Әлиев: Қазақстанмен бірге энергетикалық дәліз құрамыз!
Әзербайжан Орталық Азиядан халықаралық нарықтарға энергоресурстар транзитінде маңызды рөл атқарады.
Ел аумағы арқылы Түрікменстан мен Қазақстаннан мұнай тасымалданады және бұл тасымал көлемі артып келеді. Бұл туралы Түркіменбашы қаласында өткен Әзербайжан мен Орталық Азия мемлекет басшыларының 8-ші Консультативтік кездесуінде Президент Әлиев мәлімдеді. Сонымен қатар ол Бакудің Қазақстан және Өзбекстанмен бірлесіп, жасыл энергетикалық дәліз құру бойынша жұмыс жүргізіп жатқанын айтты.
Мемлекет басшысының сөзінше, өткен жылы Әзербайжанның Орталық Азия елдерімен тауар айналымы 50%-дан астам өскен. Ол елде Орталық Азия капиталы бар 400-ден астам компания белсенді жұмыс істеп жатқанын атап өтіп, Әзербайжанның Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстанмен бірлескен инвестициялық қорлары бар екенін еске салды.
Президент Орталық Азия мен Әзербайжан ынтымақтастығының басты бағыттарының бірі көлік саласы екенін де қоса айтты: «Бүгінде Каспий теңізі елдеріміздің көліктік өзара ықпалдастығында барған сайын маңызды рөл атқарып келеді. Каспийдің қос жағалауындағы көлік инфрақұрылымы Орталық Азияны Әзербайжанмен, ары қарай халықаралық нарықтармен байланыстыруда айрықша мәнге ие». Ол қазіргі таңда Каспий арқылы тасымалдау көлемінің айтарлықтай өскені байқалатынын атап өтті.
Сондай-ақ Әлиев бейбітшілік, қауіпсіздік, саяси әрі экономикалық тұрақтылық Орталық Азия елдері мен Әзербайжанның табысты дамуының негізі болып табылатынын баса айтты.
Abai.kz