Надежда Лушникова дүние салды
Өмірінің 86 жасында дүниеден көшкен Надежда апа орыс қызы болса да, қазақ айтысында Есенқұл, Әсия, Әселқандармен тең шапты. Қазақтың қара домбырасын қолынан тастамады. Өмірін қазаққа арнады. Өмірін айтысқа арнады. Әсіресе, Жамбыл мен Үмбетәлідей жыр алыптарының мұрасын дәріптеуге сіңірген еңбегі ұшан-теңіз.
Надежда апаны орыс деп айтудың өзі қиын. Оның қазаққа деген махаббаты, ұлт руханиятына сіңірген еңбегі өлшеусіз…
Ол шынында қазақтың Надеждасы еді. Қазақтың аяулы апасы еді…
Жамбылдан бата алған, Әуезов таңдай қаққан Надежда апа
«Кішкентай кезімде анамның құрбысының үйіне еріп барып, ақ киім киген ақсақалды көрдім. Ол менің басымнан сипап, үлкен қызыл апорт алма берді. Бірнеше жылдан кейін ғана оның Жамбыл Жабаев екенін білдім. Бұл оқиғаны болашақ шығармашылығымның бастауына арналған бата ретінде қабылдадым», – дейді Надежда апа бір сұхбатында.
Әйгілі ақын Асқар Тоқмағамбетов: «Надя, егер сіз өлең жазуды жалғастырсаңыз, тамаша ақын боласыз», - деп бата береді.
1961 жылдың сәуірінде Жазушылар одағындағы пленумда Надежда Лушникова алғашқы өлеңдерін оқыды.
Мұхтар Әуезов оның шығармаларын тыңдап: «Пәлі, қарлығаштай құйттай орыс жүрегіңе қазақ өлеңінен қандай әдемі ұя салғансың», - деп сүйсініпті.
Сонда Надежда «Мен қазақ халқының да қызымын», – деп жауап береді.
Атақты Бауыржан Момышұлы 1964 жылы айтыста жеңіске жеткен Надеждаға «Поэзиялық шеберлігі үшін» деген жазуы бар алтын сағат сыйлаған.
Abai.kz