Бейсенбі, 8 Қазан 2026
Жаңалықтар 219 0 пікір 7 Қазан, 2026 сағат 20:39

Қазақстанда партия тіркеу тәртібінің жеңілдетілуі Варшавадағы ЕҚЫҰ конференциясында оң бағаланды

Сурет: Спикердің мұрағатынан алынды.

Қазақстанда бейбіт жиналыстар өткізу рәсімі жеңілдетіліп, саяси партияларды тіркеуге қойылатын талаптар төмендетілді. Сонымен қатар кәсіподақтардың қызметіне қатысты бірқатар талаптар қайта қаралды. Бұл туралы Варшавада өтіп жатқан ЕҚЫҰ-ның Адами өлшем жөніндегі конференциясында «Ұлттық өркендеуге жәрдемдесу қоры» қоғамдық қорының сарапшысы Дәулет Сағатбек айтты.

Оның сөзінше, аталған өзгерістер азаматтардың елдің қоғамдық өміріне араласуына жаңа мүмкіндіктер ашты.

«Қазақстан үшін маңызды қадамдардың бірі – бейбіт жиналыстар туралы заңнаманы жаңарту және рәсімдерді барынша түсінікті әрі жеңілдетілген тәртіпке көшіру болды», – деді сарапшы.

Сағатбек 2020 жылдан бастап пикет, жиналыс және митинг өткізу үшін хабарлама тәртібі енгізілгенін атап өтті. Ұйымдастырушылар тиісті хабарламаны іс-шараға дейін бес жұмыс күнінен кешіктірмей береді. Оны жергілікті әкімдік үш жұмыс күні ішінде қарайды. Егер осы мерзімде жауап берілмесе, іс-шара хабарламада көрсетілген тәртіппен өткізілуі мүмкін.

Сарапшы келтірген мәліметке сәйкес, ел бойынша бейбіт жиналыстар өткізуге арналған 907 арнайы орын және шеру мен демонстрацияларға арналған 588 маршрут белгіленген. Ал іс-шара өткізуге рұқсат берілмес бұрын жергілікті әкімдік ұйымдастырушыға оның өтетін орны немесе уақытын өзгерту мүмкіндігін ұсынуға міндетті.

Сондай-ақ сарапшы бірлесу еркіндігіне қатысты өзгерістерге тоқталды. 2022 жылдан бастап саяси партияны тіркеу үшін қажетті мүшелердің ең төменгі саны 20 мыңнан 5 мыңға дейін азайтылды. Ал өңірлік бөлімшелер үшін бұл көрсеткіш 600-ден 200 адамға, бастамашыл топ үшін 1 мыңнан 700 азаматқа дейін төмендетілді.

Кәсіподақтардың қызметіне қатысты да өзгерістер енгізілді. 2020 жылы кәсіподақтардың жоғары тұрған бірлестіктерге міндетті түрде кіру талабы алынып тасталып, олардың мәртебесін растау тәртібі жеңілдетілді. Бұл рәсімнен өту мерзімі алты айдан он екі айға дейін ұзартылды.

Сағатбектің мәліметінше, Қазақстанда 23 мыңнан астам түрлі бірлестік тіркелген. Оның ішінде 11 мыңнан астам қоғамдық бірлестік және 520 кәсіподақ бар. Олар қоғамдық кеңестердің жұмысына, нормативтік құқықтық актілер жобаларын және әлеуметтік маңызы бар бастамаларды талқылауға қатысады.

Сонымен қатар заң олардың дербестігіне кепілдік беріп, қызметіне заңсыз араласуға жол бермейді.

Сарапшының бағалауынша, рәсімдерді жеңілдету және азаматтардың қоғамдық өмірге қатысу мүмкіндігін кеңейту азаматтық қоғамды дамытуға әрі мемлекет пен қоғам арасындағы диалогты нығайтуға жағдай жасайды.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Бір тағдырдың ар жағындағы бір дәуір

Инара Аубакирова 878
46 - сөз

Академик: Ресей ғылымға қару кезенді!

Нұргелді Әбдіғаниұлы 1173