Дүйсенбі, 9 Қараша 2026
Жаңалықтар 118 0 пікір 9 Қараша, 2026 сағат 15:50

Кедейлік азайды ма? Шын қайсы, жалғаны қайсы?

Сурет: ЖИ арқылы жасалған / el.kz.

Дүниежүзілік банктің соңғы мәліметтеріне сүйенсек һәм имандай сенсек, Қазақстандағы кедейлік деңгейі соңғы екі онжылдықта төрт есеге азайып, 18,2%-дан 4,9%-ға дейін төмендеген.

Ресми есептер мен халықаралық институттардың баяндамаларында бәрі керемет көрінеді: еңбекақы өсіп, табыс теңсіздігі азайып, халық жаппай әл-ауқатқа қол жеткізіп жатқандай, тап бір қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған дәурен орнағандай. Бірақ, сұлу суретті, кербез сымбатты ресми статистиканың әдемі цифрларының тылсымды пердесін түрер болсақ, онда қарапайым халықтың шынайы тұрмысы мен статистиканың сайқал цифрлары арасындағы алшақтық жыл сайын артып бара жатқандай әсер қалдырады.

Сан мен шындық қай жерде қарама-қайшылыққа түседі?

Бүгінгі таңда ресми түрде есептелетін күнкөріс минимумы мен инфляцияның шынайы көрсеткіштері бір-бірінен мүлде бөлек әлемде өмір сүріп жатқандай көрінеді. Азық-түлік, коммуналдық қызмет, дәрі-дәрмек бағасы шарықтап тұрғанда, 4,9% көрсеткіші халықтың нақты қалтасындағы жағдайды толық көрсете алмайтыныдғы әмбеге аян дүние. Статистика бойынша ресми түрде кедей санатына кірмегендердің көбісі айлықтан айлыққа дейін шықпа жаным шықпамен күн әзер көріп отыр.

2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақыны 110 мың теңгеге көтеру жоспарланып отыр. Бұл қадам қағаз жүзінде 1,8 млн адамның жағдайын жақсартуы тиіс. Алайда қазіргі бағалар мен инфляция деңгейін ескерсек, бұл сома тек «күн көруге» ғана жетеді, әйтпесе оны сығымдап үндемеу кісінің түсіне ғана кіреді һәм толыққанды өмір сүруге немесе баспана алуға жеткізуі мүмкін емес, тек қиялдағы дүние.

Ұлттық статистика Бюросы мәліметтері көрсеткендей, тек 2026 жылдың бірінші тоқсанының өзінде табысы күнкөріс минимумынан төмен адамдар саны 1 млн-ға жуықтап, 4,9%-ды құраған екен-мыс. Ресми баяндамалардағы «ұзақ мерзімді төмендеу» тренді қарапайым отбасылардың күнделікті дүкенге барғандағы күйзелісін жасыра алмайды.

Болашақ жоспарлар мен әлеуметтік тәуекелдер

Билік пен сарапшылар жұмыс орындарын ашу (мысалы, «Халық құрылысы» бағдарламасы), кәсіптік стандарттарды жаңарту және жаңа мамандықтарды оқыту арқылы жағдайды түзеуге тырысып жатыр. Бірақ экономикадағы құрылымдық проблемалар, бағаның тұрақсыздығы және халықтың нақты табысының инфляциядан көш кейін ақсақ қойдың күйін кешіп қалып қоюы әлеуметтік осалдықты сақтап отыр.

Қағаздағы табысты да, бөрікті аспанға атқызған көрсеткіштер мен халықтың әмиянындағы нақты ақша бір арнаға тоғыспайынша, кедейлік деңгейінің «азайғаны» туралы есептер тек статистикалық сылдыр сулы, бәлду-бәдік көрсеткіш болып қала бермек.

Abai.kz

0 пікір