Министр: Өзбек шекарасында параны жиі алады...
Қазақстандық кеденшілер арасында парақорлық деректері Өзбекстанмен шекарада жиі анықталады. Қытаймен шекарада да заңбұзушылықтар бар. Бұл туралы Қаржы министрі Мәди Тәкиев Құрылтайда өткен брифингте мәлімдеді.
Брифингте журналистер Қаржы министрлігінің басшысынан 2026 жылдың басынан бері сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін қанша кеден қызметкері жауапқа тартылғанын сұрады. Мәди Тәкиев нақты санын атай алмады.
– Мұндай деректер бар. Қазақстанның Өзбекстанмен шекарасында да, Қытаймен шекарасында да кездеседі. Ең көбі – Өзбекстан бағытында. Мысалы, шекарадан жедел өту үшін пара беру фактілері бар, бірақ қазір тәртіп орнатып жатырмыз, – деді министр.
Тәкиевтің айтуынша, билік мұндай заңбұзушылықтармен цифрландыру арқылы күресуге тырысып жатыр. Атап айтқанда, тасымалдаушыларға шекарадан өтуді алдын ала жоспарлап, электронды кезекке жазылуға мүмкіндік беретін KazCargo жүйесі қолданылады.
Министр Қытайдан келе жатқан жүргізуші өткізу пунктіне жететін уақытын есептеп, электронды кезектен алдын ала орын ала алатынын түсіндірді.
Abai.kz