Жұма, 6 Қараша 2026
Жаңалықтар 251 0 пікір 5 Қараша, 2026 сағат 16:56

Украина, АҚШ және Ресей келіссөзге дайындалып жатыр

Сурет: gazeta.ru сайтынан алынды.

Украина президенті Владимир Зеленский АҚШ келіссөзшілері - Стив Уиткофф және Джаред Кушнермен 1,5 сағат телефон арқылы сөйлесті.

Тараптар Украина, АҚШ және Ресей арасындағы үшжақты келіссөздерге дайындық барысын, қауіпсіздік кепілдіктерін қамтамасыз етуді, сондай-ақ Украинаның әуе қорғанысы жүйесін күшейту мәселелерін пысықтады.

Бұл туралы Украина мемлекет басшысы хабарлады. Оның айтуынша, кездесуге белсенді дайындық жүріп жатыр.

Сонымен бірге Зеленский Брюссельде өткен консультациялардың қорытындыларына тоқталды. Онда Украина, АҚШ, Еуропа мемлекеттері, Еуропалық одақ, НАТО, Дүниежүзілік банк және бизнес қоғамдастығының өкілдері соғыстан кейінгі қалпына келтіру стратегияларын қарастырған.

Ал 5 қарашаға жоспарланған келесі кездесу толықтай қауіпсіздік кепілдіктеріне арналмақ.

Украина президенті келіссөз процесін барынша жеделдетудің маңыздылығын атап өтіп, Киев өз ұсыныстар пакетін америкалық тарапқа жолдағанын мәлімдеді.

Сұхбат барысында әуе қорғанысы тақырыбына ерекше назар аударылды. Зеленский ел аумағын Ресейдің әуе шабуылдарынан сенімді қорғау үшін Patriot кешендеріне арналған ұстап қалушы зымырандардың аса қажет екенін жеткізді.

Одан бөлек, Drone Deals форматы аясында АҚШ-пен пилотсыз ұшу аппараттары бойынша ынтымақтастықты жалғастыру жайы талқыланды.

Алдын ала жоспар бойынша Украина, Ресей және АҚШ делегацияларының келіссөздерінің жаңа кезеңі 10-11 қараша күндері Абу-Дабиде өтеді. АҚШ атынан бұл процеске Уиткофф пен Кушнер қатысады деп күтілуде.

Кездесудің күн тәртібінде соғыстан кейінгі қауіпсіздікті қамтамасыз ету, шиеленісті бәсеңдету, гуманитарлық шараларды іске асыру және соғысты тоқтатуға бағытталған келесі қадамдар қарастырылады.

Abai.kz

0 пікір