция жүргізу қажеттілігін одан әрі күшейте түседі.
Университет Студенттер сарайының тарихи-мәдени құндылығын, оның қоғамдық орталық және мәдени-көпшілік шараларды өткізетін алаң ретіндегі маңыздылығын терең түсіне отырып, бұл нысанды сақтап қалу және қалпына келтіру туралы шешім қабылдады.
Реконструкция барысындағы басты басымдық ретінде ғимараттың конструктиивтік сенімділігін, сондай-ақ студенттер, қызметкерлер мен келушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етілуі белгіленді.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті нысанның қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараларды қабылдауды жалғастырады және тиісті зерттеу нәтижелері мен алдағы шешімдер туралы ақпарат беріп отырады.
Abai.kz