Сейсенбі, 6 Қазан 2026
Жаңалықтар 186 0 пікір 6 Қазан, 2026 сағат 16:25

Қазақстан Ормуздағы жағдайдан пайда көріп отыр

Сурет: zamon.uz сайтынан алынды.

Соңғы уақытта Таяу Шығыстағы геосаяси жағдайдың ушығуы әлемдік энергетикалық нарыққа айтарлықтай ықпал етуде.

Әсіресе, мұнай тасымалының негізгі күретамыры саналатын Ормуз бұғазы маңындағы шиеленіс қара алтын бағасының шарықтауына түрткі болып, Қазақстан сияқты экспортер елдерге қосымша экономикалық дивидендтер әкелуде.

Қазақстан Республикасының Энергетика вице-министрі Ерлан Ақкенженов Оман сұлтаны Хайсам бен Тарик Әл Саидпен өткен кездесудің кулуарында журналистерге берген сұхбатында қазіргі нарықтық конъюнктураға баға берді. Оның айтуынша, Қазақстан мен Оман мұнайының өткізу нарықтары мүлдем бөлек: отандық мұнайдың басым бөлігі Еуропаға бағытталса, Оман өз өнімін негізінен Қиыр Шығыс елдеріне жөнелтеді.

«Оман туралы айтсақ, біздің мұнай бағыттарымыз қиылыспайды. Десе де, әлемдегі геосаяси ахуал мен Ормуз бұғазы маңындағы жағдай мұнай бағасының өсуіне тікелей ықпал етуде. Әрине, Қазақстан бұдан қосымша пайда көріп отыр, бұл – даусыз факт», – деп атап өтті Ерлан Ақкенженов.

Ормуз бұғазы – жаһандық энергетикалық қауіпсіздік үшін ең осал әрі стратегиялық маңызы жоғары аймақ. Әлемдегі мұнай мен сұйытылған табиғи газ (СТГ) жеткізілімдерінің бестен бір бөлігі дәл осы теңіз өткелі арқылы жүзеге асады.

Биылғы жылы теңіз тасымалында орын алған кедергілер мен үзілістер шикізат құнының күрт құбылуына себеп болды. Соның салдарынан Brent маркалы мұнайдың бағасы барреліне 100 АҚШ долларынан асып түсті.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Бір тағдырдың ар жағындағы бір дәуір

Инара Аубакирова 848
46 - сөз

Академик: Ресей ғылымға қару кезенді!

Нұргелді Әбдіғаниұлы 1138