Дәурен Абаев тағы да орыс тілінің рөлі туралы айтты...
Дәурен Абаев Қазақстандағы орыс тілінің рөлі мен Ресеймен мәдени байланыстар туралы айтты...
Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Дәурен Абаев еліміздегі орыс тілінің орны мен екі мемлекет арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың келешегіне қатысты өз пікірін білдірді. Бұл туралы дипломат «Ресей халықтары» халықаралық апталығы аясында өткен «Халықаралық мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың форматтары, қатысушылары және болашағы» атты панельдік отырыста баяндады.
Өз сөзінде елші Қазақстанның заманауи даму тенденциялары мен ұлттық құндылықтар арасындағы тепе-теңдікті шебер сақтап отырғанын атап өтті.
«Қазақстанда бәрі өзгерді, сонымен бірге ештеңе өзгерген жоқ. Өзгерткіміз келгеннің бәрін өзгерттік, ал жақсы нәрселердің бәрін сақтап қалдық. Сондықтан Қазақстанға келсеңіздер, еліміз сіздерді жағымды жағынан таңғалдырады. Өйткені біз осы дұрыс тепе-теңдікті сақтауға тырысып келеміз», – деді Дәурен Абаев.
Дипломат еліміздегі мәдени әртүрлілік пен жүргізіліп жатқан тіл саясатына жеке тоқталды. Оның айтуынша, Қазақстанда мәдениеттердің алуан түрлілігі мен орыс тілінің рөлі жоғары бағаланады. Орыс тілі мемлекеттік қазақ тілімен қатар қолданылатыны және бұл мәртебенің ел Конституциясында нақты бекітілгені айтылды.
Сондай-ақ елші тілдік ортаның білім саласындағы серіктестікті нығайтуға ықпал етіп отырғанын жеткізді. Бүгінгі таңда Ресейдің жоғары оқу орындарында 60 мыңға жуық қазақстандық студент білім алуда. Сонымен қатар Қазақстанда ресейлік жетекші ЖОО-лардың филиалдары ашылып, оларда техникалық және гуманитарлық бағыттар бойынша білікті мамандар даярлануда.
Сөз соңында Дәурен Абаев екі ел арасындағы мәдени байланыстарды тек ресми іс-шаралармен шектемей, жаңа деңгейге көтеруді ұсынды. Дипломаттың пікірінше, театр премьералары мен көрмелер алмасудан бөлек, шығармашылық ұжымдарға еркіндік беріп, ортақ жобалар мен жаңа туындыларды бірігіп жүзеге асыру қажет.
Abai.kz