Ақтөбе облысында шахтада жұмысшы қаза тапты
Оқиға 20 қазанда Дөң тау-кен байыту комбинатының шахтасында болды. Жұмыс барысында тау жынысы опырылып, 24 жастағы жұмысшы оның астында қалып қойған. Азамат алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды.
«Қазхром» компаниясының мәліметінше, кенші қорғаныш бекітпесін орнату кезінде кен массасы кенеттен опырылған. Қайғылы жағдай туралы мемлекеттік органдарға хабарланды. Қазіргі уақытта мамандар оқиғаның себеп-салдары мен оның алдын алу мүмкіндіктерін анықтап жатыр.
«Қазхром» ТҰК» АҚ — Eurasian Resources Group (ERG) құрамына кіретін кәсіпорын. Еліміздің түрлі өндірістік салалары мен аймақтарындағы ірі нысандардың басын біріктіріп отырған бұл өнеркәсіптік холдинг ұзақ жылдар бойы экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевқа жақын серіктестердің бақылауында болды. Биыл жазда ERG менеджерлер кеңесінің құрамына кәсіпкер Шахмұрат Мүтәліп кірді. Ол Патох Шодиев пен Александр Машкевичтің мұрагерлеріне тиесілі үлесті сатып алып, холдингтің 39,3% акциясына иелік етті. ERG-дің қалған акциялары мемлекетке (40%) және Ибрагимовтар отбасына (20,7%) тиесілі.
Abai.kz