Сейсенбі, 10 Қараша 2026
Жаңалықтар 87 0 пікір 10 Қараша, 2026 сағат 17:31

Украина Ресейдің Новгород облысына шабуылдады

Сурет: kazanalytics.kz сайтынан алынды.

Ресейдің Новгород облысының губернаторы Александр Дронов 10 қарашаға қараған түні аймаққа ұшқышсыз ұшатын аппараттармен жаппай шабуыл жасалғанын мәлімдеді.

Губернатордың хабарлауынша, шабуыл салдарынан бір өнеркәсіп нысаны зақымданып, әуеде атып түсірілген дрон сынықтары екі саяжай үйін бүлдірген. Алдын ала мәлімет бойынша, оқиғадан зардап шеккендер жоқ.

Аймақ басшысы шабуылға ұшыраған нақты кәсіпорынның атын атаған жоқ. Дегенмен, украиналық мониторинг арналары соққының Старая Русса қаласында орналасқан №123 авиациялық жөндеу зауытына бағытталуы мүмкін екенін жазуда. Аталған кәсіпорында Ил-76, Ил-78 және Л-410 ұшақтарына, сондай-ақ олардың қозғалтқыштарына техникалық қызмет көрсетіліп, жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бұл ақпаратқа қатысты әзірге ресми растау берілген жоқ.

Сонымен бірге Ресейдің Қорғаныс министрлігі өткен түні елдің бірнеше аймағында ауқымды әуе шабуылына тойтарыс берілгенін хабарлады. Ресми мәліметке сәйкес, Новгород, Брянск, Белгород, Курск, Калуга, Орел, Смоленск облыстарының, Краснодар өлкесінің және аннексияланған Қырым түбегінің әуе кеңістігінде украиналық 155 дрон атып түсірілген. Мұны растайтын тәуелсіз дереккөздер әлі жеткіліксіз.

Abai.kz

0 пікір