Азия Пара ойындары: Үш күнде 10 алтын!
Жапонияда өтіп жатқан V Азия Пара ойындарында Қазақстан ұлттық құрамасы тарихи нәтижеге қол жеткізді.
Отандық пара спортшылар жарыстың алғашқы үш күнінде 10 алтын медаль жеңіп алып, Азия Пара ойындарындағы бұрынғы үздік көрсеткішін жаңартты. Қазіргі уақытта ұлттық құраманың қоржынында 32 медаль бар. Оның 10-ы алтын, 10-ы күміс және 12-сі қола.
Ел қоржынына алтын жүлделерді пара нысана көздеуден Еркін Ғаббасов, пара пауэрлифтингтен Давид Дегтярев, пара дзюдодан Ибрагим Нұрмаханұлы, Бексұлтан Құлмырза, Ақтолқын Сейілбекова, Зарина Раифова, Шукурбеков Журқамырза, пара жүзуден Диас Кенжебек, пара велоспорттан Наиль Ермұханбет пен Анастасия Калаус салды.
Бұған дейін Қазақстан құрамасының ең жоғары нәтижесі 2023 жылы Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен IV Азия Пара ойындарында тіркелген еді. Ол кезде отандық спортшылар 8 алтын, 12 күміс және 21 қола медаль иеленіп, жалпы саны 41 жүлдеге қол жеткізген. Осылайша, биыл ұлттық құрама алтын медаль саны бойынша бұрынғы рекордты жаңартып, ел спортының тарихында жаңа белеске көтерілді.
Бүгінгі жарыс күні әлі аяқталмағанын және алда бірнеше жарыс күні бар екенін ескерсек, спортшылардың жүлде қоржынын одан әрі толықтыруға мүмкіндігі мол.
Бұл жетістік елімізде пара спорттың қарқынды дамып келе жатқанын және спортшыларымыздың халықаралық аренадағы бәсекеге қабілеттілігінің артқанын көрсетеді.
Тарихи нәтиже спортшылар мен жаттықтырушылардың қажырлы еңбегінің, сондай-ақ пара спортты дамытуға бағытталған жүйелі мемлекеттік қолдаудың жемісі.
Айта кетейік, биылғы Азия Пара ойындарында Қазақстан намысын 150 спортшы қорғап жатыр. Жарыс 24 қазанға дейін жалғасады.
Abai.kz